Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  80


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Жарқыным-ай, осылай пешенеміз...

Жарқыным-ай, осылай пешенеміз,
Өстіп жүріп тірлікке төселеміз.
Жасымашы, қылаудай ренжіме,
Бір күндері көгерер көсегеміз.
Бірімізге біріміз селбесеміз,
Өстер ме едік, үлкендер сенбесе біз?
Жығыламыз, қайтадан оңшаламыз,
Қиындықпен қасқая белдесеміз.
Шыда, шыда.
Егіліп жасқанбағын,
Сездірмеші, еңсеңді басқанда мұң.
Оңайлықпен түспейді уысыңа,
Қолың жетпес асылың аспандағың.
Бар қуатың, сенемін түгесілмес,
Жібермегей тірлікке үлесіңді еш.
Өжеттікті көрем де әлденемін,
Өмір – күрес,
Арпалыс,
Күйесің бе еш?
Кейи көрме әр түрлі адам деген,
Суымасын сезімің маған деген.
Пана болар жаныма мөлдірлігің,
Ылайлансаң, айнамкөз, табанда өлем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу