Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  97


Автор: Сағи Жиенбаев

ОҢАШАДАҒЫ ОЙ

Қызық емес, қыз емес қуғаным да,
Құлқын іздеп жүргем жоқ қу қарынға.
Мені күтер гүл де көп үлбіреген,
Мені күтер үй де көп қырларымда.
Келем ылғи сонда да теңізге мен,
Тауға шығам, тал гүлін жел үзбеген.
Кеудемде бір бала құс тыншытпайды,
Жадау тартып, жанына ем іздеген.
Тек сол үшін жай таппай, алып-ұштым,
Шыңды кездім шығар деп жалыны іштің,
Қара тасты балқытып шыққан суды,
Арыстанның аузынан алып іштім.
Талай жердің құс білмес құзын білдім,
Сар самалын сімірдім мұз-үңгірдің.
Өзі қызу денемді отпен орап,
От боп жаттым ішінде қызыл құмның.
Сенем де оған сәбидей, үміттенем,
Сол үмітпен әлі де қуып келем.
Кеудедегі кінәрат кеткенімен,
Кетер емес беймаза күдік деген.
Бұлтпен бірге тауға өрлеп, биіктеймін,
Ауыл жаққа қараймын тұрып кей күн.
Жалғыз жүріп көрмеген қайран басым,
Жаутаңдаған жаралы киіктеймін.
Сағыныштан
самарқау өтердей күн,
Осы көрген қызық та жетер деймін.
Балшық емес,
достарым құшағына
Бір аунасам, айығып кетердеймін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу