20.06.2022
  93


Автор: Ұзақбай Доспанбетов

ҚҰС ҮНI

 


Қабырғасы көптен əктелмеген, күтiмсiз шатырлы үйдiң сырт жағындағы үлкен алмаағаш көлеңкесiндегi ескi кереуетте жатқан ауру адам бүгiн мүлдем бəсең. Күрт төмендеп кеткен халiн ауру өзi сезсе де басқаларға үндеместен сұлық жатыр.
Сəл аулағырақта, мыжырайған ескi тауық қорасына таяу қазылған жерошақта, үлкен қазанға толтыра iркiт қайнатып, əрi- сəрi болып жүрген Бибiш күйеуiнiң қыбырсыздығына мəн беретiн емес. «Қашанғы аунақшып, шарқ ұра берсiн, iштегi дауыл дерттiң бiр сəт тыншығаны шығар»,– деп ойлаған. Үнемi қолбайлау болып, кесе-көлденең тұратын кесапаттың дамыл тапқанын пайдаланып, таудай боп үйiлiп қалған шаруасының тым құрыса бiразын тындырып тастамаққа жан ұшыра кiрiскенi едi.
Бала-шаға бəрi ержетiп, үйлi-баранды болып кеткенмен, бұл үй əлi күнге екi сиыр сауады. Ауру Еркiнбек сүт атаулыны аузына татып алмағалы қашан. Бибiштiң өзi де шайға қатқаны болмаса, ақты оншама опырып бара жатқан жоқ. Сонда да екi сиырдың ағыл-тегiл сүтiн ол далаға төкпейдi. Қарын-қарын май шайқап, ең ақыры оның iркiтiн де кəдеге жаратады. Қалада тұратын баласы əйелiмен, қызы күйеуiмен əке-шешесiнiң үйiне опыр-топыр боп келген сайын, тораша, сөмкелерiн сары май мен құртқа, ара- тұра iрiмшiкке толтырып əкетедi. Бiрде баласы шешесiне жаны ашығансып:

– Апа-ау, əкемнiң сал боп жатқаны анау. Ақыр өздерiң iшiп- жеп жатқан жоқсыңдар. Осы екi сиыр ұстап əуреленбей-ақ қойсаңдар қайтедi? Бiз аштан өлер деп пе ең? Қалада дүкенде май дегенiң толып тұр,– деген. Бары сол ғана. Ал келiншегi ақ бiлегiн олжаға молырақ батырып, енесi берген май мен құртты барынша мұқияттап, буып-түйiп алды.
Еркiнбек өзiнiң күрт төмендеп бара жатқанын ұқты. Сонда да осы соңғы тынысымен жұртты мазалап, масыл болудан жаны бiржола безгендей тiстенiп баққанын ешкiм байқамас та едi. Қайта кереует үстiнде ақ жаймада рахат тыншу тапқанға ұқсайды. Жан жолдасы Бибiштi көрсоқыр еткен де сол. Əйтпесе жанкештi əйел күйеуiнiң қазiргi халiн ұқса, құлындағы даусы шығып, шырқырап естен танар едi. Бiрақ Еркiнбек жақтан тек тыныштық байқалады. Күйеуiнiң ыңқылы естiлмеген əрбiр минутты өзiне олжа көрiп, Бибiш қол-аяғын барған сайын ширақ қимылдатады.
Еркiнбектiң жейдесiн шылқылдаған су еткен мұздай тер ендi бүкiл денесiн, аяқ-қолына дейiн дiрдектете бастаған. Күн шуаққа шығарса қандай жақсы болар едi деп ойлады. Бiрақ оны айтар дəрмен де, ниет те жоқ.
Көптен қырылмай қаптап шыққан сақалының ағы көкке талаурай қараған жүзiндегi бозғылтым жылтыр реңдi молайтып, бет өңiрi де мойнымен қоса ұзара түскен. Ақпен қаптаулы көрпесi көкiрегiн жартылай ғана жауып, жағасы iшке бүктелген жейдесiнiң сарғыш түсi айқын байқалады. Үнемi термен ағыл- тегiл болып жататын ауру адамның iшкиiмдерi қанша жуғанмен ашылмайды ғой.
Бұл қарт майдангер адам едi. Сонау жалындаған жас шағында Сталинград шайқасына қатысып, талай бетпе-бет келген ажалдан да аман қалған. Өз басын өлдiге санап үмiтi үзiлген сəттерде- ақ көктен перiште кеп көтерiп əкеткендей ажалдан құтылған шақтары да болған.
Бiрақ сол шақтағы өмiр, тiрлiк қуанышы, əсiресе, қайта қауышқанда қандай жарқын болса, тап қазiр, ол аулақ, алыс қалып, бозғылт тұманға оранғандай сұрғылт, түсi суық.
Өзi жатбауыр тартқан өмiрден қашықтап, қайта шығар баспалдағы жоқ, терең тұңғиық жиегiне келiп тұрғанын сезедi. Соңғы қуат-күшпен тыныстап, тек қалт кетiп, үзiлiп түсер шағын күткен сыңайы бары өзiне соншама айқын. Осы сұмдық шындық үстiнде қыңқ демей тiстенуi өзiмен бiрге туған такаппарлықтан екенiн де бiледi.

Ол түске шейiн осылай жатты. Бибiш сал ауру күйеуiне бiр- екi рет байқастап қарағанында көз шырымын алып жатыр деп ұққан.
Үй шаруасы Бибiш үш күн, үш түн дамылсыз қимылдаса да түгесiлмейтiндей, қарап қалған шаруа қоя ма, бiрiнен соң бiрi анталап, ес таптырмады. Əрi бүгiн демалыс. Қаладан балалары, немерелерi ошарылып, келiп қалатын уақыт та таяу. Май да шайқады, сиырларының сүтi қойдiкiндей маңызды едi, ала қоржынның бiр басы толарлық iрiмшiк те дайын болды.
Сыртқа шыққан сайын күннiң төбеге қарай көтерiлуiн де бiр аңдып қояды. Балалары мен немерелерiн бiр жұма өтпей- ақ сағынып қалушы едi. Олар келетiн қарсаңда ауру адамнан қолының босағанына да дəн риза.
Маңдайында жақұттай жылтырап, тiзiлiп қалған терiн сүртуге де шамасы жоқ. Бұл тер өзiне де пайда, денесi бусанса қол-аяғы қайратқа толып, анау-мынау қимылға дес бермей кететiнi бар. Тек ауру тыныш болса екен.
Есiк алдына көлденең тоқтаған машинаға қарап, көйлегiнiң жеңiмен маңдай терiн асықпай бiр сыпырып тастады.
– Əже!– деп, үлкен немересi өзiне қарай бiрiншi жүгiрдi. Бұл келген – қызының үй iшi. Күйеу баласы да енесiне жылы ұшырай қарап, қолындағы екiншi ұлын тоса бердi:
– Ой, бұзық, əжеңе амандаспайсың ба? «Амансыз ба» – де,
«ой!»– деп, тiлi шықпаған баласының əжеге бажырая қарағанын өзiнше қызық көрiп, майда сөйледi.
Бибiш бəрiнiң де өзiне деген қошемет екенiн бiлiп, күйеу баласының осы ықыласын жерге тастамайын деген оймен, жұмыстан шаршаған денесiн сəл босаңсыта кiшi немересiнiң де бетiнен сүйдi. Жатырқап, қолын ербеңдеткен нəрестенiң жас исi мұрнына келгенде, қарт ана шын мейiрлендi.
Қызы сəл жымиғаны болмаса, əже мен немеренiң табысуына аса мəн беретiн емес. Бұл өзi бiтiмi сұлу келiншек едi. Əрi ерке өскен ол əке-шеше ошағының басына келсе қаршадай кездегi мiнезiн қайта табуға бейiм тұратын. Сол бала күнiндегiдей аласұрып кетпегенмен, аяғын сəнмен тастап, айналасына басқаларда жоқ еркiндiкпен қарайды.
Қыз да, күйеу бала да алмаағаш түбiнде жатқан əкеге сəлем берген жоқ. Олар аурудың тыншу тапқан халiн анадайдан-ақ байқаған. Тек күйеу бала қолындағы нəрестемен келiп, оның басына төнiп, бiраз қарап тұрды. Қызы сəл аулағырақтан əкенiң бас-аяғын бiр шолып шықты да, шешесiне қарай бұрылды.

«Зинам, Зинашым!»,– деп өзеуреп, үн қататын əке жоқтығын ол көптен бiлетiн. Екi дүниенiң ортасындағы қылдай шекарадан ары-берi ауа толқып тұрған əке өмiрiнiң барлығы мен жоқтығын, көзбен көрiп, көңiлге тоқи салар дағды қалыптасқан. Одан ары жетелейтiн түйсiк атаулыны ұзаққа созылған əке ауруының өзi-ақ жуып-шайып əкеткен.
Зина шеше шаруасына да қолқабыс етуге илiкпейтiн. Тек ауылдағы майда-шүйде, кəкiр-шүкiр тiрлiктiң қасында өзiнiң сұлу сымбаты ерекше жарқырап көрiнетiнiн түйсiнген сыңайы болушы едi.
Зиналардан соң Бибiштiң ұлы əйелiмен келдi. Екi үйдiң балалары ата мен əже ошағының басында табысып, мұндағы топырды көбейттi. Əжелерiне маңдайларын бiр-бiр иiскеткеннен кейiн, олардың бiтiретiн шаруасы – ойын.
Бұл – Алматыдан елу шақырымдай жердегi ауыл. Зиналар сол астанада, ал соңғы келгендер аудан орталығында тұрады. Бəрiнiң бастары қосылғанша Бибiштің немерелерi бiр-бiрiн қатты сағынысып қалатын.
Зина мен келiн бала екеуi тату құрбыдай. Бiр-бiрiн көре қалса оңаша əңгiмелерi таусылмайтын. Темiрбек пен күйеу бала да сондай. Өздерi асын iшiп, аяғын босатып жатқан шеше халiн олар осындайда жөндеп аңдамайды да.
Ал əке мүлдем ұмытылған. Жүректi сыздатқан жараға да адамның етi өлiп үйренiп кете ме? Əке басындағы хал бұлардың көкiректерiн ауыртпайтын болған.
Еркiнбек балаларының келгенiн немерелерiнiң у-шуынан бiлдi. Сəл сергiгiсi келiп, денесiн қимылдатып көрiп едi, арқасына мұздай термен жабысқан шыт жейде тiтiркентiп, ауру адамның халiн түзете бастағандай едi. «Ə, бүгiн жексенбi екен ғой»,– деп шамалады. Апырау, осы мен оңалып бара жатқам жоқ па деп мехнаты көп тiрлiктiң қайта оралуын онша хош көрмеген лажсыз пiшiнi бар сияқты. Əйтпесе, тап бүгiн таңертеңгiлiк, тiптi одан берiде кiм келiп, кiм қойып жатсын, жексенбi ме, басқа күн бе оны шамалайтындай жағдайы жоқ едi. Мойнына қыл арқан бiржола оралғандай күрт кетiп бара жатқаны айдан анық болатын. Əлдене осы тұста Еркiнбектiң көңiлiн босатты. «Зинашым, Темiрбегiм!» дегiсi келiп, келiн, күйеу балалардың есiмдерiн қоса атамаққа əрекеттендi. Бiрақ үнi құрғыр жоқ. Өз əлсiздiгiне қатты шамырқанған ол iштей булығып, түйдектелетiн ашу-ызаның да тап қазiр қарымы кiшiрейiп, сөнiп бара жатқанын байқады.

Еркiнбек қинала түстi. Кеңiрдегiн əлдекiм темiрдей саусақтарымен қылғындырып, кеудесiне тiзесiн салып, жаншып бара жатыр ма? Адамдағы əлсiздiктiң ең бiр жетер шегi осы екен- ау деп ойлады. Қу сүйегi ендi өзiнен-өзi ауырлап, мұның шыбын жанын шырылдатып, қаусап бара жатқан сияқты. Əлде үстiндегi бiр қабат жейде мен көрпенi ауырсынғаны ма?
Қайтсе де Еркiнбек өзiнiң бүгiннен қалмасын сездi. Ақыр кетер адаммын, өтер дүние ғой, балаларымды ары-берi сабылтпай-ақ, олар қайтқанша тап осы келiстерiнiң үстiнде-ақ бiтер сағатым бiтiп тынсашы деп қиналды. Осы ойының түбiнде қандай сұмдық салқындықтың жатқанын сезiп, ауру тəнi дүр сiлкiнгендей болды.
«Апыр-ау, жарық дүниенi осылай оп-оңай қиып кетуге менi көндiрген кiм? Ауру ма, жоқ, ол емес, мен жаны сiрi жауынгермiн, егер басқалардың көзiне сүйел болып жабыспасам, тап мұндай сал жатысты, дерт азабын əлi талай уақыт талмай көтерер едiм. Жоқ, кiмнiң көзiне сүйел болмақпын, өлгенде де алар орным осындай- ақ қой. Бəрi өз күнiмен, өз шаруасымен болып жатыр емес пе? Менiң ыңқыл-сыңқылмен аунақшуым сағат тiлiн тоқтатып, ағын суды керi қайтармас, бiреудiң күнiн түн ете қоймас. Жарық дүниеге алғаш келгенде мен де шырылдап туған бала емес пе едiм? Ендi тұяқ серiппей, үн шығара алмай, соншама дəрменсiз бейшара халде кетiп бара жатқаным қалай? Өлiмге бой бермей қасарып көрсем қайтедi? Өзiм бойсұнбасам күштеп əкетер деймiсiң? Қайда барсам да бұдан кең орын сұрамаймын ғой.
Апырай, бұлай деп неге өзеурей беремiн? Мен орын сұрайтындай адам емес едiм ғой? Майдан даласына көкiрегiмнiң қып-қызыл қанын төгiп, əлемдегi бостандық атаулыға өзiм орын босатыспап па едiм? Ендi қазiргi шағымда өгiз терiсiндей жердi менен ешкiм қызғана қоймас».
Əлдекiм өзiмен салғыласып тұрғандай, осындай даукес ойлар билеп алған да, қазiр ол соның жетегiнде едi. Бұл минуттар оған ауыр тиiп, сұлқ кетiп бара жатқан жағына тез ойыса бастады.
Түс ауа бұған ең алғаш Бибiш назар аударды.
– Əй, ана əкелерiңдi байқасаңдаршы. Күнi бойы аунақшып, ыңырсумен болушы едi, тiптi бүгiн таң атқалы қыңқ демедi ғой.
Қарт ана өз қосағының халiн көзден қағыс қалдырғанын ендi ғана сезiп, сонысын күнə көргендей бiр сəт жанын қинады. Балаларының бəрi əке төңiрегiне топырласқан. Ауруға үрпие қарасып, сұмдық сырын ұққан олар əп-сəтте тыныстары тарыла

бастады. Өз байқауларын бiр-бiрiне ашып айтудан шошып дағдарысты.
Қастарына Бибiш те жеткен. Жүрегi əлденеден секем алған ол да алғашқыда өңi бозарып, сəлден соң қайта қара күреңiттi.
Балалары қатты тықыршып кеттi. Ендi олар туған ананың не күйге түсетiнiн аңдап, əлдеқалай күн туса, сүйеу болмаққа əзiр тұрған, соған бейiмделген түрлерi анық. Бiрақ ана олардың күткендегiсiнен көп сабырлы екен. Екi қастың ортасындағы терең əжiм қатты жиырылып, мынау кетiп бара жатқан адам есiнен айрылмай тұрғанда соның атынан балаларына үлкен ұлағатты сөз айтпаққа ұқсайды.
Осы екi арада шыдамсыздық еткен Зина:
– Дəрiгер шақырсақ қайтедi?– дедi.
Басқалары оны көзiмен атқандай. Əкенiң соңғы сəтiн өзiмiздiң күзетуiмiзден артық не бар десiп, жазғыра қарағанға ұқсайды.
Бiрақ Зина ешкiмге дес беретiн емес. Көршi үйдiң ересек баласын дəрiгерге жүгiрттi.
Ақ халатты мосқал адам бұл үйдiң ежелгi танысы. Қу сүйегi саудырап жатқан ауру адам да осы халiмен оның көз алдынан талай өткен. Бүгiн ол Еркiнбекке əрең иiлiп, соншама ықылассыз қарағанын Бибiш те, балалары да анық байқады.
Дəрiгер үлкен шприцпен укол салып, жүруге ыңғайланды да:
– Қарақтарым, қолымнан келер бар көмегiм осы,– дедi. Бибiш:
«Жарықтық-ау, азырақ қасында болсаңызшы еңғұрмаса, жөн көрсетер адам да керек қой мұнда» – дегiсi келiп едi, бiрақ тiлi байланып, ештеме айта алмады. Зина ғана дəрiгердiң алдында жiк- жаппар болып жатыр. Бəрiбiр қырыс мiнездiлеу қарт көнбедi.
Ол кеткесiн бəрiнiң ұнжырғасы одан сайын түстi. Суға кеткеннiң тал қармағанындай бiр ессiз əрекет жасаудың амалын таппаған түрлерi байқалады.
Тек Зина ғана оқшау мiнез көрсеттi. Өзiн көп еркелеткен осы адамның ақтық сапарына сенгiсi келмей ме, əлде өмiрiнде тұңғыш рет бастан кешкен қаупi осы ма, əйтеуiр ол бəрiнен де қауқарсыздық көрсетiп, жапырақтай қалтырады.
«Зинам, Зинашым!»– деп əкем үн қатар деп үмiттендi. Ең ақыры немерелерiне дейiн Еркiнбек жатқан төсектiң аяқ жағына асылып, барлық балалық қылық пен оспадарсыздықтан құлан- таза айрылған, көкейлерiнде бiр түйсiк оянған күйде. Қыбырсыз ауру адамға көз қарашықтарының қадалуы солай.
Еркiнбек балаларының қобалжуын айқын сездi. Көптен күткен қаралы, қайғылы iстiң болып тынатынын олардың дəл ұғынғанын

да хош көрдi. Кiрпiк қимылдатудан қалған қазiргi халi ендi өзiнде де бiр түрдi аянышты түйсiк тудырды.
«Апырау, шынында өлмекпiн бе? Өлiм деген адамның шешеден туардан бұрынғы жоқтығындай, ештеменi сезiнбегенiндей өмiр, тiршiлiк атаулыдан мүлдем бейхабар кетуi болса, онда соңғы сағатқа дейiнгi пендешiлiк тiрлiктiң не қажетi бар? Жазмыш бұйрығы баршаға осыншама қатал ма едi? Көп жасап, көптi көрдiм дегенмен тап осы бiр заңдылықты неғып байқамағанмын, неғып ертерек көкiрегiме түймегенмiн? Ылайым тағы бiр қуат бойға оралып, тағы бiр дəурен өз қалпымен тағдыр сыйлығындай бұйыра кетсе, мүмкiн, жазмыштың мойын бұрғызбас осы қаталдығына қарсы бiр амалды ойланып көрер ме едiм.
Адамның бар қасiретi оның пендешiлiгiнде екен ғой. Өмiр барда қаза барын ұға жүрiп, осыншама қапы қалуымды тым болмаса кейiнгiге жыр ғып айтар сəт үшiн ғана тағдырға жалбарынып көрсем қайтер едi? Мүмкiн, ол аяушылық жасап, мейiрбандық етер». Бiрақ ондай жалбарынуға құлқы болмады, икемi келмедi.
Ол өз басына топырласқан балаларының дабыр-дұбырын, таныс қарт дəрiгердiң келiп-кеткенiн, өзiн мазалағанын емiс-емiс қана аңғарды.
Соңғы қиналыс сəтiн бастан кешiру үстiнде кенет ол бiр ғажап қызық жəйтке тап болды. Өзi саясында жатқан алмаағаш бұтағына қонған кiшкентай бозша торғай соншама тамаша ашық үнмен сайрап кеп жiбердi. Екi аяғымен жармасқан бұтақтан құлап кетердей жан салып шырылдауына Бибiш пен оның балалары мүлдем назар аударған жоқ, тiптi байқамады да. Ашық құс үнiн ауру адам ғана бар жан-тəнiмен сезiндi. Сезiнiп қана қоймай, ол дүр сiлкiнiп, басын көтердi. Жаңағы зар тiлегiне орай жазмыштың бiр еткен мейiрбандылығы деп ұққан оның тұла бойын кернеген қуаныш дерт құрсауынан əлдеқайда басым шықты.
Кеудесi əлi төсекте жатыр едi, тек басын көтерген бойда, балаларына, жар қосағына естiртiп:
– Мен өлмеймiн!– деп салды.
Бұл қарт майдангер сонау соғыс кезiнде Сталинград шайқасына қатынасқан. Қалатүгелiмен қираған ең бiр арпалысты сəтте Еркiнбек бел ортасынан жоғары жағы бомбаның күшiмен опырылып түскен үлкен үй қабырғасы мен биiк-биiк кiрпiш үйiндiлерiнiң ортасында жалғыз қоршау iшiнде қалып едi. Өзi оң жақ санынан жараланып, қансыраған əлсiз күйде мынау қоршау iшiнен шыға алмасын анық сездi. Əрi төбеден бұршақша ұрған оқ топырақ үйiндiлерiнiң əр

жерiн бұрқ-бұрқ еткiзiп жатты. Өлген жерiм осы екен ғой деп ол дəрменсiз күйде өмiрмен қоштаса бастаған...
Кенет сол тарсыл-гүрсiлдiң үстiнде қайдан адасып келгенi белгiсiз бiр кiшкене құс, тап осындай бозша торғай топырақ арасынан сойдиып шығып, иiлiп тұрған жуандығы бармақтай ұзын темiрге қонып, Еркiнбектiң дəл төбесiнен шырылдап қоя берiп едi. Ақырзаман күнiндегiдей дүниенiң ойраны шығып, топырақ үйiндiсiне айналған қауiп-қатерлi шақта табиғат күйi бұзылмаған өзiнiң жүрек үнiмен бұған тiл қатқандай. Өмiрге деген ендiгi талпынысын тежеп, өлiмдi мойындатқан, соның мысы басып, тiптi ендiгi жерде өз еркiмен құлап түспектей есi кiресiлi-шығасылы сəтте бұған ашық дауыспен аян берген едi.
Тұла бойына тiршiлiк толқыны қайта лап берген Еркiнбек осынау оқ пен оттың арасында өзiнен де бұрын сол шынашақтай құсқа өмiр тiлеген. Үрiкпей құшағыма кiрсең саған деген ажал оғына өз жонымды тосып, сонау бейбiт өлкеге, ақ бауыр бұлттар жүзген кең ашық аспаны бар сахараға өзiм жеткiзiп, қолымнан ұшырар едiм дегендi шын ниетiмен егiле елжiрей айтқан.
Құстың тiлi адамға жеткенмен, адам тiлi оған жеткен жоқ. Бозша торғай ғайып болғасын Еркiнбек бар күшiн жиып, оң жақ санының қанын тоқтатты. Кенет аспаннан күн шыққандай қаланың бұл ауданында атыс бəсеңси бастап едi. Үйiндi ортасында əлсiреген күйi жарым тəулiктей жатып қалып, ақыры одан жол тауып шықты. Сол бетте өз адамдарының көзiне шалынып, госпитальға жөнелтiлдi...
Өмiрден күдер үзiп кетiп бара жатқан шағында жiгер берiп, керi қайтарған құс үнiн Еркiнбек күнi бүгiнге дейiн ұмытқан жоқ. Ол бұған бұл соғыста қаза жоқтығын, əлi де көрер қызық, сүрер дəуренi барын айқын еткен. Алдағы тiршiлiктiң хабаршысы, бозша торғайдың даусы арада отыз жылдан астам уақыт өткен соң, қазiргi халi үстiнде құлағында қайта жаңғырықты. Бұл жолы да кетiп бара жатқан бетiнен қайта қайтатынына анық сенiп, соның қызуымен кеудедегi жан қыбырының соңғы сарқыншақ қуатымен басын көтерген бойда:
– Мен өлмеймiн!– дегендi қайталап айтты. Бiрақ жастыққа қайта құлай бере үзiлiп кеттi.
Жар қосағы Бибiш пен балалары Еркiнбектiң соңғы тыныспен бас көтерiп, осы сөздердi соңғы аманатындай екi рет қайталап айтуының байыбына бара алмай, көпке дейiн таңырқасып жүрдi.


1973 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу