Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  106


Автор: Сағи Жиенбаев

ҚЫЗ ТУФЛИІ

Жыр десе,
көңілі тасатын,
Желпінтіп дүйім халықты, –
Бәйгеден келген жас ақын,
Қыз туфлиін алыпты.
Не керек алтын,
күмісің,
Қыз деген бір сөз тұрғанда,
Бәйгеден озған жыр үшін
Дәл бұдан артық сый бар ма?!
Кім білген оның сиқырын,
Не ғажап барын осынша?!
Кетеді бар сөз құлпырып,
Қыз деген бір сөз қосылса.
Қыз деген –
Аппақ періште,
Қыз деген –
мәңгі сұлулық.
Отына талай жылындық,
Алдына талай жығылдық.
Қуат бар онда жалындай,
Өзгертер мінез-қылықты.
Көргем жоқ қызға жалынбай,
Жағынбай қалған жігітті.
Пенде жоқ –
көзін сүзбеген,
Шарпылмай кеткен бұл өртке.
Жалғыз-ақ ауыз сөз қыз деген
Мың да бір дауа жүрекке...
Cөге алмас тіпті жатың да,
Сезгенсің қалай, төрешім,
Осыдан басқа –
ақынға
Басқа сый қажет емесін.
Сыйладың ба екен –
өмірде
Қыздарды жырлап жүрсін деп,
Қыз болып мәңгі кең дүние
Алдыңда жайнап тұрсын деп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу