Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  103


Автор: Сағи Жиенбаев

МАШУК ТАУЫНЫҢ ЕТЕГІНДЕ

Бірінші жыр
Жүріп келем, жалғыз аяқ жолменен,
Өзің талай тау басына өрлеген.
Қалың орман сені көзден жасырып
Үнсіз ғана шыңға қарай көлбеген.
Қайда екенін айтпаймын деп бұлақ та,
Зыр жүгіріп қашатындай жыраққа.
Әлсіз ғана желдің үні дірілдеп,
Еміс-еміс естілердей құлаққа.
Қорқып қалған–біреу келсе көлденең,
Келетіндей тағы сұмдық шерменен.
Кәрі емендер қалтырайды жасқанып,
Сенен кейін тірі жанға сенбеген.
Мен де өзгені шошытардай сұсты ма ем,
Бірте-бірте аулақтады құс кілең.
Бозғыл тұман бара жатыр тау жаққа,
Жылжып қана жапырақтардың үстімен.
Бәз-баяғы бір дүние сен көрген,
Анау шыңдар басында мұз өңгерген.
Мына таулар төбесіне көтеріп,
Мына талдар көз алдында тербелген.
Сен кеткенде бәрі де өксіп жылаған,
Бұл дүниеден сені ғана сұраған.
Мына булар жаңбыр болып сол күні
Аспанынан ақырғы рет құлаған.
Содан бері таппайды олар бір тыным,
Күндіз-түн қақпайды орман кірпігін.
Сені жұртқа көрсеткісі келмейді
Біреу тағы көздейтіндей мылтығын...
Екінші жыр
Жаңбыр жуып, жапырақтан кетті қан,
Күнде бірақ кетпейді бір көк тұман...
Сен жатырсың жалғыз тауды жастанып
Төрт жағыңда күзетіп тұр төрт қыран.
Ешкім саған енді батып келместей,
Сені ғана тыңдайтындай жел де еспей,
Төрт жағыңда тұрған мына төртеу
Тірі болсаң, ажалға да берместей.
Күндіз-түні тербетеді жер-ана
Күзетеді сені шыңдар көкала
Қорғайды олар...
Бірақ сенің өзің жоқ,
Жоқ нәрсені қорғағанмен бола ма?
Сенен жұрттың сыры бар ма бүгетін,
Сол әдет қой–баяғы өзің білетін –
От кезінде суды құйып сөндіріп,
Жоқ кезінде, желден сұрап жүретін...
Құба белдер жамылып ап сағымды,
Қайталайды сенің салған әніңді.
Сен отырған құз да бүгін сүйкімді,
Сен ұстаған тас та қазір қадірлі.
Жерге сыймай, көкке шапшып атылған,
Толқынымен тастың өзін жапырған, –
Бір-ақ тасқын күркіреген теңізге
Құйып жатыр күнде сенің атыңнан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу