Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  98


Автор: Сағи Жиенбаев

КӨКТЕМДІ КҮТКЕНДЕ

Баурайлардан бозғыл мұнар,
бу ұшып,
Жапырақты жасыл нұрмен жуысып,
Бүкіл өңір күтіп жатыр көктемді,
Тау да бүгін жол беріп тұр ығысып.
Айдын аппақ,
Таудың аппақ тұр шыңы,
Үлбіреген гүлдің аппақ бүршігі.
Ақ әлемнің ішіндегі
Қара мең –
Анау құйттай бал араның тұмсығы.
Өңір де аппақ,
Көңіл де аппақ,
Құс аппақ,
Бәрі де өзін
Ақ гүлдерге ұсатпақ.
Бар дүние бара жатыр бірігіп,
Тау теңізді,
Теңіз тауды құшақтап.
Көктем бәрін
Ақ сәулемен ораған,
Тірлік жайлы,
Бірлік жайлы жоқ алаң.
Қартаю жоқ,
Ортаю жоқ бұл маңда,
Мәңгі жас боп тұратындай –
Жер,
Адам.
Көңілді ешкім
Тоздырмайтын секілді.
Өмірді ешкім
Сөз қылмайтын секілді.
Бұл ғаламда –
Бәрі-бәрі мәңгілік...
Бір адам да
Көз жұмбайтын секілді.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу