Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  115


Автор: Сағи Жиенбаев

Міндім бір жүйрік кемеге...

Міндім бір жүйрік кемеге,
Әкетті дереу жағадан...
Салқын леп тиді денеге,
Сонау бір таудан тараған.
Барады көзден алшақтап,
Жағаның жасыл талдары,
Базарлы күндер,
бал шақтар
Бұлдырап шықтай таңдағы.
Аяқсыз қалған түсім бе ең,
Сездірмей ағып өткенін,
Әлгі бір шақтың ішінде,
Қалдың-ау бала көктемім.
Сен едің алғаш бақ сынап,
Саусағым созған таң нұрым?!
Алғашқы келген ақ шуақ,
Алғашқы көрген жаңбырым.
Алаулап барып, кезінде
Ашылмай қалған ақ гүлім.
Көріп ем сенің көзіңнен
Кінәсіз дүние пәктігін...
Оралсам сонау жаққа ұшып,
Қайта бір созсам қолымды,
Жайқалар ма екен ақ бүршік,
Қайтарар ма екен көңілді?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу