Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  125


Автор: Сағи Жиенбаев

Бөлмеймін сені байтағым...

Бөлмеймін сені байтағым,
Теңіз деп,
Тау деп,
Дала деп...
Жайлауға шығып қайтамын
Жамылып түнді қара көк.
Өлкеңнің...
Бәрі бір маған,
Жүремін өзің бауырыңда.
Теңізде жүзем тулаған,
Жұпарын жұтам таудың да.
Жағады маған –
о бастан
Көктемгі майса көгалдар...
Ақ түтек болып жер-аспан,
Ақпанда соғар борандар.
Сүйкімді маған –
құмың да,
Сонау бір қарлы биік те,
Жотада жүрген құлын да,
Жапанда жүрген киік те.
Біреуі – жусан түбінде,
Біреуі – жасыл тау шыңда,
Сүйемін
бұлбұл үнін де,
Бозторғайлардың дауысын да.
Тау шыңы,
Теңіз айдыны...
Қырларың,
Әнші құстарың –
Бақытым менің барлығы,–
Барлығы – Қазақстаным!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу