Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  91


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Тереземнен телміреді

Тереземнен телміреді
Түн дүлей,
Аңдып отыр қимылымды мүлгімей.
Далада – аяз,
Өзек те – аяз.
Саршұнақ,
Кірпігіме мұз қатады сүңгідей.
Соқты боран күртік қарға
Малтығып,
Шарбақта – уіл,
Жүректе – уіл,
«Шалқыдық».
Сарсаң ойға қор болдым-ау лажсыз,
Жабағыдай бөрі жеген талқы ғып.
Тылсым әлем.
Көк пен жерің тұтасқан,
Көрінбейді көңілімнің құты – Аспан.
Мәңгүрт түнің малжаңдайды
Қи шайнап,
Тірлігімнен кетіп тұр ғой
Тұтас мән.
Қуыс кеудем азынайды...
Ұқпаймын,
Жұтып тынар жүрегімді
Жұт-қайғым...
Құрсауынан мына түннің құтылсам,
Қарсы алдымнан шығатындай шыттай Күн.
Уайымың қарап тұрсам – ит.
Батам,
Кетіп қалды бойымыздан күйт, ботам.
...Шарылдаған жылауықтай,
Тым зар жақ,
Қу боранды қайтсем енді
«Ұйықтатам?..»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу