Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  216


Автор: Сағи Жиенбаев

Амалсыз қош айтысып гүлді бақпен...

Амалсыз қош айтысып гүлді бақпен,
Айдын көл, асау дария, мың бұлақпен,
Аттанып келем бүгін Алматыма,
Аспанның ақ төсінде құлдырап мен.
Кеудеме күн нұрындай ыстық алып,
Бір ұшқын жүрегіңнен түсті барып.
Шоқ гүлін қолыма ұстап сол жүректің
Мен, міне, Алатауға ұштым алып.
Құйып ап көңіліме көктем лебін,
Қиялмен құшақтасып көкке өрледім.
Өзіңнің жәудіреген жанарыңдай
Жаутаңдап қала берді көк көлдерің.
Артымда қала берді күліп қайың,
Қалайша ақ жүзінен сыр ұқпайын?!
Көзіме ыстық енді ол да менің,
Оны да мәңгі бақи ұмытпаймын.
Мен тіпті ұмытпаймын әр құзыңды,
Сақтаймын көкірегіме тау, түзіңді.
Мың есе сақтаймын мен көкейімде
Ақ пейіл анаң берген дәм-тұзыңды.
Бұл жерде өзен қандай, бақтар қандай,
Бәрі де жүрегімде сақталғандай.
Жалтақтап қарай берем әлі артыма,
Ауылымнан өзім туған аттанғандай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу