20.06.2022
  137


Автор: Ұзақбай Доспанбетов

ҚЫЗ ƏКЕСI

 


Қыс құшақтан арылып, көгiлдiр көктем келдi. Тау етегiндегi колхоз малы көк үзе бастаған үлкен аңғарды əлi де болса оқтын- оқтын суық кернеп кететiн. Сонау колхоз башыларынан бастап, ауылдың малға дегенде көзi ашық, сөзi пысық қарияларына шейiн ақ қар басқан кəрлi шыңдардың түсiн суытып тұрғанын ұнатпай, жайлаудың əлi тоңы жiбiмей тұр деген тоқтамға келетiн. Сонымен қойлы ауыл жаз қызығын етекте тосып отыра берген. Колхоз бастығы Артық мал аяғы ұзамай тұрғанда қауырт жұмыстың бiр ығын тауып, шопандардың түтiн түтеткен қостарына бас сұғып қайтпақшы болды. Биылғы мал төлдетудiң де қорытындысы оны қызықтырған. Əлгi жас зоотехниктiң берген ақпарына қарағанда шопандардың тап осы жылы бақ жұлдызы жанып тұр. Жалғыз ол емес. Көңiлiне тиянақ тiршiлiгiндегi қызығы жалғыз қызының халi не күйде екенiн де бiлмек. Халимашы қолына таяқ алғалы сол қойлы ауылға бүйрегiнiң бұрып тұратынын да сезiп жүр. Бiр жайдан үйдегi əйелiнiң де қыңқылы шығар. Бала дегенде ана шiркiн iшкен асын жерге қоймай ма? Əйелiнiң айтқан бiр қап сəлемiн қоса артып, Арекең бүгiн таң бозын ала аттанып кеттi.
Жүрерiнде əйелi:
– Мен де бiр ат тауып, қоса жүрсем қайтедi?– деген едi.
– Тəйт, əрi! Барсаң кейiн ел жайлауға шығып, аяқ-қолы жазылған соң бара жатарсың да. Не дегенiң бұл? Арекең

бəйбiшесiмен əлден жайлауға тартты деп, дүйiм ел өсек қылсын дегенiң бе,– деп тойтарып тастаған.
Шарипа жеңгей ерте келген кəрiлiк күйбеңi жылдан-жылға еңсере бергенмен, алды-артына көзi жiтi адам. Қызы осыдан екi жыл бұрын қойға барам деп, алғаш өнер шығарғанда, өзiне шаншудай тигенмен, күйеуiнiң қуана құптағанына көп қарсы болған жоқ.
– Жазған-ай, қайтсiн? Заманы қалай десе солай дейдi ғой. Елге басшы болған соң, көзге сүйел болсын ба?– деген iшiнен. Бiрақ сонда да мазасы кетiп едi. Қызының болашағын да ойлап мезi болған. Қыс қыстауы, жаз жайлауы сүлдерiн сорып, бой түзеткен ол жоқ. Малшылықтың көшi-қоны-ақ түте-түтесiн шығарған. Жақында малшылар Балқаш құмындағы қыстаудан қайтып, ауыл жанынан мал айдап өткенде қызын көрiп зəресi ұшқан. Өзi мақтаныш ететiн уыз өңiн шаң жұтып қойғандай, қас-қабақтан ештеңе көрiнбейдi, қос түймедей екi көзiнен ғана таныды. Толық, алма бетiнiң нобайы ғана бар. Ақ күрiштей тiстерi сызылып,
«апа» деп, ат үстiнен наз айтқанда қыстай сағынған таныс даусы қираған шыныша сыңғыр етiп, денесiн шымыр еткiзген.
– Шұнақ құдай-ай, қызым не болып кеткен?– деп, буыны үзiле берген. Арекең де о жолы қызын көргенде бiр орында шегенделiп қалған.
Қыз баланың бақыты өңiнде ғой дейтiннiң бiр ұшығы мұнда да бар едi. Қазiр ол таудан соққан жел өтiн бетке алып, сар желiп келедi. Сары дөңдi қиялай салған тақыр сүрлеулер таң жарығында ағарып көрiнедi.
Көде басы қылтиып жансыз қыбырлайды. Жалтарма мiнездi астындағы шақпақ торы аяғын жаңылып басады. Туған далаға көктеп кiрген жас көктемнiң салқын лебiн Арекең жан-тəнiмен қабылдап келедi. Жаңа туған сəбидiң жас исiн сезген мейiрбан əкеге ұқсайды. Сонау тау сiлемдерiнiң терең шатқалдарынан басталып, батысқа, сонау көкжиекке шейiн көсiлiп, əлi көгерiп болмаған үлкен өңiр рауандап атқан таңға жонын берiп, бүлк етер емес.
Артық күн шықпай таң қылаңында жер ұтуға тырысты. Шақпақ торы қиялаған сүрлеудiң азабынан құтылып, жайпаң жолға түсе, майталман жорғасына басты. Сазарған таңның салқын сұсы жойылып, ендi шығыс аспанында қызыл күрең бояу тарай бастаған.
ТорсықшекегебөрiктiбасакигенАртықжүзiқырауқабақтанып, бурыл мұртын астыңғы ернiмен жымқырып алған. Ер мүсiнге

лайық дөңес мұрынның үстiнен шақпақ жанарлары суық ескен лептен жасаурап келедi. Етек те болғанмен таза қоныс қой. Халимашының шаң-тозаңнан арылған ақ жүзiн көрiп, тезiрек қуанбақ ойы бар. Көш азабын Арекең өзi көрмеп пе? Сонау Балқаш құмынан бастап жайлауға дейiн қандай тосқауылдар барын өз бетiнiң ажымынан жақсы бiледi. Балқаштан берi шыға ебiнiң желiндей аңызағы жаман сары өзек басталады. Топырағы дымқыл сары кiрiш, қой тұяғы орнына оймақтай таңба тастап отырады. Кейде жолды зəрлi аңызақ алыстан айдап əкелген сары құм басып қалады. Онсыз да қуарған өлi даланың шiрiген ескi шөп-шаламын таптап тастайды да, маңырап-боздап қой баласы көш бойы iлiп-шалар ештеңе таппайды. Жер танабын жалынша жалаған бұл аңызақ, кейде нағыз ебi желiнiң өзiне айналғанда, инедей өткiр құм тозаңы күнi бойы бүркiп тұрады. Мұндайда адам екеш адамға да қиын. Көздi құм сабалап, ес таптырмайды. Бiрiнiң баурын бiрi қалқа көрiп, тұмсық тығысқан қойлардың су аққан танауын құм бiтеп, көз сорасына шейiн құммен баттасатын. Бұл жағдайда бiр-екi күндiк қалқа тауып, аял жасауға да болар едi. Бiрақ малшылар күйек түспей тұрғанда мал төлдететiн пунктке жетiп алуға асығады. Онсыз да шетiнен бiрдi-екiлеп қоздап, шала туған шараналарды енесiнен айырып, көш арбасына тиеп əуре болысады. Аласапыран көш үстiнде топтан бөлiнiп, толғақ қысып қалатын саулықтар ғана азап емес, жаңсақ басқан адымынан жығылып, қой шұбырған жол үстiнде үйелеп қалатын тоқты-торым жəне бар. Көш арбасын маңыраған дауыс кернейдi. Үстi-басы сағызша баттасып, шаранасын жаңа ашқан қозылардан енелерi жерiп кетпес үшiн, қонған жерде ертелi-кеш табыстыру керек.
Осыны ұзақ ойлаған Арекең көзi-басын құм басқан көп малшылармен бiрге ат үстiнде болдырып, сансырай шалдыққан қызының тұлғасын қаншама елестетем дегенмен, жайдары күндегi жарқын нұры жеңе бередi. Тамағына күн сəулесi ұялап, жас қуаты балғын тартқан. Жалт-жұлт еткен жанарларынан күлкi ұшып, жасырын қулықпен, «көке» деп құлағына сыбырлағысы келедi. Халимаш көбiнесе анасынан именетiн. Əсiресе, оның қабағы дiр етiп, бет қайтарғыштығына iстер шарасы жоқ. Сондықтан ол ойын айтуды əрдайым əкесiнен бастайтын.
Ендi шығыс аспанында алтын шатыр ашылып, кең дүниенi сəулесiмен құшақтапалған. Бiрақ қызуыжете қойған жоқ. Ат тұяғы жер ұтып, тау бөктерi алақанға түскен сайын, кəрлi шыңдардың

ызғары жақындап,таң лебi қатая түскен. Қыстан шыққан сидам бұтақ табиғаттан мейірiм тiлеп, бас ұрып жалбарынуда. Дала үстi жылу кiрмей түсi бозарып тұр.
Шақпақ торы ұзақ жолға түскенiн жаңа мойындап, өз бойынан тың серпiн тапты. Арекеңнiң де денi көтерiлiп, ертеңгiлiк шуақпен сауыққан кескiн пайда болды. Көп жылдық басшылықтың қарекетi оның тұла бойында тамырланып алған едi. Қазiр де ойы əр саққа жүгiрiп келедi. Кейде осы атқа мiнiсiн өзiне мiн де көредi. Бiрақ малдың басы-қасында жүрген зоотехник жас едi. Елгезек неме, мыңғырған малдың даусы жалғыз өзiнiң шекесiне тиiп, ес таппай жүр ме, не де болса бiр көрiнiп қайтуды дұрыс көрдi.
Жаңа оқу бiтiрiп келген бала мiнездi жас зоотехниктiң кейбiр қылықтары оқыс көрiнетiн. Өзiнше басқан əр адамына тақақ, жағдаймен санасуға орашолақ, киiз кiтапқа табынғыш мiнездерiн еске алып, Арекең мұртының астынан ақырын мырс еттi.
Арекең өзi болжаған тау бөктерiне деген шақта-ақ жеткен едi. Мына сайдан өтiп дөңеске шықсаң-ақ қойлы ауыл көрiнуге тиiс. Ол шақпақ торыны бар пəрменiмен соқтыра жөнелдi. Бiрақ мыңғырған малды ойлап келе жатқан Арекең құлан-таза даланың үстiнен шықты. Қой тұяғы таптап кеткен дөңес үстiнен жаңа көшкен елдiң жұртын таныды. Қиға айналып үлгермеген қой қорасының орны, қазылған жерошақ, қадалған дiңгектер жақында ғана көшкен елдiң күйiн айтып тұр.
Қарға-құзғындардың анадай жатқан бiр өлiк үстiнде бiр- бiрiнен қызғана қарқылдасып, шүйлiге ұшқан тобы көрiндi. «Тегi, бұлар жайлауға бiрден үрке көтерiлiп кеткен бе?– деп, Арекең өзiне-өзi ызың еттi. Тағы бiраз жер шалып көрмек боп, желiп бердi. Келесi белдi иектей бере, сауыры бiр өңiрдей алшиып тұрған керала өгiзге тұз артып жатқан қойшы жiгiттi көрдi. Екi бас қаптың бiрiн тiзесiмен, екiншiсiн иығымен демеп, жан тəсiлiм етердей мықшыңдап жатыр екен. Арекең аттан аунап түсе қалды да, демесiп жiбердi.
– Түу, атаңа нəлет-ай, бұ дүниеде тұздан ауыр нəрсе бар ма екен, жоқ па екен, – деп қойшы жiгiт күйiнiп кетiп, маңдайынан терiн сыпыра бердi. Сəлем беруге де асықпады.
Кенет қарсы алдында тұрған бастықты танып, көзi алақандай болды.
– Салаумəликом, Əреке!– дегенi айдалада жаңғырып шықты.– Сiз екенсiз ғой.
– Е, мен болмасам төбемнен аттап өтейiн деп пе едiң? Мына ел қайда?

– Басеке, жайлауға шығып кеткен. Екi күн болды.
– Е, əлден жайлауға шығып, қозының терiсiн басына жамылмақ болды ма бұлар?
– Əлгi өзiңiздiң күйеу балаңыз...– Осыны айтып қалды да, қылмыс iстеп қойған кiсiше күрең жүзiн ұят iзi жауып өтiп, көзi қыли қарай бердi. Ендi даусы бəсең шықты.– Əлгi өзiңiз қойған зоотехник бала ендi күн жылынбақшы деп, жоғарыдан нұсқау алған көрiнедi...
Сөзiн ары тыңдауға Артықтың мұршасы келген жоқ, атына ырғып мiндi де шоқыта жөнелдi.
«Аузынан сөзi түскен неме, не оттап тұр, күйеу баласы несi, қайдағы күйеу?» деп қойды да, атын тебiне берiп, «жайлауға тарттым» – деп ойлады. Ат қызуы қоса ала жөнелген едi оны. Алаңғасарлығы үшiн жас зоотехникпен қайткен күнде де түс шайысып қайтпақшы болды.
«Əлгi қу шешенiң келмегенi мұндай жақсы болар ма? Қызының орнын сипап қалғандай болып, көңiлi босаң байғұс еңiреп жiберер ме едi, əлде қайтер едi?» – деп, үйдегi Шəрипасын да ойлап үлгердi. Бұл колхоздың жайлауы осы шаңырағы биiк тұрған «Сарноқай» тауының үстi. Ту сырты күмбезше қаланып бiткен құлама тiк, көш жолы бұралаң ирек салып шығады. Тау үстi тосын қараған адамға тым жақын.
«Төбесiнен қыз бұлғаған орамал.
Қылаң еттi-ау етектегi жiгiтке»,– деген əн жолдары халық арасында бекерге сақталмаса керек. «Сарноқай» тауының келбетi көз алдыңа келгенде, осы əн иесiн тапқандай, қайта жаңғырып шыға келедi. Шынында онша алыс емес, мүйiзi кесiлген өгiздiң шекесiндей болып тұрған сонау Иықтасқа iлiксең-ақ, аржағында жайлау басталады.
Күн түске тырмысқанда Арекең де Иықтастың үстiне шықты. Жайлау үстi көгiлдiрленiп, қоймалжың ауасы тынық үйiрiлiп жат- қанға ұқсайды. Тоңғақ суықпен құнысқан шағын төбешiктер шық- ты көзiн мөлдiретiп, көктемгi жылымыққа жадырай, бел көтере бастаған. Арекеңе киiз үйлер бiрден көрiне қоймады. Тағы бiраз жер шалдыруға тура келдi. Жайлау шөбi ат тұяғымен сусылдап, шым құйқасы былқ-былқ етедi. Көктем мұнда ерте келiп, жасарын жасап кеткен сияқты. Салқын самалы ырғалып еседi. Арекең шың қабағын жағалай салды. Бұжыр бетi жарықшақтана бастаған бiр зембiл тастың тұсына келгенде тап қасынан ат кiсiнедi. Оған қоса Арекеңнiң де астындағы шақпақ торы бар денесiмен селкiлдей,

шұрқырап қоя бердi. Тасты айнала берiп қарап едi, кəдiмгi өзi тiсiн басып келген зоотехник Мəмбеттiң ерттеулi құла жорғасын таныды. Атын тақымдай, қабақтан түсе бермекшi болды да, шыңға құлай жайылған бiр отар қойды көрдi. Сөйткенше болған жоқ, дəл иегiнiң астынан жас дауыстар естiлдi.
– Мəмбет!– Кəдiмгi өз Халимашының даусы.
– Ау?– дейдi əлгi зоотехник. Оған деген ашуы тарқап кетсе керек, олардың даусын естiгенде iшiнен жас балаша лепiрдi:
«Мынау Халимашымның отары ғой» деп, зембiл тастың сыртына қайта бұрылып, аттан түстi. Өздерiнiң қайда жүргенiн дəлдеп көрiп алмақшы болып тасқа өрмелей шыңға қарай мойын созып едi, бiрi таяқ, екiншiсi қамшы сүйреткен күйi бiр-бiрiне беттеп келедi екен. Ашық дауыстары шың тастарына соғылып, жаңғырып естiледi.
– Қалай, Халимаш, жайлау шөбi шүйгiн бе?
– Шүйгiн, шүйгiн,– дейдi Халимаш, аяғындағы саптама етiгiмен адымдай басып.
– Шiркiн, жайлау, өнбойыңа нəр жүгiрсе өзiнiң ғана емес, өзгенiң де рақаты ғой.
– Осы сенiң өлеңдетiп сөйлейтiнiң-ай! Рақаты рақат-ақ.
Халимаш бетiн күнге тоса қарады. Арекең бүйтiп қызының жiгiтке ашық жүз көрсетiп сөйлесуге барғанын бұрын көрген жоқ едi.
– Өлең деген жақсы нəрсе ғой, Халимаш. Əркiмнiң де көкiрегiнде өмiр бойы қайталап өтетiн бiр өлеңi болады. Бiреулер оны дауыстап айтуға құмар, бiреулер iшiнен ғана өзiнiң бойындағы бiр алтын қасиетiндей көрiп, ардақтап, жұртқа есiттiрмей айтады.
– Өлең бары рас əркiмде. Бiрақ дауыстап айтуға құмар сенi ғана көрiп тұрмын осы.
– Қайтесiң, кiнəламашы, осы үшiн. Адамда өлең болумен қатар, өзiндiк көңiл де болады емес пе? Жер бетiндегi барлық жанға қуаныш деген бiр мезгiлде келе ме? Ау, Халимаш, қозыларың тiптi марқайып кеткен бе, мен əуелде тоңғақ суыққа ұрына ма деп жүрсем.
– Тоңғақ суық тұрмақ, ызғарыңа да бой беретiн емес. Енелерiн басқа теуiп келедi.
– Апырай, ə?!
– Бiрақ сен осың үшiн таяқ жейсiң.
– Ау, кiмнен, Халимаш!

– Менiң көкемнен,– деп ер балаша бұртаң еттi де, ақ тiстерiмен ашыла бере сақ-сақ күлiп жiбердi.– Өз қатысуынсыз iстеген iске əкем қырын қабақ едi, соны айтам. Бiздiң жайлауға көшкенiмiздi естiп, қазiр шала бүлiнiп жатқан шығар. Малды суыққа ұрындырдың деп саған кəрiн төге ме деп қорқам.
– Ей, Халимаш-ай, қорқынышың қиын екен. Бұл жөнiнде басекеңнiң алдында жауапқа қысыла қоймаспын. Ол өзi түсiнетiн адам. Өткен жаз қуартып, етекте ескi шөп қалмапты. Қой баласы iлiп-шалар ештеме жоқ. Биыл күйек ерте түскен жыл ғой. Қозыларымыз да марқайып, тұяғы қатайды. Жөпшеңдi суыққа шалдыға қоймас. Жəне ауа райын зерттейтiн арнаулы орындарда республикамыздың шығыс аудандарында ыстық ерте түспек деген топшылаулар бар. Ертең колхозға жүргелi отырмын, осы дəлелiмнiң бəрiн жайып саламын да.
Арекеңнiң одан əрi қарап тұруға дəтi шыдамады. Тастан төмен түстi де, айналасындағы аспанмен астасқан жайлаудың көк өрiм белдерiне күдiк көзiмен қарап алды. Қастарына қалай баруды ойластырып та үлгiрмедi.
– Халимаш, тойымыз қашан?– деген Мəмбеттiң жарғақ даусы саңқ ете қалды. Арекең, неге екенi белгiсiз, үйдегi Шəрипадан алған əдетiндей-ақ қабағының кiржiң еткенiн сездi. «Қайдағы той?– деп күбiрлей бердi де, «Қайдан бiлейiн?» – деп сыңғырлай күлген қызының шарасыз даусын естiгенде, тiптi масқарасы шыққандай болды. Тегi, Арекең өз Халимашының бойжетiп қыз болғанын əлi мойындамайтын болса керек.
– Күзге болсын!– дейдi Мəмбет даусымен əлдеқандай салтанат құрап.– Биылғы күз бiз үшiн əрi мерейлi, əрi бақытты күз болғалы тұрған сияқты. Ойда жоқта басталған бiздiң сүйiспеншiлiгiмiзге көп болмаса да елге тарап кетiптi. Менi сыртымнан жұрт атымды атамай, немесе жаңа зоотехник те демей, бастықтың күйеу баласы дейдi екен. Атағымды дабырайтып, бұл ауылға нағыз ұрын келген күйеу мен болдым ғой. Бiрақ кiм түсiнiп, кiм бағалай алар дейсiң. Мүмкiн, басқаға жорушылар да табылар, сен бастықтың қызы болғасын дер. Сенiң қара көз, қиғаш қасың, ыстық қаны тасып төгiлгелi тұрған балғын сұлу өңiң алдындағы менiң дəрменсiздiгiм кiмге дəрi. Осы күзде өз бақытымызбен жарқ етiп көрiнейiк, Халимаш.
Осыдан кейiн олар үндемегендей болды. Артық өзiнiң ненi бастан кешiрiп тұрғанын сезбейтiн сияқты. Халимашым қайтiп тұр деген ой шымшылап кеп, оның көз алдын ғажайып сурет

басты. Мiне, ол өз қызын көрiп тұр. Оның Мəмбетке қалай қадалғанын, жүзiнен алау оты шығып, асық сезiмi көкiрегiн буып, тасып-төгiлгелi тұрған кейпiн Артық зембiл тастың сыртында тұрып толық елестете алды. Халимаштың уыз өңiндегi сəбилiк нышанының бiрi де қалмаған, тек ыстық қан түйiрiндей жаңа бiр бұрын болмаған сыр толқыны жеңiп шыққан. Ол алдындағы жiгiтке қыз көзiмен қарайды. Қыр гүлiндей ырғалып, толғанын айтады. Мұндайда бiр қалт етiп көкесiн де еске алмайды Халимаш. Өзiндегi бақыт қуанышы мен сұлу дүниесiн жанына сыйғыза алмай тұр. Сол асыл қуаныш пен сол сезiм оты оның жанын жiгiт алдында ақықтай жарқыратып тұрған сияқты.
Арекеңе ендi күтетiн ештеме қалған жоқ. Ендi кешiккен əр минуты өзiне күнə артпақ. Атына мiне салды да, сол келген iзiмен етекке қайта түсiп кеттi.
Ол күнi бастықтың жайлауға келiп кеткенiн көрген де, естiген де ешкiм болған жоқ. Тек кешiне етектен тұз артып қайтқан қойшы жiгiттен бастықтың осында бет алып шыққанына жайлаудағы ел тегiс құлақтанған-ды.
Бүгiнгi күндi Арекең өз басының қызығына айналып соққан бiр ыстық сəтiндей көрдi. Ол жайлаудан əрi елжiреп, əрi қысылып қайтты. Күнделiктi шаруашылық iстердi де ойына алмады. Өз қызының өскенiн көрiп бүйтiп арса-арса боламын деу оның мақсатында жоқ едi. Тiптi Халимаш кеше ғана ешкiнiң лағындай төсiнде ойнап, əкелiк сезiмiне жан берген нəрестесi емес пе едi. Оның қой бағып, кiсiлiк қылғанынан да ешқандай өскендiктi көрген жоқ болатын. Жаз жайлауы, қыс қыстауында жүргенде ең алдымен оның бала мiнезiн жоқтамаушы ма едi. «Көке» деп мойнына асылғанда Артық қандай қайғы-күйiнiштi болсын ұмытып, бойындағы бар асылды соған ғана берсем дейтiн. Кей-кейде əлдеқалай «оның алдында əкелiк парызың көп қой, қайсысын өтедiң?» деп өзiне-өзi сұрау қойғанында, қызының əлi жас екендiгiн, əкелiк парыз өтеуге əлi уақыт барын айтып, бəрiн соған саятын. Бiрақ солай дегенмен де əкелiк парыздың не екендiгiн өзi де жете бiле бермейтiн.
Оны оқысын, өссiн дедi, еңбекке барсын дедi. Бiрақ сол əкелiк парыз болып па? Əлде əкелiк парыз сол оқысын, өссiн деумен ғана шектелмек пе екен?
Ал Халимаш өзiнiң балалық парызын өтедi ме екен? Иə, өтеген. Тiптi оның «көке» деген бiр сөзiнiң өзi неге тұратын едi? Сол «көке» деген бiр сөзбен-ақ ол көктегi жұлдызды əпермеп пе

едi. Шəрипамен қосақтасқан көп өмiрiне көрiк берген де соның өзi.
Ендi соның бəрi жоқ болған, қайтып оралмайтын, өткен өмiрдiң бiр нəркес нұры сияқты. Сөнбейтiн, өшпейтiн нұр өзi үшiн алыстап қалған. Бiрақ ол өзiнiң кешегi Халимашы екендiгiне сенбейтiн сияқты. Жанына ең қатты батқаны осы едi.
Табиғат заңы өз қаталдығына басып, қызын қайтып алақанында аялатпайтынын түйсiндiрдi. Оған жалғас қайта-қайта бiр өкiнiш тыз еткiзiп, өзiнiң бар екендiгiн бiлдiрiп кетiп отырады.
Ендiгi əңгiме сонда ғана қалған. Жалт еткен елеске қол созған алаңғасар əрекет бар сияқты. Ол өзiнiң құс қанатты екендiгiн бiлдiрiп абайсызда ұшыпты... Арекең ешқайда бұрылған жоқ. Үй алдында ат тұяғын дүсiрлетiп келiп қалған күйеуiнiң күреңiткен жүзiн көргенде, Шəрипаның жаман есi шықты. Сауырынан тер тамшылап, аты да зорығып қалыпты.
– Құдай-ау, не бəлеге жолықты, қызымның денi-қарны сау болса екен!– деп, Арекеңнiң мiнезiне қанық Шəрипа ат тiзгiнiне жармаса iшiнен зар қақты. Iсi оңға баспай, əлдекiмнен түңiлiп қайтқанда осылай келушi едi. Бiрақ Шəрипаның ойлағанындай болмай шықты. Арекеңнiң сөзi өзiнiң өктем ырғағынан жаңылмаған екен:
– Қызың көп сəлем айтты. Биыл күзге күйеуге шығамын, қарап отырмай жасау-жабдығымды əзiрлей берсiн дейдi. Тағы бiр сəлемi: күйеуiм өзiм теңдес жас жiгiт. Ат атандырып, сүйек сындыратын мен емес, оны бiлсiн дейдi.
1962 жыл.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу