Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  89


Автор: Марфуға Айтқожина

Тұншықтырып кеудеме құса-мұңды...

Тұншықтырып кеудеме құса-мұңды,
Жаямын мейірлене құшағымды.
Биіктерде бөгетсіз самғасын деп,
Өлеңменен кесемін тұсауыңды.
Жаз болады жүрегім –
Күлімдесең.
Қуанышым,
Қызығым,
Гүлім де сен.
Үлесіме тиген-ді азапты жол,
Өмір жолын аттай ғой,
Сүрінбе сен.
Өткен күннің білмейсің бірін де сен,
Жығылар деп қорыққаным –
Дірілдесем.
Тəй-тəй, балам,
Тəй, балам,
Жүре қойшы,
Мен-ақ көпір болайын,
Сүрінбе сен!
Талай жырды жүректе əлдилегем,
Жырдың алау отымен жанды үрлеген.
Дарындылық,
Ақындық табиғаттан,
Ақылды бол,
Сергек бол,
Алғыр менен.
Жалғастырар жан болса,
Қалғыр ма өлең...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу