Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  220


Автор: Сағи Жиенбаев

АҚ БИДАЙ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Жалпақ жатқан әлемге
Жетті Күннің дәулеті.
Күн болғасын әуелден
Көп болды оның әулеті.
Барлық ой мен қырқаны,
Толтырды ылғи ақ нұрға,
Өйткені оның ұрпағы,
Өсті Жердің баурында.
Өсті Жерде мың түрлі,
Өсімдік пен теректер...
Көкке қарай ұмтылды
Күннен туған бөбектер.
Көрінсе олар көзіне
Төкті аямай бал нұрын.
Жаны қалмай,
Өзі де
Жақсы көрді барлығын.
Сүйді бірақ ерекше
Жас Гүлі мен Бидайын,
Олар үшін, керексе,
Жан беруге Күн дайын.
Олар десе,
өзінің
Күн екенін ұмытып,
Тұратындай көзінің
Қалмаса да нұры түк.
Мұны сезген Көршілер
Күңкіл-күңкіл сөйлесіп,
«Бұл мінезі ерсі», – деп,
«Күннің өзін қой!..» – десіп.
Айтты ақыры:
– Күн мырза,
Ұл-қыздарың мүлде көп,
Гүл сұлуға біз де ырза,
Оның орны бір бөлек,
Біле алмадық бір жайды,
Сан ойларды салмақтап.
Сен неге осы Бидайды
Сүйдің сонша ардақтап?
Сонау сұрғылт қырыңның
Болмайды ғой бұл сәні
Көз тартатын
Мұныңның
Көркі болса бір сәрі?!
Белгілі күллі елге,
Күн мінезі байыпты,
Сөз айтуды бұл жерде
Көрмеді өзі лайықты.
Бір төңкеріп жанарын,
Жалын кіріп өңіне,
Кімнің жақсы-жаманын,
Адам айтсын деді ме.
Көзбен шолып мекенін,
Өзі көкте қалды да,
Гүл мен Бидай екеуін
Жіберді Адам алдына.
Көңілдерін көтеріп,
Сылдыр-сылдыр су ақты,
Келе жатты екеуі
Егіз қозы сияқты.
Талай-талай бел өтті,
Жүре берді тағы алға.
Кездесті олар кенеттен,
Жолда жатқан Адамға.
Ақ сор болған қуарып,
Аққан тері самайдан,
Жатыр дене бұралып,
Нәр татпаған талайдан.
Бар жұпарын шашты да,
Көтерді оны гүл сүйеп.
Көзін жаймен ашты да,
Құлап түсті қу сүйек.
Бидай келіп қасына,
Берді өзінің ақ дәнін.
Көзін ашып асыға,
Қарады ұзақ жан-жағын.
Сол-ақ екен, балбырап,
Кеңігендей аспаны,
Бірте-бірте әл құрап,
Тілге келе бастады...
Бидайды ұстап қолына,
Гүлді омырауға қондырып.
Айы туып оңынан,
Адам кетті жол жүріп.
Жер қалмады жүрмеген,
Бел қалмады баспаған.
Бірге оянып Күнменен,
Бидай дәнін шашты Адам.
Көз ілмеді дұрыстап,
Кетті бастан мұң-қайғы.
Жүрген жеріне уыстап,
Шаша берді Бидайды.
Өз ісіне сүйініп,
Жүзіне де өң кірді...
Қасына әкеп үйінің
Қызыл Гүлді қондырды...
Жайқалып жас желегі,
Өтті жылжып көктем де.
Күннің екі бөбегі
Сүйікті боп кетті елге.
Көңілі шалқып, тағы да
Жер бетіне бір қарап,
Көрсетті Күн,
Жанына
Көршілерін жинап ап.
Сенбеді олар көзіне,
Көрген жоқ-ты мұндай дән,
Алып Жердің өзі де
Көрінбеді Бидайдан.
Қызыл Гүлді құшақтап,
Келеді ылғи бүлдіршін...
Көршілердің, бұл шақта
Не дегенін кім білсін?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу