Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  101


Автор: Сағи Жиенбаев

КҮТЕДІ МЕНІ

Теңізде келем,
Толқынмен бірге тербелем,
Жеп-жеңіл денем,
Ойнаймын ерке желменен...
Сонау бір жаға
Күтіп тұр бүгін алдымнан,
Сонда бір бала
Күтіп жүр бұрын көрмеген.
Теңізде қалды
Жаңағы салған асқақ ән,
Түстім де кеттім
Тағы бір жолға баспаған...
Жарқырап жанған
Бір үйдің шамын сөндірмей,
Күтіп тұр алдан
Дәл қазір менің астанам.
Күтіп тұр таулар,
Бауырына моншақ от тізіп,
Жап-жасыл баулар,
Бастарын бұлтқа жеткізіп.
Сағынған шығар
Өзінің ол да
тентегін,
Өзімен бірге
Әкелер онда
Көп қызық.
Күтіп жүр Анам,
Әлдилеп күнде бір үміт,
Қарайлап маған,
Көкжиекке сан үңіліп,
Түнде де тыныш
Ұйықтамай, сыртқа елеңдеп,
Естілсе дыбыс,
Есікке қарай жүгіріп.
Күтуде жондар,
Күтуде жолдар әлі де,
Күткендей қазір
Біреудің нәзік әні де...
Түн қатып мен де
Келемін желдей аңыратып,
Әлі де бірақ
Жете алмай келем бәріне.
Күтеді мені
Көктемде гүлі бар құздың,
Күтеді мені
Беткейдегі әрбір тал біздің,–
Көп болғанменен мендейлер мынау әлемде,
Күткендер үшін
Дүниеде қазір жалғызбын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу