Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  153


Автор: Сағи Жиенбаев

КӨГІЛДІР ОРАМАЛ

Аспаған асу, белең көп
Алаңдап көңіл жатар ма?!
Көктемгі құстай елеңдеп,
Көбірек шығам сапарға.
Сиқырлы сұлу ән болып,
Сапарға талай шығарған.
Ұйқымды менің сан бөліп
Ұстатпай жүрген бір арман...
Қайырылмай ол да кетті үнсіз,
Қайда жүр қазір мекендеп?
Жол кезем ылғи дегбірсіз,
Жолығып қалар ма екен деп.
Жоғалтқан өзім...
Жоқ амал,
Жастығым болды-ау – бар кінәм...
Көгілдір жібек орамал
Кетпейді көзім алдынан.
Қалдырдым талай адырды,
Елеңдеп ылғи бір үнге.
Көгілдір орамалымды,
Келемін іздеп бүгін де.
Тұрғандай өзі мөлдіреп,
Көз алмай қалам шалғыннан.
Орамал болып желбіреп,
Ормандар шығады алдымнан.
Көңілге медеу,
Сол болып,
Көріне берсін көзіме.
Кім білер, бәлкім, жол болып,
Кездесіп қалар өзі де.
...Балауса балғын көктемін
Өткізген оның жер осы.
Анау бір арғы беттегі
Ақ үйлер–туған селосы.
Тыншымай көңіл сан келдім,
Тұрмайды қазір мұнда да,
Айтатын оның әндерін
Айтып жүр басқа бір бала.
Таныспын оның жерімен
Түскелі қашан мен ізге.
Аңқылдап алдан көрінер–
Енді алыс емес теңіз де.
Армандай қуып, асығып,
Аңсаған жерім талай күн.
Аяулым болған асылым,
Алдымда, міне, ақ айдын.
Толқындар үнсіз толғана,
Барады бір-бір күнді алып.
Ойланып теңіз,
Онда да
Осылай жатқан ырғалып.
Сүйкімді сол бір таңдарда,
Сиқырлы күйге толды әлем.
Көз жазып қалған арманға,
Кездестім алғаш сонда мен.
Қасымда тұрды ол ән салып,
Қалықтап оның жүрді әні.
Толқындар іштей тамсанып,
Тебіреніп теңіз тыңдады.
Бөлендім мен де таң нұрға,
Биледі бір күш денемді,
Осынау қыздың алдында
Оқыдым алғаш өлеңді.
Оқып та көрген жоқ едім,
Терлеп те кеттім–састым ба?
Қанаты құйттай өлеңім,
Қалды ма толқын астында?!
Теңселіп біраз тыңдаған,
Теңіз де бір тіл қатпады!
«Баласың...» дей ме бұл маған
Белгісіз не ойлап жатқаны?!
Таяныш іздеп көңілге,
Қарадым жұртқа мен шолып.
Қызарып сәл-сәл өңі де,
Қыз тұрды жаймен қол соғып.
Көкке де жетіп қалдым мен,
Көңілге медеу бұл аса.
Балапан жырым алдымен,
Болды ғой соған ұнаса.
Балқытты мені құбылтып,
Бір сезім бұрын болмаған.
Жанымды күндей жылытып,
Жақын боп барады ол маған.
Сезе ме балғын жүрегі,
Кетпейді қашық менен көп.
Қасымнан кетсе бір елі
Қалатын болдым елеңдеп.
Құмарта қарап, қыр гүлін
Қуалап жүрген сотқарың.
Көрді ғой тұңғыш құрбының
Көзінде жанған от барын.
Кеудеме шәрбат құйылды,
Толқитын болдым назды үнге.
Еркелік кенет тыйылды,
Есейіп кеттім аз күнде.
Білмеймін жанды мен өңге,
Өңгені көзім көрмейді
Тастасын сүйреп тереңге
Теңізден кеткім келмейді...
Кетті де шынжыр саудырап,
Кемеміз кенет бөлінді...
Аяулым менің жаудырап,
Алыстан бір-ақ көрінді.
Қол бұлғап тұрмыз талпынып,
Қия алмай қанат қағамыз.
Ақ көбік артта алқынып,
Алыстай береді арамыз.
Дәрмен жоқ кейін оралар,
Дәрменсіз аппақ құсым да...
Көгілдір жібек орамал
Көрінді көздің ұшында.
Бораса мейлі, сөз қардай,
Қысылмай жұрттан, күндіз-ақ.
Орнынан бір сәт қозғалмай,
Орамал бұлғап тұрды ұзақ.
Құйып бір қойған мүсіндей,
Әнеки, тұр ол әлі ұстап...
Көк дүлей теңіз ішінде,
Көрінбей кетті алыстап.
Аспанда бұлттар ырғалып,
Айдынға жайып шудасын,
Ақ көбік ата ыңыранып,
Ал, келіп теңіз туласын!
Айнала қоршап ораған,
Көгілдір толқын ақ маңдай.
Құйғытып сансыз орамал,
Қуалап келе жатқандай...
Қалып-ақ қойсам егер де,
Қасында мәңгі болар ма ем,
Кеттім де сол бір кемеде,
Көз жазып қалдым одан мен.
Кездім де талай адырды,
Кездестім оның әніне.
Көгілдір орамалымды
Келемін іздеп әлі де...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу