20.06.2022
  121


Автор: Ұзақбай Доспанбетов

ҚОЙ КҮЗЕТIНДЕ

 


Бұл маңда кеше ғана жұқа қар жауып өткен. Бiр отар қойды алдында салып мынау екi үй көшiп келгенде, маңырап-боздап қозыларынан айрылған саулықтардың табанында тапталып, құрғақ қар құммен араласып кеткен. Тек кей тұстар ғана қар емес, ұн шашылғандай ақ ала болып жатыр едi. Бүгiн ол жым-жылас жоғалған. Ауада тоңазытқан леп байқалса да күздiң күнi ашық. Əр жерде бұталары қалқиып, желдi күнгi теңiз жалдарындай неше бүктетiлiп бiткен сұрғылт дала өз сұрқымен ғана қалған.
Екi киiз үй тiгiлген жер құмдауыт, кей жерi сары керiшке ұқсаған шөбi жоқ тақыр тұс. Аға шопан Сүмбiле кеше бұл жерге жүктердi түсiрткенде түнде мал күзетiнiң оңай болуын ойлаған. Шөптесiн жерде қойлар түнiмен бет-бетiмен жайылып тыныштық бермейдi. Əйтпесе осы екi үй орнаған алақандай тақыр тұстан былай шыға берсең-ақ қой баласы сүйiп жейтiн күйреуiк, өлең шөп дегенiң тұнып тұрады.
Бұл мал аяғы бара қоймаған алыс тың жайылым болғасын қарт шопан Сүмбiле қыстауға барар алдында осы шалғайға əдейi бұрылып, бiраз күнде мал қоңын көтерiп тастамақшы едi. Көмекшi шопан Ердəулеттiң əйелi жас босанып отырса да оларға да қолқа салып, өз ойын дəлелдеп баққан. Аманшылық болса мұның өзi көп қиындық емес, тек бiраз күн ел-жұрттан тым аулақта демесең, қыс қарсаңындағы оңтайлы шара, малдың өлiм- жiтiмсiз болуына жақсы деген. Ердəулет əйелiнiң қасы-қабағына қарап, өздерiн қияңға əкетпектей көрiнген əккi қойшының мына қылығын бұл қалай көредi деп, оны қоса бақылаған.
Ердəулеттiң алып отырғаны ол да қойшының қызы. Осыдан бiрер жыл бұрын ғана зейнетке шыққан тақақ шалдың тəрбиесiн көрген Сақыш аузынан емшек ажыраса шырқырап қоя беретiн мазасыз қызыл шақа нəрестесiн ойласа да қарт қойшының сөзiне бүйрегi бұрды. Малдың қысқы қамы дегендi ол жақсы бiлетiн. Одан əрi Ердəулет артық сөзге келген жоқ. Екi шопан семьясының Iле өзенiнiң бойындағы қайдағы бiр адам аяғы баспас ен аулаққа көшiп келiп отырғаны сол.
Кешкi уақыт. Бүгiн мал күзетiнде Сүмбiленiң өзi тұруға тиiс едi. Аузы ақжемденiп, көзiнiң нұры тайған кəрi төбет Жолдыаяқ
«əне кiсi келдi» деп үй иесiне сездiргендей киiз үйдiң iргесiндегi жайлы жатысын бұзбастан екi-үш рет үрiп қойды. Бұл Сүмбiленiң сырмiнез жолдасы. Түн күзетiне өте сақ кəрi төбет дала арланымен

талай жекпе-жек айқасқа түсiп, жауының таңын айырғаны, өзiнiң де дал-далы шығып, қалжырап өлiмшi болғаны бар. Сонда да бетi қайтқан емес. Дала тағысының шабуылын желiгiп аңсай ма, əйтеуiр Сүмбiле асықпай iшкен кешкi астан соң үлкен iшiкке оранып, ұзын таяқ ұстап, сыртқа шықса-ақ бұл да айбатына мiнiп, жусап жатқан қой отарын айнала безектей жүгiрiп, қарлыққан ескi үнiмен əупiлдеп үре бастайды. Содан таң атқанша жағы сенбейдi.
Малшылар мұндай иттi үлкен олжа көредi. Мал берiп, сатып алатындары да бар. Түн баласы үрiп шығатын ит мал қораланбайтын күзгi, көктемгi көшi-қон кезiнде, əсiресе, жаз жайлауға барғанда үлкен көмек. Дала тағысы ит даусы шыққан жаққа көп бара қоймайды. Түнгi шабуылдың қаупi аз. Ондайда малшыларға күзет те жайлы.
Жолдыаяқтың қазiргi жайбарақат үрiсi Сүмбiленiң құлағына əлдебiр қуаныш үнiндей сап еттi. Анау-мынау жаманшылық кезiндегi даусы мүлдем басқа. Төбет тұмсығын көтерiп, əупiлдеген жаққа бұл да қарап едi, көк аспанның пұшпағын неше қиюлап, қырқаланып жатқан құм төбелердiң арасынан əр кесектi бiр түрт- пектеп өтетiн қоңыз сияқтанып бұлталақ-бұлталақ еткен жеңiл газиктi көрдi. Алыс жайылымның түкпiрiнде жоғалған екi малшы семьясының киiз үйлерiн таяқ тастам жерден көргенмен ендi соған тура апаратын жолды таппай əлекке түсiп келе жатқандары байқалды. Қарт шопан миығынан күлдi. Қойлы ауыл қонақ келсе қуанады. Мұның өңiнде пайда бола кеткен шат көңiлдiлiк дағдылы қуаныштан емес. Мына келе жатқан совхоздың бас зоотехнигi екенiн Сүмбiле бiрден аңғарған. Өзiнiң күтпеген өнер көрсетiп, шалғайға шырқап қонысы совхоз басшыларына да дүрбелең тудырып, олардың ақыл-ойларын мынау келе жатқан машинадай бiр сəтке болса да құмға қайырлатып, қалтырақтатып тастағанын қызық көрiп, балаша мəз болғандағысы едi. Бас зоотехник ойлап iстеген iсi үшiн өзiн сөге қоймасын бiлiп, көңiлi мығым тұр.
Тыныш, өлi бейуақ орнаған далада алыстан жеткен машина дүрiлiн естiп, Ердəулет те тысқа шыққан. Ол шалдың кешкi шапақ қонған жүзiн, сестi тұрысын көрiп, iшiнiң де ұлан-асыр екенiн бiрден аңғарды. Жас жiгiт аға əрiптесiнiң мiнезiн жақсы бiлетiн. Бас зоотехниктiң машинасын бұл да көрiп, «Əй, шалың бүгiн бiр есетiн болды-ау» деп ойлады да, бүгiн менiң орныма қой күзет деп айтар ма екен деп, əрi қуыстанды да. Ақыры солай болды.
Бас зоотехник машинадан түсiп, дауыстай сəлем бергенде шалдың iшiн күлкi тiреп тұр екен, дағдыдан тыс қарқылдап

кеп бермесi бар ма? Ердəулет ыңғайсызданып қалды. Шалдың мұншама iшегi ақтарылар деп ол да ойламаған. Бас зоотехник Сүмбiленiң мiнезiн түсiнген раймен қол алысып болысымен, үндеместен басын төмен салыңқырап, сəл жымия үйге қарай жылжи бердi. Шалдың сергек даусы оятты бiлем бас зоотехник басын жұлып алып, ендi өзара сөз қатысқан шопандарға қайта қарады.
Сүмбiле даусын қаттырақ шығарып:
– Ердəулет, үлкен қонақ үлкен үйге түсушi едi ғой. Мұндағы үлкен шаңырақтың иесi мен емес пе ем? Бүгiнгi күзетке сен тұрсаң қайтедi?– дедi. Ердəулет үлкен кiсiнiң ойын дер кезiнде дұрыс ұғып үйренген жiгiт, жымиып қана қойды. Бұл құп алғаны екенiн бiлетiн Сүмбiле оған дұрыстап көзiн де тоқтатпады. Бас зоотехниктiң иығына қолын салып, екеуi əрi жүрдi.
Ердəулет Сүмбiле үйiнде бас зоотехникке асылған еттен апыл- ғұпыл екi-үш асағаны болмаса онда жайғасып отыра алған жоқ. Дағдылы қоныс, жайлау, күзеулерде келген кiсi екi шопанның қайсынiкiне түссе де ел жатқанша бiрге гулесiп, əңгiме сөзге мейiрлерiн қандыратын. Үй iшiнiң ояу отыруын сақтық көрiп, мал күзетiне жұрт ұйқыға ыңғайланғанда ғана тұрушы едi. Бүгiн олай емес. Күн бата-ақ қораланған қойдың басы-қасында болмаса, мынау жаңа қоныс күтпеген жаманшылыққа ұрындырып, тақыр мұзға отырғызып кетпесiне кiм кепiл.
Етегi аяққа оралатын ұзын iшiк, маңдайын баса елтiрi бөрiк киген Ердəулеттiң денесi түн iшiнде мүлдем зорайып, алпамсадай боп көрiнедi. Өз үйiнiң есiгiнен əрең енiп, сығырайған шамнан аулақ, жаюлы төсек қасында бала емiзiп отырған əйелiне тiктеп ұзақ қарады. Жарық аздықтан, əрi шамға сəл қиыс отырғаннан əйелiнiң бет жүзiнде қара көлеңке мол. Емшек сорғылап, мазасыздана қыңқылдап қоятын баламен бiрге сол қара көлеңке де əлдебiр құс қанатындай желп-желп етедi.
Осы отырысынан жұбайының шаршаған, ұйқысыраған түрiн таныды ма, оған iшiнен аяушылық бiлдiрдi. Қастарына жақындап, баласына əлдебiр əкелiк көзбен сес көрсеткендей, қабағын кiржитiп, жұдырығын түйiп: «ох, сенi ме»,– деп қойды. Сөйттi де жұбайының көңiл-күйiн ендi ғана дұрыстап ажыратпаққа жақындай үңiлiп, бiр сергiтiп қоймақ пейiлмен маңдайынан сипады. Жас əйел осы iлтипатты түсiнген сыңаймен екi иығын сəл қозғалтқанға ұқсады. Сол кезде бала шыр еттi. Аузынан емшек шығып кеткен екен. Шешесi оны қайта саябырлатқасын Ердəулет сыртқа шықты.

Иiрiлген қойдың көбiсi түрегеп тұр. Шопан таяқпен соғып қайырады-ау, əйтпесе шөп иiсi мұрын жарған осынау далаға түн демей босып кетер едiк деген оймен бəрi оқшырая қарасқандай. Өздерiн ит-құстан қорғаған Ердəулеттi түйсiк жоқ көздерiмен барлап, қарасын қашан батырады деген үмiтпен ғана бастары қарауытып, елеңдескен түрлерi бар. Мал иiрiлген тұс бiр тал жоқ тақыр құмайт, сонда да өздерiнiң қиы, иiсi сiңбеген жерге жата қалатын дағды бұларда жоқ.
Жас шопан отарды бiр айналып шықты да, өзiнiң етегiн иiскелеп, адамның жүрегiн ерiтер жалынышпен аймалағысы келген Жолдыаяққа назар аударды. Оған сəл илiге адамның аяқ жолы əрең шалынатын қараңғылықта жарқырап жанған көздерiн көрдi. Сүмбiле сияқты бұған да бауыр басқан ит едi. Ердəулет кəрi төбеттiң жансар жалтыраған көздерiнен əлдебiр ой, ниетiн танығандай секемдендi де. Бiрдеменi сезiнiп тұрғаннан саумысың деп, онан сайын үңiлдi. Жолдыаяқты еркелiк қысқан баладай қиыла қарағанға ұқсатты.
Жə, не болар дейсiң, анау-мынау жағдайда, əу деген даусымыз шықса бас зоотехник шоферiмен, Сүмбiле кемпiрiмен, бес кiсi қиқу салсақ, əрi атан түйенi жiлiгiнен алатын өзiң барсың, неше қасқыр келсе де қойымыздан бiр талшық бере қояр ма екемiз.
Жолдыаяқтың еркелiгi жалықтыра бастағасын зекiп тастайын деп бiр оқталды да райынан қайтты. Кəрi ит қой, мүмкiн қарны ашып тұрған шығар деп, Сүмбiленiң кемпiрiне барып, тамақ құйғызды. Жолдыаяқ оны шалп-шалп еткiзiп, ықылассыз iштi, тауысқан жоқ.
Айсыз қараңғы түн. Кеше де осылай болған. Осымен екiншi түн қой күзетсе де Ердəулет ұйқысыраған жоқ. Күндiз Сүмбiле шал малды өрiске əкеткенде бұл ұзақ жатып тұрған. Қазiр қойдың арғы-бергi шетiне шығып, ширақ қимылдап жүр. Жаңа қонысқа қой баласы тосаңсығандай жамбасын тигiзе қоймады. Өрiп жүре бергiсi келедi. Барынша сақ болып, матап ұстамаса бұзылған сеңдей жыртылып айырылып, бет-бетiмен кетуге дайын.
Алғашында Сүмбiленiң киiз үйiнен шалдың қарқ-қарқ күлген күлкiсi жиi естiлiп тұрды. Қартың мақтангөйлеу болатын. «Жаңа қоныс, жаңа жайылым iздеген бағытыңыз игiлiктi болсын»,– деп едi зоотехник. Артынан бұл отар шығандап қайда кеттi, əуелде құм арасында бiрi қарт, бiрi жас екi шопан семьясы адасып кеттi ме деп, көңiлiне секем алып, iздеп шыққанын, адасып жүрiп, əрең тапқанын да жасырмай айтты.

Сүмбiле одан сайын көсiле түстi. Ендi ол баяғы жылдары өстiп, көшiп-қонып жүрiп, бұл совхозға қарасты жайылымды кеңiтiп бергенiн жыр ғып айта бердi. Ердəулет талай естiген əңгiме. Бұл сыртта тұрып, суықтан құныса түстi де, қонағының аузын ашырмай отырған Сүмбiлеге сəл назаланды. Қой өз аяғымен жүрiп жеткен жерге машина, ат аяғы жетпейдi деп ойлай ма екен, соншама Американы ашқандай есiп сөйлемесе қайтедi деп қойды. Совхоздың өрiсiн ұзартып бердiм дегенi қай сасқаны? Бұл Iле өзенiнiң бойында жер өлшеушiлердiң есебiне кiрмей қалған тұс жоқ, бəрi де совхоздың жерi. Одан шығындап кетсе басқа совхоздың жайылымына ауыз салғаның. Бүйте берсең сен шал басшыларды ұрыс-керiске душар етерсiң. Даудың басы Дайрабайдың көк сиырындай атың сонда шығар. Абырой-атаққа сонда белшеңнен батарсың деп, Ердəулет аға əрiптесiн iшiнен бiраз түйреп алды. Сөйттi де өзiнiң де шектен шығып бара жатқанын сезiп, «игере бiлгенге жер кең ғой, жан тыныштығын ойлап, осы аядай жердiң шет-пұшпағына қарай аттап басқысы келмейтiн малшылар қаншама»,– деп қойды. Олар малды өрiске шығарғанда да белгiлi бiр соқпақ iзден аумайды. Ал бiздiң шал малдың бүйiрiн қайтсем шығарам деп, жар құлағы жастыққа тимейдi. Өзiмен бiрге, өзгенi де сүйреп, совхоз малының күйi үшiн айлап, жылдап, ел-жұрттың бетiн көрмей кетуге бар. Бiр абыройсыздыққа ұшырап, ақ таяқтан айрылсам, күн көре алмай қалам ғой дейтiн емес, бұл кiсiнiң бала-шағасының өзi бас құраса бiр ауылдың шоғырына жетерлiк топ. Бiрақ тынымсыз шал жантайып жатып, келiнiнiң құйған шайын iшiп, кəрiлiктiң артын күтуден ат-тонын ала қашқалы қашан. Балалары болып-толып тұрса да, оларға салмағын салған емес, қайта қысқы соғым, жазғы құрт, iрiмшiк болсын, шалдың оларға берерi көп.
Мылқау түн қоршаған далада Ердəулет сəл жалғызсыраған сезiммен өзiнiң аға əрiптесi туралы ойлап, ұзақ-сонар қиялға да көшкендей. Отар тыныштала бастаған. Əуп-əуп еткен Жолдыаяқ қана малшылардың құлағына жағымды əуенiн бастаған. Ол Ердəулеттiң басын тұмшалаған қиялға бөгет емес, қайта құлаққа ұрған танадай осы тыныштық мұның көз алдында одан сайын бұйығы халге келiп, ой-қиялды одан сайын құрдымға тартып əкеткендей.
Сүмбiле шалдың үйiнде дастарқан əлi жиналмаған. Мол асылған еттен кейiнгi асықпай iшiлетiн шай көпке созылып, Сүмбiленiң əңгiмесi əншi көкiректен ағытылған əндей бас

зоотехниктi осы түн жарымға дейiн ұйытып отырғанын Ердəулет сыртта жүрiп сездi. Жаңа ет үстiнде кiрген, ендi осы шайдан да екi-үш шыны iшiп бой жылытып шыққысы келгенмен қайта- қайта жылтыңдап бара берудi ыңғайсыз көрдi.
Бiр сəт домбыра ыңылдап, бiр сəт Бiржанның «Жанботасы» аңырады. Сүмбiленiң əжептəуiр даусы бар болатын. Кейде өрiсте, қой соңында жүрiп, сол Бiржан салдың өзiндей-ақ ат үстiнде қамшысын мықынына таянып тұрып, дүйiм елдiң алдында дауыс салғандай шырқайтынын Ердəулет талай рет байқаған. Елсiз аулақтағы дағдысы сол болса мынадай қадiрмендi қонақ алдында бар нəрiн төгiп аңырамаса Сүмбiле бола ма?
Олар түн ортасы ауа барып жатты. Ай тумаса да, жұлдыз жиi. Аздап ызғарлы жел соға бастады. Ауа қозғалысы əсер еткендей жұлдыздарда тербелiс байқалады. Суық дiрдектеткен балапандай бiр-бiрiне жақындасып, ұйлыға қалудың амалын таппай, қанаттарымен ғана қыбырлап, бiр орында шегенделген дəрменсiздiк аңғарылады. Арасы таяқ тастам ғана жер, жақын тiгiлген екi киiз үй ендi қараңғылықтан мүлдем шөгiп, жермен- жексен болып бара жатыр. Сүмбiле үйiне тақау бас зоотехниктiң газигi тұрған, жақын барып қарамасаң ол мүлдем көрiнбейдi.
Ендi ғана тыныштала бастаған бiр отар қой да бастарына қара жамылғандай, қараңғылыққа үйренген Ердəулет көзiне құйқасы тiлгiленiп текке қопарылған жер қыртысындай қиқы-жиқы бiрдеме боп шалынады. Күйiс қайырған қойлардың бас шұлғысы жел қозғаған үлкен жапыраққа ұқсайды. Əупiлдеген Жолдыаяқ үнiн Ердəулет мүлдем естiмейтiн сияқты. Ол иттiң даусы тек Сүмбiленi ғана тыныш ұйқыға батырып, ескi кеудесiн киiз үйдiң iргесiнде «дамылда, дамылда» деп тербеп жатқаны анық.
Осы шақта мынау түнге бiр ғана адам баласы үн қатып, оның меңiреу қалпына сəуле төккендей. Ердəулеттiң үйдегi кiшкене нəрестесi оянған едi. Кейде осы шақтан бастап таң атқанша шешесiне көз iлдiрмейтiн. Тағы да осы дағдысына басар ма екен деп, өзi де кiрпiк қақпай отырған Ердəулет жас жұбайының баламен болатын түнгi тынымсыз тiрлiгiн ойлап, мұны тағы да аяныш сезiмi биледi.
Туғанына үш ай толмаған қызыл шақа жан иесi көз ашпай жатып көрген зорлық-зомбылығына шағым еткендей тынымсыз жылайды. Сүт сорғалап тұрған анасының ақ мамасын аузына ала қоймай шырқырайтынын қайтерсiң.
Қазiр өйтiп қатты жыламай кiшкентай көкiрегiнен əлсiз күй ырғағын тауып, Ердəулеттiң бiрте-бiрте тұла бойын шымырлата

бастады. Бұл ұзаққа созылды. Ағыл-тегiл ақтарылып кетпей сабыр сақтап, өз ойын байыптап мезгегiсi келгенi ме? Қалайда
«уə, уə, уə» деген бiр қалыпты əуенiнде салиқалы ой, мағыналы сөз түйiнi бардай. Əлде бұл бар болғаны қой күзетiндегi əкенi көмекке шақырып, кiшкентай жүрегiмен бұлқына тiл қатқаны ма? Жоқ, өзiн үнемi ұға қоймайтын мынау көшi-қоны мол абыр-сабыр тiрлiк иелерiн айыптап, өзiнiң сəби көңiлiнiң тұрғысынан қатал үкiм айтқысы келе ме? Қалайда iштегi бiр аласұрған құйынның əлегiнен мазасыздана беретiн сияқты.
«Науқастанып қалмаса игi едi» – деп Ердəулет өз-өзiнен тығырыққа қамалды. Ен аулақта қол ұшын берер дəрiгер қайдан табыла қойсын. Зырқыратып барып, алып келе қоятын машина да жоқ қой. Бас зоотехник мұнда күнде қонақ бола бередi дейсiң бе?
Күздiң түнi ендi мүлдем қатал қаһарына мiнiп, Ердəулеттi жан-жақтан қысымға алып бара жатқандай. «Ай мазасыз, шал- ай, қызыл шақа балапанын iлдалап бауырына басып отырған бiздi сен қалай ғана көндiре қойдың»,– деп, Ердəулет сəби даусынан күрт қатайып, аға əрiптесiн тағы да кiнəлауға кiрiстi.
«Жаңа қоныс». Осы сөздi ащы мысқылмен тағықайталады. Сəл ойланған болып, басын кекжите қалғанда аспандағы жұлдыздарды көрiп, басына бiр ой түстi. Анау жұлдыздарда адам аяғы баспаған кеңiстiк бар емес пе? Шалың оны неғып байқамай жүр екен. Мырс етiп, Сүмбiленiң тым қораш түрiн елестеттi. Егер бұл осы заман оқымыстыларының бiрi, ал мен көмекшiсi бола қалсам, шаранасын жаңа ашқан баламмен бiрге солай қарай сүйреуден тайынбас. Баласын бауырына басып, көкке ұшқан ғарышкерді əлi естiгемiз жоқ. Ол мына бiздiң шалдан ғана шығатын өнер. Осылай ойын шарықтатып барып, өз баласының қазiргi халiне, уiлдеген үнiне сылқ етiп құлағандай қайта оралды. Əй, салт басым келмей, қатын-баланы да мұнда сүйреуiмдi қарашы.
Адамның ең бiр əлсiз буыны баланың халiн ойлағанда кiм де болсын үгiтiлiп кетуге дайын тұрады. Сондай бiр шарасыздық үстiнде Ердəулет өзiн-өзi қинап, жан қысымына түсiп, осы тiрлiгiнде iстеп жүргенiнiң бəрi өрескелдiк, шектен шығу деп тапты. Ал Сүмбiленiкi болса, бұл шешесiнен қолындағы ақ таяқпен бiрге туған, даланың киiгiндей ойқастап ел-жұрттан қашаңдап жүру мұның тұла бойына бес елi боп жабысқан арылмас дағды, мұнымен бiрге өрекпiсең бала-шағаның обалына қаласың деген сияқты назалы ойларды бiрiнен соң бiрiн шұбыртты. Ендi түн

қараңғылығы мынау екi иығына асылған дүние ауырлығындай болып, қапаланған ол өз үйiне бас сұғып шықпаққа бұрыла берiп едi, дүр етiп қой үрiктi.
– Ай!– деп, Ердəулет қатты дауыспен, таяғын қойқаңдата берi ұмтылды. Мұндайға қойлы ауыл өте сақ. Сүмбiле шал кемпiрiмен атып шықты. Үшеулеп қиқу салғанда, үрген иттiң даусы қоса түндi басына көтердi. Азан-қазан дауыстан жата алмаса керек зоотехник шоферi екеуi де көйлек-дамбалшаң киiз үйдiң есiгiнен ағараңдап көрiнiп, бұлар да дауыс салып, қойларды қайырып иiруге кiрiстi.
Сəл естерiн жиғасын ғана Сүмбiле мен Ердəулет:
– Тыныштық па?
– Тыныштық, тыныштық,– десiп бiр-бiрiне үн қатысты.
– Бұл неден үрiктi, жаман бiрдеме байқалған жоқ па?– деп зоотехник iстiң байыбына бармақ болып сұрап жатыр. Оған Сүмбiле жауап бердi:
– Неден үркушi едi. Қой баласы кейде түнде ұшқан жапалақтан да үркедi, кейде əлдебiр жаманшылықты сезiп те үркедi. Мынау жаңа қоныс болғасын тiптi солай. Қарайғанның бəрi қос болып көрiнедi.
Отар иiрiлiп, қараң-құраң еткен адамдар бiр сəт саябырлаған шақта Ердəулет үйiнен жаңағы жылаған баланың даусы бəз қалпымен тағы естiлдi. Сəби үнi үзiлмеген екен.
– Балаңның ұйқысы бұзылды-ау. Жаңағы бiздiң айғайымыздан оянған болар шамасы,– деп Сүмбiле қараңғыдан қалқиып төбесi ғана көрiнiп тұрған Ердəулет үйiне қадалды. Ердəулет үндеген жоқ. Ендi бəрi бiржола тынышталып, сəби үнiне ғана құлақ тiккендей қалшиып тұрып қалыпты. Сүмбiленiң кемпiрi Ердəулеттiкiне қарай кеттi. Бұл кiсiнiң баланың бағым-күтiмiне көп көмегi тиюшi едi. Алғашында сəби бiр мазасызданғанда таңдайына шыққан ақ таңдақ бiрдемелердi қолымен жарып бiр тыныштандырып берген. Одан кейiн арқасына шаш сияқты бiдемелер шығып оны да маймен сылап кетiрген болатын. Қазiр де сəбидiң бiр қиюы кетiп жатқан жағы бары анық. Оны бiр бiлсе осы кiсi бiледi.
Күзгi түн суық едi. Көйлек-дамбалшаң шыққан зоотехник пен шофер дiрдектей бастапты. Сүмбiле ғана сəби даусы шыққан жаққа қадала қарап, осы түн қойнауына жас балғын өмiрдiң келгенiн алғаш ұққан адамша қасындағы жұртты қоса сiлейтiп əлi тұр. Жылы төсекке қарай үй иесiнен бұрын қозғалуды қисынсыз көрген екi қонақ қарт қойшыдан тың аталы сөз күткендей ендi соның аузын баққан күйде. Ақыры шал үндемегесiн зоотехник:

– Мына баланың жылауы жаман, мына жерде суық тигiзiп алмас па екенсiздер? Анау-мынау болса дəрiгер шақыртып алуларыңыз да қиын ғой,– деп қалды.
Сүмбiле ендi ғана қатып қалған күйiнен оянып, зоотехникке бұрылды.
– Жоқ, о не дегенiңiз. Малшының баласы суыққа шыдамды келедi. Тiптi оның жылаған даусын естiп, мына менiң тоңазыған кəрi денем рахатқа бөленедi. Жылынғандай боламын.– Осыны айтты да қараңғы түнде бас зоотехникке жүзiн анық көрсетпей жақындай түстi.– Осы бiлесiз бе? Адам қай қиырға кетсе де алдынан осындай жас баланың, кейiнгi ұрпақтың даусы жетiп тұрса батылырақ болатын сияқты. Кеше осылай көшкенiмiзде Ердəулеттiң салт бас, сабау қамшылы келмей кiшкентай баласын, келiндi ала жүргенiне қуанып қалдым. Қазiр осы ызғарлы түнге ана бала жылу берiп тұрғандай көрiнедi. Иə рас, шалың не тантып тұр демеңiздер, мынау түнге ана бала жылу берiп тұр. Ол – анық.
Шалдың бұл не сөзi екенiн ешқайсысы байыптап шешiп жатпады. Тiптi ұйқысырағанда айтқан шұбыртпасы шығар деген де пейiлдерi бар. Олар барып қайта ұйқыға кiрiскесiн жалғыз қалған Ердəулет жылаған нəрестенiң даусына құлақ салып, тағы бiраз тұрды. Үнi ендi талмаусырай үзiлiп-үзiлiп шығады. Сiрə, тыныштала бастаса керек. Сүмбiленiң кемпiрi де өз үйiне барған.
Ердəулеттiң қиялы тағы да шарқ ұрды. «Апырау, жаңағы шал не айтып кеттi?»– деп, ендi соның төңiрегiнде неше түрдi болжам құрып, осы түн қойнауында бұл аңысын аңдап, аңғара алмай тұрған бiр қасиет бардай көздерiн бағжита қадалып, əлдененi көзiмен де, ойымен де аласұрып iздей бастады.
Аспанда дiрдек қаққан жұлдыздар ендi мұны өзiмен сырлас болуға шақырғандай жиi жыпылықтап, көздерiн тарта бердi. Көкжиекте мұнарға көмiлген құмайт қырқалар Ердəулет көкiрегiнде бiр жүдеулiк тудырып, алыстан жанғаны болмаса тек аспан жұлдыздары ғана сөнбес сəуле, таусылмас тiрлiк белгiсiндей жансар жарқырап, мұның көңiлiн аулады.
Шал жаңағы ұйқылы-ояу айтқан сөзiмен мұның назарын солай қарай бағыштап кеткен сияқты. Сүмбiле аңсайтын, арқа-басты кеңге салып көшетiн кең шалқар қоныс, жайылым, сонау қолға ұстап жүрер шырақтай ғана кiшкентай жұлдыздарда қалай болуы мүмкiн, жоқ ол мүмкiн емес-ау деп, бұл да өз басын шытырман ойлармен шырмай бастап едi. Қолға ұстаған ұзын таяқ осы ойдың

түбiне жетер жалғыз сүйенiшiндей оған салмағын салыңқырай аспанға ұзақ көз тiктi.
Жоқ, Ердəулет шопан аулына ауық-ауық топталып бiр-ақ келетiн газеттердi мұқият оқитын жiгiт. Ондағы халықаралық, спорт, ғылым жаңалықтары мұның көзiне ең алдымен iлiгетiн. Қазiргi аспан денелерi, олардың əр елде зерттелуi жайлы жалпы жұрт түсiнiгi мұның да басында бар. Сонда да тап қазiр мұны осынау түннiң мысы басып, сол жұлдыздардан адам қонысын iздеген тiрлiктiң баянсыздығын көргендей.
Қыңқ еткен бала дыбысын естiп ол қайта сергiдi. Осыған iлесе Сүмбiленiң де жөткiрiнген даусы шыққанға ұқсады. Көз алдында жұлдыздар тербелiп кеткендей де болды. Ердəулет бəрiн санасынан ысырып, өзi үйi жаққа құлағын тiгiп едi, сəби үнi қайтып естiлмедi.
Шопан қиялы кейде уақыт өткiзудiң жақсы құралы. Ердəулет, тiптi сұңғыла көкiрек Сүмбiленiң өзi де қолдағы ақ таяқпен жұлдыздарға қарай ешкiмге жол нұсқап жiбере алмайды. Сонда да оған барар жолды ендi ғана кəнiгi көзбен аңдағысы келген бiр түйткiл ойы бардай-ақ түйiлдi.
Тағы да түн қараңғылығы кесе көлденең тұрды ма, Ердəулет бұл райынан қайтқанға ұқсады. Сiрə, Ердəулеттi сол аспан шырақтарына апаратын бiр алып қуат, жылылық көзi керектей.
«Мынау далаға ана бала жылу берiп тұр» деген жаңағы шал сөзiн есiне алды. Иə солай деп едi. Шалдың жұмбақ ойының мəнiн ендi ғана ұстаған түрi бар.
Жұлдыздар алыстан күнəсiз көзбен жымыңдаса да мейлiнше қатыбас, оң шырайы жоқ, қыры мен сырын жер адамына бiрден аңдатпайтын түсi суық жат жаратылыс қой. Мынадай iңгалаған сəби үнi жетпей жалғыз-жарым адамның аяқ басуымен тоңы жiбiп, мұзы сөгiле қоймас. Қара жер адамның өркенiн өсiргенi үшiн қымбат. Аспандағы жұлдыздар да адамның туғаны мен болғанын өз көзiмен көрмей, адам баласына жылы құшағын бiржола ашып, елжiреп, емiренбес. Мына шалдың жүйрiк көкiрегi соны аңғарып тұрған шығар.
Қашан да шалғай барып, шалқая қонып, жұрт дүрмегiнен бұра тартып жүретiн аға əрiптесiнiң жүзiн ендi ғана жарық шалғандай қиял суретiне үңiле түстi. Адамның биiктi, ғарыш кеңiстiгiн аңсайтын iш түйсiгi Сүмбiленiң қалың қыртысты əжiмiнiң тасасында көмулi жатқандай. Ол осындай қоныс ауыстырар кезде белгi беретiн сияқты.
1970 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу