Өлеңдер ✍️

  26.06.2022
  78


Автор: Сергей Есенин

Болғам жоқ əсте Босфорда...

Болғам жоқ əсте Босфорда,
Сұрама менен ол жағын.
Көзіңнен теңіз асқан ба,
Көзіңде сенің көк жалын.
Керуен тартып Бағдаттан
Керемет жібек алғам жоқ.
Тізеңді сенің құшақтап,
Демалып жатсам арман жоқ.
Сонау бір шалғай Ресейде
Мен керемет ірі ақын –


Осыны ұқшы десем де,
Жайың жоқ сенің ұғатын.
Естимін елден əр дыбыс –
Ай астында үрген ит.
Айтшы, өлкемді, фарсы қыз,
Қайтпаймысың бір көріп!
Ерігіп мұнда келгем жоқ,
Еріксіз өзің арбаған.
Аққу білек еркем боп,
Қанат бердің самғаған.
Тыныштық табу – бар қалпым,
Берілмей ескі уайымға,
Айтшы маған, ақ жарқын
Асыл өлкең жайында!
Əлдилеші жанымды,
Жолықтыр қызық сəтке сен,
Солтүстік сонау аруды
«Сағынбай, аз күн жат» десең.
Болмасам да Босфорда,
Болғандай-ақ болжармын.
Көзіңнен теңіз асқан ба,
Көзіңде сенің көк жалын.
1924 – 1925




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу