Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  582


Автор: Сағи Жиенбаев

ТОЙ БАСТАР

Ал, кәнеки, ағайын,
Асқақ әнге салайын.
Басы болсын бұл тойдың,
Шырқап-шырқап алайын.
Кеңейтейін әніммен,
Көңіліңнің сарайын.
Жырым менің жылытсын
Жүректердің талайын.
Ақ сәуледей аралап,
Аспан астын жайласын.
Біздің әнге қосылып,
Бұлбұл құстар сайрасын.
Қансын әбден құмары,
Қарт көңілі жайнасын.
Қыздырыңдар думанды
Қыз-жігіттер, қайдасың?!
Той кезінде жас құрбым,
Жалтақтама, тайынба.
Тартқан күйің тамылжып,
Тіл бітірсін қайыңға.
Жасырынып қалмасын
Жаныңдағы айың да.
Ән кезегі келеді
Әндеріңді дайында.
Кел,кәнеки, көңілді,
Көтеріп бір алайық.
Құйқылжыған бір әнді
Қосыла кеп салайық.
Қызық болсын бұл думан,
Қыздырып бір қарайық.
Ал, құйыңдар шарапты
Той басталды, халайық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу