Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  177


Автор: Сағи Жиенбаев

ЖҰМБАҚТАС

Шыр айналып жүрдім сені талай күн,
Жан-жағыңнан жатып тұрып қараймын.
Әр нәрсеге ұқсатамын өзімше,
Әр күн сайын әр нәрсеге балаймын.
Қандай қызық табар екем тағы да,
Тағы міне келіп тұрмын жаныңа.
Кейбіреулер қолтығыңа тығылып,
Атын ойып жазып жатыр жарыңа.
Қазір ғана...
күнге қарай атылған
Айырылып қап тұрғандайсың
атыңнан...
Жақындасам, айналасың жартасқа,
Алыстасам айнымайсың батырдан.
Енді бірде ұқсайсың сен қыранға,
Ұшқың келіп ұмтыласың қиянға.
Сәл қозғалсам,
қанатыңды жиясың
Қалғың келіп қасиетті ұяңда.
Қазда қайтып, қоңыр салқын күз өтіп,
Күндіз-түні табаныңнан сыз өтіп,
Қалғып кетсең біреу алып қашардай,
Тұрғандайсың Оқжетпесті күзетіп...
Сұрамаймын сенен қазір кімсің деп,
Көл ішінде неге жалғыз тұрсың деп.
Әркім өзі жорысын деп,
табиғат
Жұмбақ қылып жасаған ғой бір сурет.
Құпия бар әр жапырақ, әр гүлде,
Төбе құсап көрінеді тау бірде.
Жұмбақтасым мәңгі жасар сен түгіл,
Мен де әртүрлі көрінемін әркімге.
Жұмбақ емес... таба алмайсың әлемнен,
Жаныңдағы сұра барлық әйелден.
Құпиясын бәрі де ішке бүгеді,
Дүниенің бәрі жұмбақ әуелден.
Көріп жүрген қызығымның көбісін,
Қасымдағы қыз да жұмбақ мен үшін.
Бір жұпарды бөліп жұтқан кезде де,
Сездірмейді жүрегінің соғысын.
Ол да менен жасырады сырларын,
Жан түбінде қалтыраған мұң барын...
Жартассың ғой...
жарасады бойыңа
Дәл осындай жұмбақ болып тұрғаның...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу