Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  151


Автор: Сағи Жиенбаев

КӨЙЛЕК

Болса да жер мен көктей ара қашық,
Бұл қартқа біздің бүкіл бала ғашық.
Ақ бұлттан жаралғандай ақ сақалы,
Сексеннен селдіремей барады асып.
Күтеді әлі талай жарықты алдан,
(Әлі де орындалмай қалыпты арман).
Кең дала –
қызығымды көре тұр,– деп,
Секілді жалғыз өзің алып қалған.
Тосқандай түніменен нұрды асыға,
Сүйсініп шыққан күннің шұғыласына,
Ауылдың бар баласын жинап алып,
Келеді кейде қария қыр басына.
Жатқандай ауыл қырға көшіп келіп,
Тұрады жас сәбилер есіп келіп.
Көкпарға жібереді «тұлпарларын»
Өзінің ақ көйлегін шешіп беріп.
Бейне бір тыпыршыған дөңдегі елік,
Беттерін желпи сүйген желге беріп,
Толқыған көк сағымның арасымен
Кетеді құлыншақтар дөңгеленіп.
Сәбилер көрген қызық өз алдына
Қарт жанын бірақ олар сезе алды ма.
Бұл бәйге өтіп кеткен бал дәуренін
Тағы бір әкелді ғой көз алдына.
Мәз болып өз-өзінен күліп те алды,
Бір сәтке мұңайғандай тынып қалды.
Шыңыраудан тартып алған жалғыз тамшы
Дірілдеп кірпігінде тұрып қалды.
Көргендей сәйгүліктің самғағанын –
Самалын қақ айырып сар даланың...
Көйлектің етек-жеңі дал-дал болып,
Қолында кете барды әр баланың.
Сөйледі көтеріп ап шалым басын:
– Ойнасын, енді осылар жалындасын,
Балам-ай, көйлек шіркін табылар-ау,
Құдайым күлкімізден айырмасын...
Бұлдырап жылдар сағым жатыр ағып,
Қойғандай мініп жүрген атын алып.
Мәз болып келеді қарт –
Сонау өткен
Жастығын көйлегіне сатып алып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу