Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  93


Автор: Сағи Жиенбаев

ТҰЛЫП

Көкжиектен күн де күліп шығады,
Күллі жанға жетіп жатыр шуағы.
Бірақ, сонау сұрапылдың кезінде
Болған бір жай көз алдымда тұр әлі.
...Барша жұрттың жүрегі онда жаралы,
Күзгі бұлттай түсіп кеткен қабағы.
Қанды соғыс бұл жақтағы елдің де
Қабырғасын қайыстырып барады.
Бүкіл елді жайлап алған тапшылық,
Бізге әлі жоқ жақындайтын жақсылық.
Ептеп-ептеп жетеміз де көктемге,
Еңсемізді көтереміз ақ шығып.
Мына соғыс от-жалынын жайғалы,
Өзекті де суық ызғар жайлады.
Көңілімізге медеу болар жалғыз-ақ–
Күрең қасқа сиырдың бір айраны.
Солған гүлдей сарғайтты да жүздерді,
Кеудемізге сұрғылт неше күз келді.
Таусылмайтын кеніміздей – төрт емшек
Төрт жыл бойы асырады біздерді.
Қараймыз тек соған ғана үмітпен,
Қалғаны сол бар дүние-мүліктен.
Әжем сөзі рас болса, бұл сиыр
Әкеміздің таңдайын да жібіткен...
Күтіп жүрдік, ұмытып бар қайғыны,
Аузымыз аққа тиер ай-күнді?!
Күрең қасқа сиыр біздің сол жылы
Туа сала бұзауынан айрылды.
Содан кейін неше күн нәр татпады,
Естіледі түнде ыңырсып жатқаны.
Ауыл ішін зыр жүгіре айналып,
Ақыр оны ешкім іздеп таппады.
Бізден келер дәрмен де жоқ, әл тайып,
Жаттық ұзақ жағамызға жантайып,
Бір-ақ күнде бұлағымыз тыйылып,
Бір-ақ күнде қалды аузымыз аңқайып.
Содан кейін ашулы боп алды да,
Маңайына жолатпады жанды да...
Тұлып жасап терісінен бұзаудың
Бір күні апам апарды оның алдына.
Жасқа толып жаудыраған жанары,
«Жас бұзаудың» маңдайынан жалады.
Қайта-қайта айналдыра иіскеп,
Тұла бойы дір-дір етіп барады.
Бұзауым деп ойлады ма кәдімгі,
Босатты ма ол алпыс екі тамырды.
Бар денесі еріп бара жатқандай,
Бауырынан сүті саулап ағылды.
Ұмытқандай кеше көрген қайғысын,
Көңілі босап, көкірегін жайды шын.
Бұзауым деп алдындағы теріні
Алданғанын білмеді ғой байғұсым.
Сәби едім кеудесінен күн күлген,
Сол бір жайды ұзақ ойлап жүрдім мен...
Ол кездерде адамдардың өзін де
Кейде өмірдің алдайтынын кім білген!..
Жоғалтқанның орны қайта толмаса,
Мейірленіп тұрмас еді ол да аса.
...Қайран өмір, қызық болар ма едің сен
Кейде осындай алданышың болмаса!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу