Эсселер ✍️

  20.06.2022
  189


Автор: Камал Әлпейісова

ҰЯТ ТУРАЛЫ

 


«Ұят болады...» Әке-шешенің аузынан шыққан осы сөздердің тереңіне үңіліп, мағынасын зерттеп жатпай-ақ, әлдебір шетін, әрісі ел-жұрт, ағайын-туған, дос-жаран алдында, берісі сол сәтте ескер- ту жасаған адамның алдында өзіңді қысылтып-қызартатын істерден сақтандыру екендігін кім-кімде бала кезден-ақ түсініп өседі. Түсініп қана қоймай, ұятты адамдықтың өлшемі етіп өмір сүретіндер қаншама. Әдетте, маманға берілетін мінездемеде оның ақылдылығы, білімділігі мен біліктілігі қалай бағаланса, адамға берілетін мінездемеде оның кісілік қасиеттеріне – әдебіне, ар-ұяттан аттамайтынына ерекше мән берілетіні бекер емес. «Ұятсыздың қасында жүрсең бір күнде мың өлесің» дейді халық даналығы, сондықтан да ондай жандардан іргесін аулақ салып, жас ұрпақты тәрбиелеуде «арсыз қолым істегеннен арлы бетім ұялды» деп күн кешудің қорлығын үнемі еске салып отырған.
Бұл сөздердің әсіресе, «қырық үйден тыйымы» бар қыздарға қарата көбірек айтылатыны және рас: «Ашық-шашық киім киме, ұят бола- ды...», «жеңілтек болма... ер адамның алдында ойқастама... сүйреңдеп сөйлеме... үлкен кісінің сөзін бөлме...» деген толып жатқан тыйымдардың ар жағында бір-ақ ауыз уәж тұрады – ұят болады. Оның жөні де бар: аз күнгі қонақ деп бетіне келмей үлпілдетіп өсірген қыз баланың бір ша- лыс басуы, әдептен бір аттауы «еркек шатасса әшкере болар, әйел ша- тасса масқара болар» дейтін қазекем үшін өліммен тең. Сондықтан да халықтық педагогика қыз баланы «қасықтап жиған абыройды» абайсыз ісімен ақтара салудан қорғаштап, осылай әсіре сақтық танытады.

Ұлы Абай отыз алтыншы қара сөзінде: «Пайғамбарымыз салалаһу ғалайһи уәсәләм хадис шарифінде айтыпты: «мән лә хаячүн уәлә има- нум ләһу» деп, яғни «кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деген... Шын ұят сондай нәрсе – шариғатқа теріс, я ақылға теріс, я абұйырға теріс бір іс болады» дейді. Ал мұсылман үшін имансыз болу- дан асқан жаза бар ма? Содан да болар, ара-тұра айналамызда болып жататын ұятты, келеңсіз жайларды көргенде, солар туралы естігенде адамдар «ұят болады» деген уәжді түсініп қана қоймай, ойға алған ісінің нәтижесін, салдарын алдымен ұят таразысына салып көрсе-ші деген ой келеді. «Әй, осыным үшін ұятқа қалып жүрмеймін бе?» деп ойланса ше? Онда өмірде болып қалатын ұятты жайлар азайып, қоғам имандылыққа бет бұрар ма еді?
Жаратушымыз пендесіне дарытар қасиеттерді адамның бойында сіңіргенде ақылды – миына, мейірімді – жүрегіне қондырып, ұятты бетінің ұшына жайғастырыпты деген аңызды оқығаным бар. Әлденеден ұялыс тапқанда бетіміздің ду ете қалатыны содан болар. Ұялмайтын адамдар туралы айтылатын «қызаруды білмейді екен», «беті қалың екен» деген сөздердің төркіні де сонда жатса керек.
Философиялық сөздікте «ұят» деген ұғымға «Моральға жат қылықтар жасаған кезде адам бойында пайда болатын сезім; ұят сезімін тудыратын жат қылықтар қоғамдық-тарихи сипатта және мо- раль нормаларының эволюциясына тікелей қатысты болады; ұялған адамның белгілері – бетінің қызаруы, төмен қарау, бетін басу» деген анықтама беріледі. Мұның өзі қазақтың сан ғасырлық өмір елегінен өткізіп, тұжырымдаған «Пенденің ұяты бетінде; Ұяттың салмағы мың батпан; Бетті бастым, қатты састым...» деген сөздерімен үндесіп жатқаны ұяттың мәңгілік категория екенін айғақтайды.
Ұят – адамзаттың жанына тыншу бермей, ойландырып келе жатқан ұғым екендігіне ежелгі ойшылдардан мұраға қалған қанатты сөздер дәлел. Даналық сөздерді кім, қалай, қашан айтса да, бір нәрсенің басы ашық – оларда ұят ұғымы мен адамдық, адалдық, имандылық ұғымдары қатар тұрады. Бірде «Ұят нәрсе істеген адам ең алдымен өзінен ұялуы тиіс» (Демокрит), «Ұят – адамдықты танытатын ең бастапқы белгі» (Платон) деп адамның адами қасиетін биіктетсе, бірде
«Заңмен тыйым салуға болмайтын нәрсеге кей уақта ұят тыйым сала- ды» (Сенека) деп ұяттың күшін аса жоғары бағалайды. «Ұят – адам өз мінез-құлқынан басқалардың жиренуін көргенде оның бойында пайда болатын мұң» деп тұжырым жасайды Бенедикт Спиноза. Ал Эразм Роттердамскийдің «Ұят дегеніміз – адалдықтың масқара болып

қалмайын деген қорқынышы» деген анықтамасы ұят сезімінің мәнін одан әрі аша түсетін сияқты. Шындығында да адалдықтан аттау – ұятқа қалуға апаратын жол емес пе?
Ұлыларды толғандырып, ұлтымызбен ғасырдан ғасырға бірге жа- сасып келе жатқан осындай ұлы қасиет туралы бүгінгілердің ұғым- түсінігі қандай екен деген ой келетіні бар. Ол маған бірте-бірте азай- ып бара жатқандай көрінеді кейде. Сіздерге ше? Аялдамаларда, оқу орындарының алдында үйіріліп тұрған бозбалалардың даурыға айтқан әңгімелерін құлақтарыңыз талай шалған болар? Естіген жан ұялады, себебі екі сөздің бірі – былапыт, боғауыз. Өздері еш ұялмайды. Қыздар тұрса да, таяу жерде ғана үлкендер, бөтен адамдар тұрса да. Бірде солар құралпы бір жасөспірімнен былапыт сөз қосып сөйлеулерінің мәнісін сұрадым. Олардың ұғымынша, әкеден, шешеден түк қалдырмай, одан қалды, басқа тілдердегі былапыт сөздерді араластырып сөйлеу – ер- кек болғанның белгісі көрінеді. Сонда ол балалардың әкелері еркек болудың боғауыз айтумен, немесе темекі шегіп, шырт түкіріп тұрумен өлшенбейтінін түсіндірмей ме екен деп ойлаймын тағы.
Әдетте, аялдамалардағы үлкен адамдар ондай сөздерді естімеген сыңай танытып тұра береді. Өткенде өз ортамызда осы тақырыпқа әңгіме туындап, «Олар (жасөспірімдер) әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқтығына әбден үйренгендіктен өздерін батыл ұстайды. Сондайда үлкендер неге ескерту жасамайды?» деген сұраққа жауап іздедік. Және бұл жай қызуқандылықпен емес, талай ескерту жасап, балалардың ұялыс тауып қалғанын көрген адамның аузынан шығып еді. Сонда ішіміздегі жасы үлкендеуіміз «қайтемін қан қысымымды көтеріп?» дегені!
Шындығында, үлкендер осындайда «Балам, бұлай сөйлегенің ұят болады» деп неге айтпайды екен? Әке-шешеміздің өзімізге айтқанын жас ұрпаққа енді біз айтуымыз керек қой! Қанша былапыт сөйлесе де негізінен олар тексіз, көргенсіз біреулер емес, өз балаларымыз, бар болғаны «еркек болғанын» дәлелдегісі келіп тұрған жасөспірімдер екенін ескере бермейтініміз неліктен? Үйде әке-шешесі, мектепте, уни- верситетте ұстазы, көшеде тап сондай ұл-қыз өсіріп отырған біздер, ересектер, «қалқам, ұят болады» деп айтып отырсақ, жасөспірім бала- лар періште ауыздарын ластап, тап осындай ұятсыз сөздер айтуын қояр еді деп ойлаймын. Бірден болмаса да, бірте-бірте өздерін көпшілікте ұстау мәдениетін игерер еді.
Ұлдар қыздардан ұялмайды дейміз, ұялмауының себебі неде деп ойланып көрейікші? Аруларымыздың нәзіктігін, ер адам аялағысы,

қорғағысы келіп тұратын нәзіктігін жоғалта бастағанынан емес пе? Өздері ашық-шашық киінуден, сол арқылы жалаңаш тәндерін жарнама- лаудан қымсынбайтындығынан ба, әлде? Бойжеткендеріміз мықынынан келетін джинси шалбардан отырған кезде іш киімдері көрініп тұратынын ұят санамайтынын байқаған шығарсыздар. Сонда олардың шешелері
«қызым, былай киінген ұят болады» демей ме екен?
Жаздыкүні көршім автобус ішінде бір жолаушының жолақысын төлеуге берген тиыны алдыңғы орындықта отырған қыздың сондай жартылай ашық джинсиіне түсіп кеткені туралы айтып келді. Авто- бус толы адам қыран-топан күлкіге батыпты да қалыпты. Көп ішінен арзан күлкі іздегендер де табылып «Әпер тиынды.., ой-бұй, енді қалай аласың? өзің әпересің бе, әлде?» деп әбден қылжақтапты. «Киім киісін жақтырмай отырсам да, бір сәтте бейшара боп қалған қызды аяп, араласуға тура келді», - дейді көршім. – Жарайды, қойыңыздар. Өзіне осы да сабақ болатын шығар. Дұрыстап киініп жүрсең жұрттың мы- надай мазағына қалмас едің» дегенімде, ебедейсіз ыржиып тұрған қыз жылап жіберді», дейді.
Тыңдап отырып, бір жағынан автобус толы адамның күлкісіне қалып, қорланған жас қызды аясам, екінші жағынан «Осы жайдың алдын алуға болар еді ғой. Айналасындағы жанашырлары, анасы, апа-жеңгелері неге айтпаған?» деген ой келді. Жастардың орынсыз істерінің, жөнсіз қылықтарының ар жағында көп жағдайда үлкендердің де кінәсі бар екендігін мойындауымыз керек. Дер кезінде айтпауымыздың, түсіндірмеуіміздің, керек жерде шек қоя білмеуіміздің салдары ұлдарымызды дарақы, қыздарымызды сорақы етіп көрсетер жайларға әкеп соғатынына бұдан да басқа толып жатқан мысалдар келтіруге болады.
Әуел баста «Дауыс International» деген топтың көгілдір экранға Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әнімен шыққаны жұртшылықтың есінде болар. Талай дүлдүл әнші шырқаған сұлу әнді төрт қыз тіптен құлпыртып жіберді. Ән мен әншілердің ішкі-сыртқы сұлулығы бір- бірімен әдемі қабысып, тыңдармандарды бірден баурап алды. Төрт қыз қатысатын концерттерді қалт жібермеуге тырысатын талай жан олардың жанкүйеріне, адал тыңдарманына айналды. Қасы-көздері қиылған сүп- сүйкімді төрт аруға қарасаң көз тоймайтын: киім киісі де келісті, өздерін ұстауы мен ән айту мәнері де ерекше, ел алдындағы әдебі де әдемі-ақ еді. Көрген адамды сүйсіндірмей қоймайтын.
Өкінішке қарай, қазір мүлде олай емес. Әлдебір дүлей күш төрт қызды күрт өзгертіп жібергендей: бір жазда кенеттен торсиып шыға келген төстерін жарым-жартылай ашып тастап, ирелеңдеп, қылмыңдап тұрған қыздарды көргенде... әйелге қарата айтылатын ең жағымсыз

теңеу өздігінен ойға оралады. Шетелдік әншілерге, ресейлік «ВиаГРА» сияқты топтарға еліктеп, әнімен, әуенімен баурауды емес, жалаңаш тәнімен назар аудартуды мақсат ететін осындай әншілердің клиптерін көргенде «Осы қыздардың әке-шешелері бар ма екен? Төсекте аунап, денелерін сипалап, ыңырси ән айтуға әкелерінен ұялмайды ма екен?» деген ой келеді. Сіздерге ше?
Әлде әке-шешелері қазақи әдеп нормаларын ұстаушыларды «артта қалғандар» деп санайтындардан ба екен?
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, ұмыт бола жаздап қайта оралған Наурыз мерекесін тойлай бастаған кезімізде қазақтың бесікке салу, тұсау кесу, келін түсіру, беташар жасау ғұрыптары да сахналап көрсетіле бастады. Арада шамалы уақыт өткенде қаһарман Баукең атамыздың келіні Зейнеп Ахметованың беташардың тап осылай сахна- лануына наразылық білдірген сұхбатын тыңдадым. «Мейрамдарда жас келіннің рөлін әлі тұрмыс құрмаған өрімдей жас қыздар ойнайды. Бе- ташарды қайта-қайта жасағаннан оның тіпті еті өліп кетеді ғой. Ертең өзі ақ босаға аттағанда беташардың жас келінге жүктер салмағын да сезінбейді олар. Ұялыс тауып, жүзі алаулап, ибамен сәлем салудың орнына, жиналғандарға жағалай қарап, «рөлімді қалай ойнадым?» деп қошемет күтіп тұрмай ма» деген ой айтып еді.
Өкінішке қарай қазіргі қыздарымыздың арасында, және оң-солын танымайтын жас емес, оқыған, білімді, тәп-тәуір қызмет істейтін қыздардың ішінде беташар түгіл ақ-адал неке, ата-ана батасымен от- басын құру мәселелеріне жеңіл қарайтындар, көңілі қалаған еркекпен бірге тұра беруді ұят санамайтындар бар екені жасырын емес. Және ондай «еркін» қыздарды алыстан іздемей-ақ, өз орталарыңыздан таба аласыздар. Өзім куә болған осындай жайлар туралы бұрын да бірнеше мәрте жазғанмын, таяуда ғана тағы бір оқиғаның бел ортасын- да жүруіме тура келді. Қызмет орнында алғырлығымен, іскерлігімен мақталып жүрген бір қызбен оның ортасы біле қоймайтын ұят ісіне
– некелі әйелі, қос бірдей баласы бар еркекпен жүріс жасап, сүттей ұйыған отбасының шырқын бұзуына байланысты әңгімелестім.
Жасыратыны жоқ, кездесуге жүрексініп келдім. «Сүйіспеншілік» деген ешкімнің рұқсатынсыз келетін ғажайып сезімнің тұңғиығына енді бойлаған қыз болса, жасып, жылап қалады-ау» деп аяп келдім. Бәріміз де ет пен сүйектен жаралған пендеміз ғой. Сүюдің, сүйікті болудың бақытын өзім де бастан кешкен соң «өмірде кім адаспайды, ақылмен жол сілтейін» деп келдім. Мені таңқалдырғаны: қандай мәселемен келіп отырғанымды естіген кезде ол қыздың тым құрымағанда көзін төмен салып ұялмағаны болды. «Ойпыр-ай, беті бүлк етпеді ғой» деп

секем алып қалсам да: «Шырағым, өзің жап-жас екенсің, түрің де әп- әдемі көрінеді. Біреудің отбасын бұзба, балаларын әкесінен айырма. Біреудің көңілдесі болғанша, өзіңнің теңіңе қосылып, ақ некелі жары бол, бақытыңды тап деп айтуға келдім. Ұя бұзды деген сөз ата-анаңа да оңай тимейді, оларды да ая» дедім.
Бекер секемденбеппін. Әдетте қазақы ортада өскен қыздарға қарағанда орыс мектебінде оқығандар өжеттеу болатынын білетінмін. Бұл қыздың өжеттігі бірнеше адамға жүк боларлық екен. «Сіз айтқан нәрсенің бәрін мен өзім де білемін. Балаларымен араласа берсін, мен оған тыйым салмаймын (!) Әйелі бар адамды сүймеу керек деген тый- ым жоқ, оның несі ұят?» деп суырылып сөйлегенде жағамды ұстадым. Аянышымның бекер екендігіне, сүйген, жүрегі елжіреген мейірімге толы жанмен емес, өз басының қызығы үшін кімді болсын (мейлі ол бүлдіршін сәбилер болса да) қуанышынан айырып, құрбандыққа шалуға дайын аяр әйелмен кездескеніме көзім жетті.
Бәрінен де қатты шошындырғаны «анам мені түсінеді, рұқсатын береді» дегені болды! Мен ойлаушы едім аналардың барлығы балала- рын «біреудің көз жасына қалма», «тұрмыс құрмай еркекпен тұру ұят болады», «ерлі-зайыптылардың некесін бұзу күнә» деп тәрбиелейді деп. Қызының бала-шағалы адаммен пәтер жалдап тұруын құп көріп, рұқсатын беріп отырған әйелдің қандай ана болғаны сонда?!
«Әлі де кеш емес, ойлан. Біреуді жылатып бақытты бола алмайсың, жазықсыз жандардың көз жасы жібермейтінін ұмытпа» деп мен кеттім. Өзінікін жөн көріп ол қалды. Содан кейін «әуелден, ата-ананың тәрбиесімен сіңген ұяты жоқ болса қанша шырылдағаныңмен ол пай- да болмайды-ау, сірә» деп тұжырым жасадым. Ойыма ақынның қыз баланың сүйіспеншілігі туралы жазған өлеңі оралды:
Бір жүрмедік күн астында шуақты, Сыр ашпадық Ләйлі-Мәжнүн сияқты. Байғұс қыздар өз сезімін құрбан ғып Алға қояр намыс пенен ұятты…
Қайран, намыс пен ұятты бәрінен биік қоятын үркек сезімді қазақ қыздары, жиырма бірінші ғасырға сендер әспеттеген сезімнің көбі жет- пей қалғаны ма сонда?
Басқаны қайдам, өз басым бір шаруаны келістіре алмасам, күні-түні соны ойлап, мазам кетеді. Сол бір жағымсыз әңгіме есіме түскен сайын жетесіне жеткізіп, ұятын оятудың басқа да амалдарын қолдануым керек пе еді деген ой тынышымды алып жүргені. Тіпті «білімді, зерек, талап- ты қызметкер» деп жүрген мақтаулы қыздарының қандай ұятты іс істеп жүргенінен ортасы бейхабар екендігі, жас маманның болашағына қиянат

келтірмейін деп оларды хабардар етпегенім бекер болды ма деп өкінгенім де рас. Ортасына білдірмей жүрген жүрісінің қыз бала үшін масқара екенін бір мен емес, ұжымы, әріптестері айтса, ұялыс тауып, тыйылар ма еді?
Екінші жағынан олай етпеуіме әлгі қыздың бір ауыз сөзі себеп бол- ды. Ортасы туралы сөз қозғалғанда «қазір кім-кім де біз сияқты жүреді. Біздің қатарларымыз да, бізден үлкендер де» деп еді ол өрекпіп. Мені оның осы ақпараты ойлантып тастады. Ұят ол мекемеден ұялып кетіп қалды ма екен?
2009 ж.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу