Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  112


Автор: Сағи Жиенбаев

Жалғыз үй тұр –

Жалғыз үй тұр –
Жақын салған бұлаққа,
Басын шұлғып,
Көк бие тұр қыратта,
Жерошақта көкшіл түтін дірілдеп,
Қора жақта –
Қозы жатыр шуақта.
Анау қарттың –
өзінікі барлығы,
Осы жердің әр бұтасы,
Әр гүлі,
Өзінікі –
ағып жатқан өзен де,
Өзінікі –
Шауып жатқан шалғыны.
Осы жерден шыққан емес бұл аулақ.
Өзінікі –
Мынау адыр, мынау бақ.
Бойындағы кетеді бар жел-құзы
Тұрса болды –
Топыраққа бір аунап...
Сүйеді шал,
Сүйеді атамекенін.
Біледі шал иесі өзі екенін.
Туған жердің жұға ма екен киесі,
Қорқыныштың сезбейді әлі не екенін.
Барлық ойы –
Аспаннан нұр ағылсын...
Қурап кетпей,
шалғыны тез шабылсын...
Қара жердің –
Не боп кетер екен деп,
Кірпік қақпай,
Жатқанын ол – не қылсын?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу