Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  144


Автор: Сағи Жиенбаев

СЫРДАРИЯ

...Мен ол кезде ашылмаған гүл едім,
Саған тартып шалқу еді тілегім.
Тұңғыш рет дірілдеп ем жағаңда,
Толқыныңмен бірге тулап жүрегім.
Естідің бе менің балғын үнімді,
Сездің бе, сен кеудемдегі дірілді?
Аяулым деп, ардағым деп өзімнің,
Алғаш рет саған айттым жырымды.
Тыңдадың ба, менің салған әнімді,
Әнімді емес, аласұрған жанымды?
Сырласым деп, қимасым деп, ең алғаш
Саған әкеп таныстырдым жарымды.
Жаным менің жадырады көктемдей,
Жұпар желді алғаш рет өпкендей...
Содан бері жағаңдағы әр тал мен
Әр жапырақ туыс болып кеткендей.
Содан бері таусылмайтын жырым ең,
Саған келсем, ұйқы да жоқ түнімен.
Достарымның құшағынан сытылып,
Келе сала саған қарай жүгірем.
Көтересің көңілімді көкке сен,
Сенің арқаң мен осылай көктесем.
Көкірегім қалатындай құлазып,
Жылда саған бір сүйгізіп кетпесем.
Сырдариям, мені өзіңмен егіз де,
Мен де сендей түскенім жоқ көп ізге.
Сенің мөлдір толқыныңның бірі боп,
Өз жолыммен қойып кеттім теңізге.
Жібердің ғой мені өзіңе көз ғылып,
Мен жайында естімессің ез қылық...
Бір-ақ толқын келе жатса, танырсың,
Көк теңіздің делебесін қоздырып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу