Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  112


Автор: Марфуға Айтқожина

ДНЕПРДІҢ ТОЛҚЫНЫНДА КҮН ОТЫР

Киев деген сұлу қала, міне, тұр,
Шалқып жатыр іргесінде Днепр.
Көкжиекке батарында қия алмай,
Днепрдің толқынында күн отыр.
Днепрдің толқынында күн отыр,
Толасы жоқ толғанысын кім оқыр.
Қасіретінен арыла алмай соғыстың,
Көкірек жара күрсінеді Днепр!
Жандар қанша жүрген мұнда тынығып,
Ағады өзен ширатылып, шынығып.
Сұлулықтың,
Сұмдықтың да сырларын,
Батыр – Киев!
Жағалауда тұр ұғып.
Мен де ойланып, қарап қалдым бұрылып,
Дейді маған жүрегімді жүр ұғып.
Көз алдымда шулап бара жатқандай,
Днепрдің əр толқыны тіріліп.
Жан емес ем, сезімі орта,
Сыры олақ,
Əр толқыны бара жатыр жыр орап.
Қыршын кеткен қазақ үшін осында,
Днепрді құшқым келді тұра қап.
Асықпа сен құшуға оны, тұра тұр,
Тереңдей түс,
Тылсымына құлаш ұр.
Су емес ол, судай аққан өмір ғой,
Кешегі бір қарғыс жылдар сұрапыл.
Тағдырына айтпай кеткен бір шағым,
Тыңдап тұрмын ағалардың жыр-сазын.
Өзімді-өзім ұстап тұрмын,
Жыламай,
Ал, жүрегім төгіп жатыр бұршағын.
Киев деген сұлу қала, міне, тұр,
Шалқып жатыр іргесінде Днепр.
Көкжиекке батарында қия алмай,
Днепрдің толқынында күн отыр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу