Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  111


Автор: Сағи Жиенбаев

Саған ұқсас бір жел бар көңілімде...

Саған ұқсас бір жел бар көңілімде,
Саған ұқсас бір жер бар өмірімде.
Әлсін-әлсін бір толқын лықсып келіп,
Дауылдатып кетеді мені күнде.
Жүр әйтеуір бір тасып,
бір басылып,
Аласұрып кеудеме күнде асылып,
Саған ұқсап жатар ма ай астында,
Жоқ болар ма бейуақыт құмға сіңіп.
Сенсің қазір бір менің мұңдасым да,
Саған келдім сыйынып, сырды ашуға.
Толқыныңа бір қосып толқынымды,
Ақ төсіңе төсімді бір басуға.
Жан-жағыңнан ентелеп,
бұлақ күліп,
Жатқан шығар қойныңа шұбап кіріп.
Тарт мені де көк дүлей арасына,
Тау толқындар үстінен лақтырып.
Будақ-будақ бұлттарға оранайын,
Тасқыныңмен бір түнеп оралайын.
Тұңғиықтан суырылып шыға алмасам,
Толқыныммен тұншығып жоғалайын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу