Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  124


Автор: Сағи Жиенбаев

САПАРҒА ШЫҚҚАНДА

Көресің талай жанды да,
Кезесің талай жерлерді.
Келесің біреу алдына,
Көтеріп ұстап кеудеңді.
Жақсы ғой біздің жігіттер,
Жаяды барын алдыңа.
Таныспай жатып, күліп кеп,
Тартады сені бауырына.
Қанына сіңген туғалы,
Қадірлеу –жігіт басыңды...
Сыр тартып кейбір қулары,
Сұрайды кейде жасыңды.
Жатқан жоқ сені бөлектеп,
Жатсынбай дәмін аласың.
Осы бір кезде сен ептеп,
Ыңғайсыз күйде қаласың.
Құрмет пен сыйға бөленген,
Қонақсың мынау арада,
Шын жасыңды айтсаң, дегенмен,
«Шикілеу ғой...» деп қала ма?
Айтпайсың сосын расыңды,
Білесің жұрттың шамасын.
Күмілжіп біраз, жасыңды
Көтеріп айта саласың...
Шыдайсың ыстық, ызғарға,
Поезға да ырғып мінесің.
Күлім көз небір қыздарға,
Кездесіп қалып жүресің.
Көңілмен құшып, іш тартып,
Көзіңді қадап өтесің.
Әзілмен жолды қысқартып,
Әнге де қойып кетесің.
Өртейді келіп жаныңды,
Өңкей бір балғын бұлбұлдар.
Жассың ғой сен де жалынды,
Сенен де жастау, құрғырлар.
Көп әлі жүрер жол алда,
Көңіл де күндей ашылды.
Сыңқылдап күліп олар да
Сұрайды сенің жасыңды.
Айтпайсың тағы расыңды,
Білесің қыздар шамасын.
Күмілжіп біраз,
Жасыңды
Кемітіп айта саласың.
Жас қыздар сеніп қалғанмен,
Желге ұшып кетті бір сөзің.
Айтарын айта салғанмен,
Ауырлау болды бұл сезім.
Құлшынып келген көңілге,
Қиындау тиді бұл сұрау.
Қызарып кетті өңің де,
Қыпылдап қана тұрсың-ау...
Тағы да талай өтер ай,
Тынымсыз судай зымырап.
Үлкею қандай оп-оңай,
Жасару қандай қиын-ақ!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу