Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  120


Автор: Марфуға Айтқожина

ШАШЫМА ҚЫРАУ БОЛЫП ҚОНЫП ЖАТЫР

Тарылтып тынысымды тымырсық түн,
Ширатты шынжырындай
Шығыршықтың.
Көрсетпей жұрт көзіне
Көміп жүрген,
Жүректін, тамшыларын,
тағы ыршыттың.
Тарылтып тынысымды тымырсық түн,
Созылды ой –
Шүйкесінде сұр ұршықтың.
Қайраймын өзімді-өзім жасыма деп,
Бүркейді жанарымды қиыршық мұң...
Кірпікті ояндым сан шыққа малып,
Ащы шер шыңыраудан шыққаны анық.
Абайла,
Мен сімірген қасіреттен,
Уланып қала көрме,
Ұрттап алып.
Ұшсам да қанатымды саған жайып,
Жетпедім,
Тағдырыма тағам ба айып,
Қалқалап Қаптың тауы қала берді,
Сағыныш дертін тарту –
Маған лайық!
Қанатым қайырылудан болса бүтін,
Күндерім тағы сыйлар мол шабытын.
Шашыма қырау болып қонып жатыр,
Қанша арман,
Ақталмаған
Қанша үмітім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу