Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  72


Автор: Марфуға Айтқожина

ТАРАС ТАУЫ

Келдік, міне, тағзым ғып, Тарас ақын,
Кім бар сенің даңқыңа таласатын.
Тарастың тауы тұрғай,
Алатаудың –
Биігіне қойса да жарасасың!
Бұдан артық болар ма асқан тілек,
Көрсең ғой,
Ойларыңды жатқан түлеп.
Келеді жер жүзінің адамдары,
Тұрасың иығыңмен аспан тіреп.
Азап шектің халқыңның бағы үшін,
Жеңдің солай тағдырдың тағы күшін.
Өмірің өтсе дағы Атырауда,
Днепрге арналды сағынышың.
Көзіңнен ұшырып сан бұлбұлыңды,
Аңсадың ба бүгінгі нұрлы күнді.
Тағдырға тізе бүкпес ерлігіңді
Аңыз етіп ұрпағың жүр бүгінгі.
Армандаумен еліңнің азат күнін,
Өткердің бастан қанша азап мұңын.
Атыраудың тым асау толқынындай,
Жанға жақын санадың қазақ қызын.
Атыраудың ой аулап өрісінен,
Талай жақын таптың ғой ел ішінен.
Кең қолтық қазағыммен тіл табысып,
Келінін бейнеледің,
Келісімен...
Болсам да алғаш рет еліңде мен,
Бөленгендей бұл жаным сезімге ерен.
Салмақтап тұрсың күшін ұлылықтың,
Ойлы, кекті,
Əрі өткір көзіңменен.
Тағдыры қандай қатал суреткердің,
Аралдың толқынынан жыр бөктердің.
Қондырып қыл қаламға ала кеттің,
Ақ жалды Атыраудың нұр көктемін.
Жаудан елін өткендей қорғап батыр,
Жыр дауылын бораттың,
Толғап батыл.
Днепр мен Аралдың араларын,
Қарашы,
Тарас атың жалғап жатыр!
Атырауда жүріп сан армандадың,
Бұйраланған Украина ормандарын.
«Жамандық бер» деп сұрап тəңіріңнен,
Өрліктің жырдан соқтың қорғандарын!
Қош бол,
Қайта келгенше,
Тарас ақын!
Асырып тұр даңқыңды парасатың.
Днепрдің тынысын тынбай тыңдап,
Өтті өзіңде толғанған тамаша түн!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу