Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  121


Автор: Сағи Жиенбаев

ҚАРАҚҰМ ОТТАРЫ

Қарақұмым-
бар қазынам құм ғана,
Күн шығады,
күн батады мұнда да.
Бірақ...
Менің өзім түгіл балақай,
Көгімнен де көре алмайсың бір қара.
Қызыл отпен қарып берем жүзіңді,
Маған әкел ерімейтін мұзыңды.
Желден өзге таба алмасың серікті,
Желден өзге естімейсің ызыңды.
Адам мені,
мен адамды ұмытқам,
Салқын сая көрмедім бір шыбықтан...
Қысы-жазы тұлабойым өртеніп,
Ақпанда да
аспанды мен жылытқам.
Жалыныммен
бұлттарды да билетем,
Қона қалса,
қабырғасын күйретем.
Өзге жерді сары аязбен сыздатып
Мұншама отты маған қалай қиды екен.
Маған қалай орнады екен бұл бақыт,
Шыдай алмай кетер ме екем шым батып...
Тағдыр маған ерік берсе,
сол отпен
Теңіздерін жіберер ем құрғатып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу