Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  124


Автор: Сағи Жиенбаев

Көп болды ғой мінбегелі құр атқа...

Көп болды ғой мінбегелі құр атқа,
Шарт түйіліп шықпағалы қыратқа.
Асауларды ақ сорпа қып келетін –
Қайран кездер қалып қойды-ау, жырақта.
Сол бір кезді еске алушы ем сағына,
Міне, бүгін кездестім мен тағы да.
Көңілім толқып, көрейінші дедім де,
Создым қолды көкбестінің жалына.
«Сен сағынсаң, мен де сені сағындым,
Мен де көптен шабысымнан жаңылдым.
Кең далаңда көсіліп бір көрейін,
Шықпай жүрген терін алшы жанымның.
Арқыратып ат мінбеген – кісі ме,
Кісі еместің біздерменен ісі не?!
Құмарыңды тарқатшы бір, бауырым,
Әкетейін көк сағымның ішіне!...»
Дегендей ол, ауыздығын тістеніп,
Тұла бойын кетті оның да күш керіп.
Неде болса басып қалдым қамшыны,
Жалғыз тамшы жанарымнан түсті еріп.
Кете бардым азыната жарып жел,
Көз алдымда бұлдырайды сары бел,
Жаны қалмай, қолын созып тұс-тұстан,
«Байқашы!..» – деп дауыстайды қалың ел.
Қыз-келіншек – жаралғандай ақ гүлден,
Сол бір сөзді қайталайды тәтті үнмен.
Бір көгілдір дүниені бетке алып,
Ақ жұлдыздай ағып бара жаттым мен.
Шыр айналып, мені сүйіп, құшардай,
Бір қарлығаш келеді алға түсе алмай.
Айдалада құласам мен, жалма-жан
Қанатына мінгізіп ап ұшардай.
Кірпігімде мөлдіреп бір тұрды шық,
Кең жазықта ағып барам нұр құшып.
Мен жығылып қала ма деп абайсыз,
Туған далам келе жатты бірге ұшып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу