Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  121


Автор: Марфуға Айтқожина

Тағы да көп өкініш оралды ойға...

Тағы да көп өкініш оралды ойға,
Кешегі көзің көрген Арал қайда?!.
Қаңырап жатқан орнын көру қиын,
Оны ойласа жас тұнған жанарларға.
Күй толғаған ақын ең,
Халқың жайлы,
Əлі де үміт – ұшқын жалтылдайды.
Шөліркеген шөл дала бұл күндері
Өздігінен кең шалқар тартылмайды.
Бір кездегі білесіз,
Арал қандай,
Тентек мінез басқада болар ма ондай.
Днепрді еске алған кездеріңде,
Қараған да боларсың жанар қанбай.
Егілесің Аралды көрсең бүгін,
Кешегі қараң қалған көркемдігі.
Қаңсып жатқан кемелер дауыс айтып,
Құм дауылдар боратқан,
Өртең күні,
Құм дауылдар боратқан,
Өртең күні,
Ойламапты-ау ешкім де ертеңгіні.
Шалқар айдын шалқып бір жатқан кезде,
Қанбаушы еді көз нұрың терсең гүлге.
Қасірет төнді Аралдың басына кеп,
Зарын да тыңдау қиын қасына кеп.
Кешегі толқындаған теңіз тұрғай,
Жылайын десе көзде жасы да жоқ...
Шалқар да жоқ,
Жоқ бүгін аққуы да,
Жоқтай-жоқтай боз дала батты мұңға.
Теңіз барда, шіркін-ай!
Құс қиқулап,
Төңірегі жайқалып жатты нуға.
Тартылмасқа шара жоқ Аралға да,
Сияқты еді-ау, тербелген –
Арал – бала!
Су көздерін суалтып, бұрып алған,
Тағдырына кінəлі адам ғана.
Жан-жануар теңізге құштар болып,
Жатушы еді қиқулап,
Құстар қонып.
Жанарынан айырылып дала қалды,
Көзден ғайып қырғауыл құшқан қорық…
Жетті адамдар түбіне дұшпан болып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу