Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  243


Автор: Сағи Жиенбаев

ҰСТАЗҒА ХАТ

Армысың, аға ардақты!
Арада қанша өтті жыл.
Тауларда қанша қар жатты,
Бауларда да қанша төкті гүл.
Қаулады көктеп талай бел,
Қоштастық талай көктеммен...
Ағайдың жайы қалай деп,
Сұраймын өткен-кеткеннен.
Өзге ме кейпі даланың
Тұратын жұпар гүл аңқып.
Баяғы – шоқтай жанарың
Тұра ма қазір мұнартып?!
Сеземін саған батқанын,
Өзіме мәлім өз жайым,
Менің де біраз шатпағым,
Тауысқан шығар көз майын.
Жүргесін ел-жұрт елпектеп,
Өстік қой ерке-бұлалау,
Менен де басқа тентектер
Қартайып кеткен шығар-ау!
Оранып таңғы ақ нұрға,
Сыпайы ғана күліп кеп,
Әлі де көзім алдында
Тұрасың сыптай жігіт боп.
Ұялап сонау бесіктен,
Жүрекке сіңген ән-сынды,
Әлі де – жастай есіткен
Естимін қоңыр дауысыңды.
Танытып елге өзімді,
Жайылса да атым қырыма,
Өзіңнің ақыл сөзіңді
Қайталап айтам ұлыма.
Әртүрлі жай көп өмірде,
Жүрмейсің ылғи жырменен.
Біреуге зәбір беруге,
Өзіңнен әлі именем.
Ұлымыз үлкен бір елдің,
Жақсылық күтер көп шығар.
Жылытсам жанын біреудің
Бір өзің жаққан от шығар...
Далаға кетпес еңбегің,
Шәкіртің бітпес бір бізбен,
Аспанның ашық жерлерін
Толтырып жатсың жұлдызбен.
Сен де бір мәңгі шынарсың
Жанарын тіккен заңғарға,
Сүйсіне қарап тұрарсың,
Жұлдыздар көкте жанғанда.
Жаныңда сенің біз жүрміз,
Келмейді қарттық бұл маңға.
Бір өзің жаққан мың жұлдыз
Жарығын төгіп тұрғанда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу