Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  114


Автор: Сағи Жиенбаев

АҒАЛАР

Сырбай Мәуленовке
Көруші ем мен оларды құдіреттей, –
Тұратын көкейімнен үні кетпей.
Сонда олар...
Жүр екен-ау мына жерде,
Қырыққа бірі жетіп,
Бірі жетпей.
Олар жоқ –
Құдіретпіз деген бірақ,
Көмейден жатса да аңқып өлең-бұлақ.
Жүретін тобын жазбай сәйгүліктер
Таулардың басына өрлеп,
Төмен құлап...
Оралған туған елге сағынышпен,
Кетпеген кешегі өрттің жалыны іштен.
Жаралап бірі – қолын,
Бірі – аяғын,
Қара жер біреуінің қанын ішкен.
Көкке аунап,
Қанша көлге түскенімен,
Шығатын оқ-дәрі иісі үстерінен.
Әлі де –
Жүрген кезі ұмытылмай,
Шошынып түнде көрген түстерінен.
Өрендер –
Кең даланың төсінде өскен,
От кешкен –
Мұртын әлі өсірместен...
Сағынған думан-дуға кеткен кіріп,
Келе сап,
Шинельдерін шешінбестен.
Жоқ онда –
Арғын-найман,
Адай-тама,
Бәрібір –
Сыр,
Жайық па,
Сарыарқа ма...
Төр ортақ,
Табыс ортақ,
Намыс ортақ,
Түп-түгел салынатын бәрі ортаға.
Көргендер бірде барды,
Бірде жоқты,
Көңілді көтеретін жырмен отты.
Секілді барлық дәулет бір-ақ күндік,
Қумайтын қазіргідей дүние-боқты.
Бірі – өткір,
Бірі – қайсар,
Бірі – ұрыншақ,
Бірінің жаны нәзік,
Иі жұмсақ.
Жалтақтап отыратын енді бірі,
Жанарын жан-жағына жиі жұмсап.
Біреуі –
Небір шешен таңқалғандай,
Сол кезде-ақ...
Сан ғасырдан қалған жандай,
Арғыдан ағытатын сөз жүйесін
Қақ төрде қарсы қарап пайғамбардай.
Таза еді –
Тау шыңындай бұлт бармайтын,
Ешкімнің қызығына сұқтанбайтын.
Қаншама қабақ шытып ұрысса да,
Зәредей жүрегінде дық қалмайтын...
Бұл күнде –
Құпиям жоқ, бәрі мәлім,
Білем мен маған да елдің табынарын...
Қаптаған топ ішінде
жалғызсырап,
Солардың «Әй...» дегенін сағынамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу