Эсселер ✍️

  20.06.2022
  108


Автор: Камал Әлпейісова

ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ: КҮНГЕЙІ МЕН КӨЛЕҢКЕСІ…

 


2002 жылдың 11 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ш.К.Беркімбаеваның «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлттық мектептің ұлы мұратын ұмытпайық» атты ұстаздарға арнау сөзі, нақтылап айтсақ, сондағы «…халықтың рухани мол мұрасы әлемдік озық үлгілермен астаса келіп, оқу-тәрбие беру қызметіне негіз болып отырған бүгінгі қазақ мектебі нашар болуға тиіс емес. Мен мұны қазақ мектебінде білім сапасы төмен деген әңгіме намысыма тиген соң айтып отырмын» деген жолдар біздердің, ата- аналардың, өзара пікір алысуларда жиі қозғағанмен де, сыртқа шығара алмай жүрген ойымызды тап басып, қолға қалам алдырды. Біздіңше бұл – әлдеқашан айтылуға тиіс сөздер еді.
Шәмша Көпбайқызының Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты кезінде қабылданатын заңдардың мемлекеттік тілдегі мәтіні үшін талай текетіреске түскеніне, Парламент Сенатының Регламентіне түзету енгізуге бастамашылық жасап, отырыстардың мемлекеттік тілде жүргізілуін заңдастыруға себебін тигізгеніне, қазақ мектебі үшін шырқырап сөйлегеніне талай рет куә болғандығымнан да, жоғарыдағы сөздерді айту ол кісіге қаншалықты ауыр болғанын түсінемін.
Ашығын айтайық, бұл сөздер біздерге, балаларын қазақ мектептерінде оқытатын ата-аналарға да соншалықты ауыр тиеді, біздің де намысымызды келтіреді. Министрдің аузынан шыққан осы сөздер көптің көңіл түпкірінде көміліп жатқан, жанға батар талай мәселелерді қозғағанына күмәнім жоқ.
Әдетте, қазақ мектептері туралы әлдеқандай сын айтыла қалса, оны айтқан адамды атарға оғымыз болмай, өзеуреп, «жоқ, олай емес» деп,

саусақтарымызды бір-бірлеп бүгіп, қазақ мектебінің артықшылықтарын санамалай бастаймыз. Ал ондай артықшылықтардың жетіп-артылатыны бәрімізге де аян, сондықтан тап бұл жолы олар туралы айтпай-ақ, Шәмша Көпбайқызына салиқалы саясаткер, байсалды басшы ретінде осындай сын сөздерді басқа – «жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген тұрғыдан ой таразысына салып көруді ұсынғым келіп отыр.
Айтқандай, қазақ мектебі туралы мақтаудан басқа пікір айтқандарды
«қарсы» лагерьдің адамдары көретініміз бар ғой, өзгеше ой айтам деп, сол санатқа қосылып кетпеуім үшін өзім туралы аз ғана мәлімет бере кетейін: балаларымның бәрі де қазақ мектебінде оқыды, кенжем әлі мектеп қабырғасында. Ұл-қыздарымның атына мақтаудан басқа сөз естіген емеспін (мұны мен жеке басымның мектепке ешқандай өкпем жоқ екенін білдіру үшін жазып отырмын).
Дей тұрғанмен де...
Тұңғышым мектеп табалдырығын аттағалы бері өткен жиырма жыл ішінде намысқа тиер жоғарыдағы сөздерді талай естідім: алғашында күлетінмін, тіпті мән бермейтінмін, сосын ашуланатын болдым. Қызылкеңірдек болып айтысқан, шыр-пырым шығып, ол сөздердің негізсіз екенін дәлелдеген кездерім де аз болған жоқ. Және басқа ата- аналар да сөйтіп жүргеніне сенімім мол. Бірақ... Шындығында да, қолымызды кеудемізге басып тұрып: «бүгінгі таңда қазақ мектебінде берілетін білім сапасы орыс мектебімен теңбе-тең дәрежеде» деп айта аламыз ба? Мен бұлай деп ешкім де айта алмайтын шығар деп қорқамын. Себебі күнделікті өмірде қазақ мектептерінің оқушылары білім деңгейін көрсететін сынақтарда орыс мектептеріндегі тұрғыластарынан осал екендіктерін байқатып жататынын көріп жүрміз. Салыстырып көрейік:
2002 жылы жоғары оқу орындарына түсу үшін кешенді тест тапсырған талапкерлердің тізімін зерделейтін болсақ (тізім «Егемен Қазақстанның» 15-16 тамыз күнгі сандарында жарияланды), қазақ мектебін бітірушілер кейбір пәндер бойынша теңбе-тең, кейде жоғары балл жинағандарымен, ғылыми-техникалық прогрестің негізі деп танылатын пәндер бойынша төмен көрсеткіштерге ие болған. Атап айтқанда, 030140 – математика мамандығы бойынша орыс бөліміне түсушілердің ең жоғары балы – 95, қазақ бөліміне түсушілердікі – 82; 030340 – химия және биология мамандығы бойынша орыс бөліміне түсушілердің ең жоғары балы – 91, қазақ бөліміне түсушілердікі – 85; 030240 – физика және информати- ка мамандығы бойынша орыс бөліміне түсушілердің ең жоғары балы
– 89, қазақ бөліміне түсушілердікі – 85; Қоғамымыздың басқа елдермен,

мемлекеттермен қарым-қатынасын дамыту үшін аса қажетті шет тілдер мамандықтары (521231-ағылшын филологиясы, 521232-неміс филоло- гиясы, 522130-шығыстану, т.б.) бойынша да қазақ бөліміне түсушілердің көрсеткіштері әлдеқайда төмен.
Бұлар ғана емес, еліміздің өнеркәсібі мен халық шаруашылығы үшін аса қажетті мамандар даярлайтын (250140-машина жасау технология- сы, 300240-кеме жүргізу, 300340-әуе көлігін пайдалану, 330140-элек- тромеханика, 420740-қоғамдық тамақтандыру, т.б.) оқу орындарына тапсырғандардың балл көрсеткіштерінде де көп айырмашылықтар бар. Орыс бөліміне түсушілер мен қазақ бөліміне түсушілердің өту (поро- говый) балы арасындағы айырмашылық та жер мен көктей. (Бұл ту- ралы нақты мысалдар осы газеттің 17 қаңтардағы санындағы «Қазақ рухының өркені» атты мақалада да келтірілген).
Бұл жерде мұғалімдері жетіспей, оқулықтары бірде бар, бірде жоқ бо- лып жүріп бітірген ауыл мектептерінің түлектеріне сын жоқ. Ал Алматы мен Астананың мақтаулы мектептерін, облыс орталықтарындағы, басқа қалалардағы қазақ мектептерін бітірген түлектер неге жоғары нәтиже көрсете алмайды? Қазақ мектептерінде берілетін білімнің төмендігі тура- лы біздің намысымызға тиетін сөздерді айтушылар «тисе – терекке, тиме- се – бұтаққа» деп емес, осындай фактілерге сүйеніп айтатын болар?
Өзімізді «Жыл сайын жоғары оқу орындарына кешенді тестілеу арқылы қабылдау барысында қазақ мектептері шәкірттерінің жалпы көрсеткіштері төмен болғанымен, түлектері жоғары деңгейден көрініп жүрген жекелеген мектептер баршылық» («Қазақ мектебі – бүгіні мен болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілердің ал- дында «Аграрный Казахстан» газетінде жарияланған Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Ж.Үсіпбекованың мақаласынан) деп жұбатқанымызбен, факт – факт болып қалады емес пе?.. Бірен-саран мектептің жекелеген жетістіктері жалпы қазақ мектептерінде берілетін білім сапасының көрсеткіші бола ала ма?
Тағы бір мысал. Мектеп оқушыларының білім деңгейін көрсететін сынақтардың бірі – республикалық және халықаралық пән олимпиа- далары мен оқушылардың ғылыми жарыстары. Өкінішке қарай, та- яуда газет бетінде жарияланған «қазақ мектебінде оқитындар пән олимпиадаларының басым көп жүлдесіне ие болады» деген пікірдің шындықтың ауылынан алыстау екенін айта кеткім келеді. Ол үшін жыл сайын осы олимпиадаларды өткізіп тұратын мекеме – «Да- рын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры

Ү.Б. Жексенбаеваның біздің өтінішімізге орай берген мәліметтерін оқырмандар назарына ұсынайық:
2001-2002 оқу жылы өткізілген оқушылардың республикалық ғылыми жұмыстар жарысында 113 оқушы жүлдегер атанған, соның 44-і – қазақ мектебінің оқушылары;
Осы оқу жылында өткізілген республикалық пән олимпиадаларын- да 187 оқушы жүлделі орындарды иеленген, солардың үштен бірі, яғни 61 оқушы ғана қазақ мектебінде оқиды екен;
Өткен жылдың күзінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев халықаралық пән олимпиадалары мен спорттық жарыстарда ел намысын қорғаған ұл-қыздарымызды қабылдағанда, шет елдерде өткізілген білім бәйгелерінің жүлдесін алған 41 оқушының аттары мақтанышпен ай- тылды, солардың алтауы ғана (2 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлдегер)
– қазақ мектептерінің оқушылары. Рас, жүлдегерлер ішінде қазақ- түрік лицейлерінің 25 оқушысы бар, бірақ бұл лицейлерде негізгі сабақтардың ағылшын тілінде, сосын түрік тілінде, одан кейін барып, негізінен гуманитарлық пәндер қазақ тілінде өткізілетіні туралы ай- тылмай жүрген жоқ. Ал жүлде алған балалардың басым көпшілігі жа- ратылыстану бағытындағы пәндер жарысына қатысқан.
Бұл фактілер де біздің қазақ мектептерінде берілетін білім сапасын жақсарту керек деген ішкі ойымызды орнықтыра түседі. Осы орай- да мектепте жақсы білім берудің озық тәжірибесі біздің елімізде де баршылық екенін айта кету парыз. Соның біреуіне тоқтала кетелік. Өткен жылдың желтоқсан айында Білім және ғылым министрлігі мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізген инновациялық әлеуметтік-педагогикалық жобалардың екінші республикалық фестивалінде Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы арнайы мектеп-интернаттың басшысы Нәсіпқали Дәулетов «Дарынды балалармен жұмыс істеу жөніндегі үздік мектеп директоры» атағына ие болды. Бұл мектепте жоғары оқу орнының оқытушылары сабақ беріп, ба- лалар студенттермен бірге университет кітапханасын пайдаланады екен. Үш оқушысы МГУ-дің А.Колмогоров атындағы математика мектебіне оқуға қабылданыпты. Биылғы жылы мектеп бітірген 33 түлектің 31-і мемлекеттік грант пен несиені иеленген! Тестілеу бойынша орташа балл 99,5 болған. Міне, осындай тәжірибені неге таратпасқа? Және Алматы мен Астанада, облыс орталықтарында оған жағдай да бар ғой.
Балалардың білімін өсіріп, қабілетін ұштауға түрлі интеллектуалдық ойындардың, өнер жарыстарының, пікірсайыстар, тапқырлар ойындарының, байқаулардың қосатын үлесі мол. Оқушылар арасын- да өткен бағдарлама жүргізушілер байқауының жеңімпазы ретінде

оқушы қызымды қалада өткізілетін осындай іс-шараларды жүргізуге жиі шақырады. Қызыммен бірге барып, сондай іс-шараларға та- лай рет қатыстым, талай рет балаларымыздың нашар дайындығына, солғын ойынына, соған сәйкес көрсеткен нәтижесіне ренжіп қайттым. Өкінішке қарай, біздің мектептерде осындай шараларға тиісінше мән бермеу, үстірт қарау бар сияқты. Бекер-ақ.
Мектеп және ата-ана
Мектеп туралы айтқанда айналып өтуге болмайтын тақырып – тәрбие мәселесі екені белгілі және бала тәрбиесіндегі ата-ана мен мектептің рөлі бір-бірінен ажырағысыз ұғым болғандықтан, бұл тұрғыда да біраз ойласатын жайларды ортаға салғым келеді. Әуелі өзімізден бастайық. Мектепте ата-аналар комитеті дегеннің бар екенін бәріміз де білеміз, жиырма жылдың ішінде сыныптың, мектептің ата-ана- лар комитетінің мүшесі бола жүріп байқағаным – ол негізінен бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамайтын ата-аналардан құралады екен. Бір айта кетерлік жай (сынып жетекшілері менің сөзімді растайтыны анық)
– ата-аналардың барлығы да ата-аналар комитетінің мүшесі болудан ат-тонын ала қашады, тіпті кейде адам қарап тұрып ыңғайсызданады. Осы жылдары тағы бір көз жеткізген нәрсем: қазақ мектептерінің ата- аналары сынып жоғарылаған сайын ұл-қыздарының жиналысына бару- ды сирете береді. Біздің ата-аналарымыздың тап жиналыс өткізілетін күні не шұғыл жұмысы болып қалады, не қонақ кеп қалады – әйтеуір қазақ үшін баласының оқуы мен тәрбиесінен басқасының барлығы да маңызды ма деп ойлайсың. Кейде тіпті Фариза ақын: «Әке-шеше болу да – сынақ қатал; Уын, балын күліп те, жылап татар...» деп жырлайтын ата-ана азайып бара ма деген күдік те ұялайды.
Реті келгенде, қазақ мектебінде берілетін тәрбиенің артықшылық- тары – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома дәрежесінде екенін атап өткім келеді. Ұлттық әдет-ғұрып, салт-санамызға бағытталған тәрбиеден нәр алған балаларымыздың үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, әдептілік, бауырмалдық сияқты қасиеттері орыс мектебіндегі тұрғыластарынан қашанда асып түсіп жатады. Дей тұрғанмен де, біздің балаларымыздың мінез-құлқындағы осындай жақсы қасиеттерді олардыңжасқаншақтығы, орынсыз ұялшақтығы, керексіз жерде төменшіктеп, өзінің іс-әрекетін түсіндіре алмай, көзімен жер шұқып тұратыны жуып-шайып жібереді. Бұл әсіресе, ауыл мектебіне тән. Неге олай?
Ұзақ жылдар бойы өзімді толғандырған осы сауалды талай адамға қойдым – әркім әрқалай жауап берді, бірақ бәрінің бір ұшығы мек- тепке келіп тіреліп жатады. Соларды түйіндеп айтсақ: Біздің мек- тептерде баланы тұқыртып тәрбиелеу басым. Бұл – ешбір ата-ана

мінбеге шығып, немесе баспасөз арқылы мәлімдемегенімен, өзара пікір алысуларда, қағаберістерде (кулуарларда) жиі айтылатын және ашына айтылатын жай.
Басқа халықты білмеймін, бізде «Үлкеннің айтқаны қашан да дұрыс» деген жазылмаған қағида бар. Кей-кейде үлкен кісі артықтау сөйлеп тұрса да, жастарымыз оның шашының ағын сыйлап, қарсы пікір айтпайды. Ал ең жаманы сол, қазақ мектептеріне осы қағида
«Мұғалімнің айтқаны қашан да дұрыс» деп көшіріле салған сияқты. Түрлі жағдайларда (мектеп болған соң, бала болған соң кездейсоқ жағдайлар аз болмайды ғой) баланың өз іс-әрекетін ақтамақ болған тал- пынысы, мұғалім ұстанған көзқарасқа қайшы пікір айтуы тәрбиесіздік, әдепсіздік, тіпті, көргенсіздік деп танылып, «тәрбиелеу» науқаны басталып кететініне талай ата-ана куә болған шығар. Содан кейін бала қайдан жалтақ, жасық болмасын? Мұндай қасиеттер кейін оның өмірден алар талай несібесінен қағары да сөзсіз.
Бізде қызмет істейтін өте білімді, оқып-тоқығаны көп келіншек қазақ мектебіне берген баласын екінші сыныпта орыс мектебіне апарып берді. Себебін сұрап едім, мұғалімнің баласына орынды-орынсыз ұрсып, зекіп, жасытып тастағанын айтты. «Сенесіз бе, балам жалтақтап, бізден де қорқатын болды. Және мені ойландырғаны балам «олай істеуге болмай- ды» деп емес «апай ұрсады» деп сөйлейтін болды» деді.
– «Қазақ» десең өзімізге тиеді,– деді бірде ата-аналар жиналысынан шыққан көршім налып, – үлкен баламыз орыс мектебінде оқығанда басымыз ауырмап еді, мына мектепте баланың сабағынан гөрі күрте киме, костюм ки, ана жермен жүрме, мына жерде тұрма дегенге көбірек көңіл бөлінеді екен. Баланың пікірімен санасу, оның кішкентай да бол- са ТҰЛҒА екенін мойындау деген атымен жоқ. Тек мұғалімдікі дұрыс! Осы күндері баламды орыс мектебіне ауыстырып жіберсем бе екен деп ойланатын болып жүрмін.
Мемлекеттік тілдің Парламент қабырғасында орнығуы үшін бір кісідей-ақ рет төгіп жүрген Мәжіліс депутаты Әбдіжәлел Бәкір бұл мәселені тереңдете түсті: «Теледидардан берілетін түрлі хабарларда, мейрам күндері көшеден алынатын кездейсоқ сұхбаттарда қазақ балала- ры мен басқа балалардың сөйлегендерін салыстырып отырып, қарадай намыстанамын. Орыс тілді балалар жұтынып, тақ-тұқ етіп тұрады, ал біздің ұл-қыздарымыз берекелері кетіп, ойын айта алмай, айыпты адам- дай көздерін ала қашып тұрғаны… Педагог ғалымдар баланың жалтақ, жасық болуы оны орынсыз шектеп, қақпақылдаудан туындайтынын ай-

тады. Сондықтан бұл ретте, бізде педагогтар құрамына айрықша көңіл бөлу қажет, бала бақшаларды, мектепті баланы ерекше қастерлейтін, сәбидің психологиясы мен жанын терең де нәзік сезінетін кадрлармен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет.»
«Балам оқыған №15 мектепте былтыр химия пәні жарытып өткен жоқ, сосын биыл жаңа №17 мектепке беріп едім, – дейді тағы бір та- нысым.– Таяуда мұғалімі пән олимпиадасына қатысасың депті. Ау, олимпиадаға қатысатын баланы алдын-ала дайындамай ма екен? Ар- найы бағдарламамен оқытпайды ма екен? Балам былтырғы жылдың бағдарламасын игермегенін, қатыса алмайтынын айтса, ұстазы оны қиқарлыққа санап, әбден ұрсыпты. Сосын «құлаққа тыныштық керек» деп, бала олимпиадасына барып келді. Бос барып, бос қайтты, әрине. Бірақ, мұғалімі «осынша бала қатысты» деп, жақсы атты атанды. Қазақтың әдеті ғой науқаншылыққа салатын».
Біздің мектептерде ондай науқаншылықтың бар екені де рас. Аста- нада №38-мектеп-лицей ашылғанда, ел ордасына келетін қонақтарды апаратын объектілердің бірі сол болды. Келетін қонақтардан мектеп ұстаздары да (оларды күтіп алу керек, толып жатқан қағаздар дайын- дау керек, мұғалімдердің онсыз да аз айлығынан ақша жинап, шәй беру керек, т.б.), оқушылары да (балалардың ақ көйлек, қара шалбар (юбка) киюіне қатаң тексеру жүргізіледі, кездейсоқ бозғылт па, сарғыш па көйлек кие қалған балалар сөгіс естіп, үйлеріне қайтарылады, үзілісте ойнауға болмайды, т.б.) ығыр болғанын білеміз. өкінішке қарай, әлі күнге солай.
Әрине, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп, мақтанатын мақала жазғанға не жетсін! Бірақ қазақ мектептері үшін ондай мақтаныштың ауы- лы әлі алыстау екенін, шешілмеген проблемалар көп екенін жыл соңында министрлік мұрындық болып өткізген ғылыми-тәжірибелік конференция көрсетіп берді. «Қазақ мектебі – бүгіні мен болашағы» деп айдар тағып, мақтау айту, марапаттау емес, үлкен ойласу жиынының өткізіліп, көп көкейінде жүрген жанды мәселені қозғалғаны – сүйінерлік жай.
Ол рас, еліміздің бұрыш-бұрышында мектеп өмірінде болып жатқан жағымды жаңалықтарды: ауыл мектебінің жағдайы Үкімет алдына мәселе болып қойылуын, мектепті жаңа бағдарламаларға сәйкес оқу құралдарымен қамтамасыз етудің жақсаруын, қазақ мектебінің бүгіні мен болашағы ғылыми тұрғыдан сарапқа салынуын халық осы саланың тұтқасын Ш. Беркімбаеваның ұстауымен байланыстырады. Сала про- блемаларын, мектептің атмосферасын жақсы білетін басшының білім саласын алға бастыру үшін басқа да асқаралы міндеттерді алға қойып отырғанына күмән жоқ. Сол міндеттің бір тармағы болып – қазақ мектебінде ұраншылдықтан арылып, берілетін білім сапасын іс жүзінде жақсарту, тәрбие жұмысында қалыптасқан біз тілге тиек еткен және етпеген жағдайларды болдырмау үшін қалыптасқан психологиялық ахуалға түбегейлі өзгеріс жасау сияқты мәселелер қамтылса деген де тілек бар.
Сын айтудағы мұрат – кемшіліктердің түзелуі болса керек-ті, оны көзі ашық, көкірегі ояу азаматқа айтудың өзі артық. Кемшіліктерімізден арылу үшін жауырды жаба тоқымайық, осал тұстарымызды біліп, соны түзетуге ұмтылайық. Қайткен күнде де өзіміз оқыған, балалары- мыз оқып жатқан, келешекте немерелеріміз оқитын қазақ мектебінде берілетін білім сапасын бүгінгі қалпында қалдыруға болмайды.
Бұл – қазақ мектептерінің түлектері оқу орындарына қиналмай түсіп, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конфе- ренциялардан айдарларынан жел есіп, жеңімпаз боп келуі үшін керек. Қазақ мектептерінің түлектері күні ертең халық шаруашылығының бар саласында тіршілік тұтқасын өз қолдарына алатын мықты маман- дар болып шығуы үшін керек.
«…қазақ мектебінде білім сапасы төмен» деген әңгіме намысына тиіп жүрген мың сан ата-ананың арманы да – сол.


2003 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу