Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  155


Автор: Сағи Жиенбаев

ТАҢҒЫ АЛМАТЫ

Мөлдіреп тұр Алматының аспаны,
Жан-жағыңның жасыл бәрі,
Жас бәрі.
Оянды ерте жас көктемнің лебімен
Орбитасы,
Микроаудан,
Тастағы.
Тас көшелер таңғы нұрмен жуынып,
Жалқын сәуле тайғанақтап жүгіріп,
Араласып бара жатыр адамдар
Ағып өткен автоларға ілініп.
Таулардың да ашық бүгін ажары,
Құстардың да жарқын үні,
Таза әні...
Ешкім бірақ байқамайды оларды,
Ешкімнің де түспейді оған назары.
Жатпайды ешкім орын таңдап,
Жер таңдап,
Алыс-жақын,
Айқыш-ұйқыш жол-тармақ,
Үлкен түгіл,
Бөбектердің өзі де
Амалсыздан келеді ұшып томпаңдап.
Жас-кәрі жоқ,
Бәрі бірдей бұл жерде,
Бұл жерде жоқ –
Жөн-жосықсыз жүрген де...
Екі-үш кемпір келе жатыр ырғалып,
Сөмкелерін толтырып ап гүлдерге.
Таңнан тұрып,
Кетті бәрі белсеніп,
Болмады оған қара нөпір ел серік,
Бар қалада жалғыз өзі қалғандай,
Қарт партизан –
Шықты үйінен теңселіп...
Уақыт жоқ жайбарақат
Тынысқа.
Кетті кіріп құрылысқа...
Құрышқа...
Алатауға күн өрмелеп келеді,
Күллі Алматы –
Кірісті ұлы жұмысқа...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу