Эсселер ✍️

  20.06.2022
  157


Автор: Камал Әлпейісова

ҰСТАЗДАН ҚАЛҒАН ҰЛАҒАТ

 


Өз ісіне адал берілген маман қызметті мақтау естиін, марапат алайын деп атқармайтыны белгілі. Бірақ сол адалдығы, мамандығына терең бой- лап, оны қажырлылықпен, жаңашылдықпен жүргізуі, баршаға белгілі


 


кәсіптің тың қырларын ашуы оны өзгелерден ерекшелеп, көп құрметіне бөлейтінін талай көрдік. Мұндайда адамды мақтау мен марапат өзі іздеп табады. Ондай жандарды көбіміз көріп өстік, бәріміз үлгі тұттық, ортамыздан кетіп қалған адамдарды өзімізден кейінгілерге аңыздай қылып айтып жүреміз. «Жақсының артында жақсы аты қалады» деген сөз – соның айғағы болар. Біз үшін сондай жақсының бірі – өзіміз түлеп ұшқан Арқалық қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті ұзақ жылдар бойы басқарған ұстазымыз Уәлихан Мәжитов еді.


Уәлихан ағай сырт қарағанда сұсты адамдай көрінетін. Оқушылар түгіл мұғалімдердің өздері алдында артық сөйлемей, кішірейіп тұратын осынау зор денелі кісі мектепті тіреп тұрғандай әсер қалдыратын. Бұл



  • бала көңілдің түйген ойы болғанымен, оның шынында да ақиқаттан алыс кетпейтініне үлкейгенде көз жеткізгеніміз және рас.


Өзіміз тұратын «Жаңа поселкенің» бастауыш сыныптарында оқып жүргенімізде қаладағы көп үйлерден еңсесі биік Шоқан мектебі (Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті көпшілік солай атайтын) асқақтап, мен мұндалап тұратын. Білімнің тереңі, өнердің озығы, өмірдің қызығы сол мектепте сияқтанып, төрт жылдық бастауышты тезірек бітіріп, Шоқан мектебінде оқуға асық болғанымыз әлі есімде.


Біз келген соң бірер жылда бұрын қазақ-орыс сыныптары аралас мектеп оқу ісі таза ана тілімізде жүргізілетін білім ошағы болып қайта құрылды. Оның себебін ойлап жатқан біз жоқ. Салт-дәстүрімізге сай тәрбие алып, бұйығылау болып өскен қазақ баласымыз, әрі ол кезде ортақ тілді нашар білетіндіктен жасқаншақтау болғанымыз және бар, әйтеуір, өктем сөйлеп, үстемдік құрып жүрген балалардың басқа мек- тепте оқитын болғанына қуанғанымыз рас. Келесі жылы мектептің жанынан интернат ашылып, ауыл балаларының спорт залы, пәндік кабинеттері, еңбекке баулу шеберханасы, химиялық және физикалық зертханалары бар мектепте білім алу мүмкіндігі пайда болды. Кейін білдік, мектептің таза қазақ тілді болып қайта құрылуы – директорымыз Уәлихан Мәжитов ағайдың тынымсыз жүгіруінің арқасында жүзеге асқан екен.


Алматыда қазақ тілді мектептерді ашу жөніндегі қозғалыс біздің университетті бітіретін кездерімізде – жетпісінші жылдардың соңына қарай басталғанымен салыстырып, ұстазымыздың, ұлтын сүйген ұлдың ешқандай дабырасыз атқарған бұл қадамына әрі таң қаламын, әрі сүйсінемін.


Директорлығына қоса Уәлихан Мәжитұлы 9-10 сынып оқушыларына физика пәнінен сабақ берді. Мектептің ең төменгі – жертөле қабатында


 


орналасқан физика кабинеті қай мектеп болсын қызығатындай дәрежеде жабдықталған болатын. Бала қызығушылығын оятатын жалаң теория емес, практикалық іс екенін жақсы білетін ұстаз жаңа ғана түсіндірген сабағын тәжірибе жүзінде көрсеткенде – физи- ка сабағын ұнатпайтын оқушының өзі қызығып кетіп, тәжірибені қайталағысы келетін оқушылардың кезегіне тұратын. Мұндайда ұстаз балаларды қолпаштап, ынталандыра түсетін. Өзіне тән әдетпен жымия күліп қойып, тәжірибені сан қайталатып, физиканың заңдылықтарын оқушылардың санасына құя беруші еді.


Ағайдың шәкірт тәрбиелеуде өзіне тән ерекшеліктері көп болатын. Мен сол замандағы жастар ұйымдарының бәрінде дерлік басшылық жа- сап, оқушылардың үлгірімі мен тәртібіне қатысты мәселелер бойынша Уәлихан Мәжитұлымен жиі кездесетін болғандықтан, ұстазымыздың өзге балалар байқамаған жақтарын байқағаным бар. Бастауыш комсо- мол ұйымының хатшысы кезімде тәртіп бұзған бір оқушыны интернат меңгерушісі дедектетіп директордың алдына алып келді.


Бұрын ол кісінің дауыс көтеріп ұрысқанын көрмеп едім, «қазір айғайға басатын болар» деп ойладым. Директор біраз үнсіз отырды да, тәртіп бұзушы бүлдірген дүниені қайдан, қайтіп тапқанын, қалай әкелгенін, не үшін орнатқызғанын баяндап берді. «Бар мақсатым өзің сияқты балалар таза жүрсін, қала балаларынан кем болмасын, тұрмыстары ыңғайлы болсын» деген еді. Ал соны бүлдіргендегі сенің мақсатыңды түсіндіріп берші» деді.


Кейіннен әлгі баланың маған «Одан да таяқтап алғанда әлдеқайда жеңіл болар еді, ұяттан жерге кіріп кете жаздадым» дегені есімде. Осын- дай сәттердің біразына куә бола жүріп, ұстаздан ашуды ақылға жеңдіру, сабырлылық сияқты қасиеттерді үйрендім. Ал Уәлихан Мәжитұлының өз балаларының бәрі де ағай сияқты орнықты, салмақты, ал білімділігі



  • бөлек бір мақалаға арқау болар әңгіме.


Ағайдың үлкені Шоқан – бүгінде «Алуа» ұжымшарының әкімі, оның жары Тойындық үшеуміз мектепті бірге бітірдік. Бұлар қазір он баланың үлкенінің мойнына жүктелер жауапкершілікті ауыр- сынбай көтеріп, сонысымен ағайынға үлгі көрсетіп отырған жандар. Тойындықтан кейін ағай мен Дариға апайдың Гүлсім, Марат, Айт- жан, Гүлмай, Қайсар, Назгүл, Гүлмира, Эльмира, Дана сынды бала- лары әке жолын қуып, ұстаздық мамандықты таңдады. Бүгінде бұлар



  • Мәжитовтердің педагогтік әулеті, алып бәйтеректің мәуелі, саялы бұтақтары.


 


Өз кәсібін сүйген адам ғана өз жолының жалғастырушыларын тәрбиелей алады. Мәжитовтер әулеті – соның айғағы. Оның жолын өз балалары ғана емес көптеген шәкірттері де қуды. Мектепте ағай көп баланың ішінен аса зерделі деген шәкірттерін кабинетіне шақырып алып, «Қызықты физика» деген кітапты құшақтатып жіберетіні бар- ды. Бүгінде атышулы ғалым, физика-математика ғылымдарының док- торы атанған Өмірзақ Күнтуғанов – сондай шәкірттерінің бірі.


Уәлихан ағай директор болған жылдар – Шоқан мектебінің атағы дүрілдеп тұрған кез болды. Бұрын Арқалықтың айналасындағы ауыл балалары жатып оқитын интернатқа Амангелді, Жангелдин аудандарының балалары сұранатын болды. Осыдан екі жыл бұрын біз, мектептің 1973 жылғы түлектері, 35 жылдан кейін ұшқан ұямызда бас қостық. Сол кездесуде құттықтау сөз сөйлеген Арқалық қалалық оқу бөлімінің басшысы Нақан Шалдыбаев: «Жоғары сыныпта оқып жүргенде Арқалыққа әскери комиссиядан өтуге келдік. Сонда қала ор- тасында асқақтап тұрған Шоқан мектебіне қарап «бұл мектепте оқыған ұл-қыздардың арманы жоқ шығар! Шіркін, мен неге осы мектепте оқымадым?» деп армандаушы едік» деді.


Бұл мектеп тек қана қабатының көптігінен асқақ емес, сондағы ұстаздардың біліктілігімен, балаға берер ұлық тәрбиесімен, бәйгеге қосқан шәкірттерінің озып келуімен асқақ еді. Арамыздан кеткен Күнсұлу Ержанова, Райса Галеева апайларымыз, зейнетте жүрген Сәбитбек Мажитов, Орал Дәулетова, Зұлқия Құлтанова, Ботагөз Шай- мерденова сынды ұстаздарымыз баланың бойынан жылт еткен қабілетті байқаса, соны лаулатып жандыруға ұмтылатын ұстаздар болды. Бір жылда бір үйден шыққан екі баланың – осы мектептің екі оқушысының физикадан және математикадан бүкілодақтық олимпиадаға баруы да сол жылдардан кейін қайталанған жоқ. Оқушылардың физикадан Тбилиси қаласында өткен бүкілодақтық олим- пиадасында ерекше қабілеті үшін физика оқулықтарының авторы, ака- демик А.Н.Колмогоровпен бірге атақты «Квант» журналының негізін қалаушы академик И.К.Кикоиннің қолынан грамота алған Манар Әлпейісова (қазір Шодықова) – бухгалтерия саласының мықты мама- ны. Мектеп түлегі Әшім Адырбаев – Арқалық жөндеу зауытың директо- ры, Торғай Өткелбаев – Торғай кен-барлау экспедициясының директоры болды, еңбек озаты Жүрсін Жақсыбаев – Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Тізбелей берсек бұл тізім таусылмайды.


Ол ұзақ жылдар бойғы педагогтік қызметінде алдына келген жүздеген шәкіртті білім бұлағынан сусындатып, өмірдің сан тарау жолына салды.


 


Бүгінде сол тұлымшағы желбіреген балалар тұлғалы, айтулы азаматтарға айналды – олардың ішінде мемлекет пен қоғам қайраткерлері де, ғылым мен еңбек майталмандары да, өнер мен спорт жұлдыздары да баршылық. Сондықтан да мен «Жер бетіндегі бар жақсылық күннің көзінен, ананың сүтінен нәр алады» деген қанатты сөзге «және ұстаздың ұлағатымен өсіп-өркендейді» дегенді қосар едім.


Өмірдің сан саласының дамуына сіңірілген еңбектің жұрттың бәрі мойындайтын өлшемі бар. Әдебиет саласында Абай атындағы сыйлықтың, тарих және археологияда Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың орны бөлек. Ал педагогика саласында Ыбырай Алтын- сарин медалінің бағасы биік, ол қоғамның өзіңді нағыз педагог деп тануының белгісі. Біз бұл медальдың Торғай облысындағы тұңғыш иегері – Уәлихан Мәжитовтың шәкірті екенімізді мақтан етеміз.


 


2010 ж.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу