Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  318


Автор: Сағи Жиенбаев

БЕТАШАР

Келін келді–көріңдер,
Көрімдігін беріңдер.
Келін көрем дегендер
Кәне, маған еріңдер.
Шампанды да құйыңдар,
Шашуды да төгіңдер,
Босағаға иірілмей,
Берменірек келіңдер.
Қалықтасын жыр ғана,
Қызықтасын гүл-дала.
Жеті қырдан әрі асып,
Жетсін алыс шыңға да.
Алдарыңа келіп тұр
Ақмаралдай бір бала.
Келінжаннан асатын
Көкте жүрген күн ғана.
Сыр алдырма көмейім,
Сұңқылдап бір көрейін.
Көктемдегі өзендей
Күңіренте жыр төгейін.
Домбыраны қағайын,
Дауысым әлсіз демейін,
Бүгін түскен келіннің
Бетін ашып берейін.
Балбыраған бал келін,
Маған құлақ сал келін.
Жұртың сені күтіп тұр,
Жатырқама, жан келін.
Қуанышпен өзіңді,
Құшақ жайып алды елің.
Жаңа түскен жеріңе,
Жарқ етіп бір, ал көрін!
Бәрі де тұр мөлдіреп,
Бәрінің де жоқ есі.
Келініміз келді деп,
Көкке жетті төбесі.
Қариясы, жасы кеп,
Қаумалаған бар елге,
Туыстықтың басы деп,
Түрегеліп бір сәлем де!
Кәрі жүзі нұрлана,
Көгершінім келді деп,
Бауырымдағы бір бала,
Бүгін екеуі болды деп.
Жүрегі тек жарылмай
Жүрген шығар әрең де,
Жақсы көрер жанындай
Жан атаңа сәлем де!
Асқар ала таудайын,
Ақ құшағын жая алар,
«Жас ботам» деп әрдайым
Жүрегінде аялар.
Айтқан сөзі бағалы,
Аяулы бір ана елге,
Жасаураған жанары
Жан енеңе сәлем де!
Әнін айтар аямай,
Әзіл айтар сырласың,
Мына отырған жағалай
Қатар құрбы-құрдасың.
Көкке бірге самғасын,
Қосыла бір сал әнге,
Олар да енді қалмасын,
Оларға бір сәлем де!
Самал желдей желігіп,
Салған әнім қыр ассын.
Толықсыған келінім,
Тойың тойға ұлассын.
Тауып айтқан барлығын,
Таныстырған әлемге,
Махаббаттың жыршысы–
Маған да бір сәлем де!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу