Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  110


Автор: Сағи Жиенбаев

Кеттің алыс...

Кеттің алыс...
қызыл құмның ішіне,
Бүгін тағы жүрсің кіріп түсіме.
Қызығамын –
күнде өзіңе жолығып,
Күнде өзіңді көріп жүрген кісіге.
Қызығамын –
жүрген жанға тілдесіп,
Өзіңменен бірге қонып,
бір көшіп..
Қызығамын –
білген жанға бір сені,
Алыс-жақын сапар шегіп,
күн кешіп...
Күндіз-түні еркелетсін,
күлдірсін,
Бәрібір ме –
бірге тұрып, бір жүрсін.
Мен оларға қызығамын бұ жақта,
Олар маған қызыға ма –
кім білсін?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу