Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  110


Автор: Сағи Жиенбаев

Көзінде күлкі, көңілді...

Көзінде күлкі, көңілді,
Келеді жайнап бойжеткен,
Көктемге сәйкес,
Жеңіл бір
Көк теңіз түстес көйлекпен.
Толқынын албырт тежемей,
Жел үрген сайын түрленіп,
Теңіздің өзі телегей
Келеді қызбен бірге еріп.
Теңіз деп оны келе ме,
Бері ұшып,
Бірі әрі ұшып,
Қалыпты –
балғын денеге
Шағала біткен жабысып.
Осы бір сәтке құмардай,
Бір-бірін қағып,
Ысырып,
Қанатын бәрі жия алмай,
Келеді қызды ұшырып.
Онсыз да қызу,
Күн ысып,
Қарайды сонау көгінде...
Орамал салып,
Бір ұшын
Қыстырып алған ерінге.
Жайдары ғұмыр,
Жалын жүз...
Кетпейді мүлде жанардан.
Көк теңіз...
Аспан...
Ару қыз...
Секілді бірге жаралған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу