Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  85


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Мен мұқалып, мүжілдім де үгілдім...

Мен мұқалып, мүжілдім де үгілдім,
Тас түнекті бұ тірліктен түңілдім.
Опындырды басқа жайттар
Қорықпаймын,
Тым санаулы қалғанына күнімнің.
Ай туады маңдайымда шалқалап,
Қасқыр ұлыр түн жамылып, анталап.
Көк бөрінің көтергенде киесі,
Менің жырым құрар сонда
Салтанат.
Аруағым өлең оқыр ақпалап,
Зейін қояр ару қыздар ақтамақ.
Тым-тырыс боп жүрген қазір сыншы көп,
Ағаларым сонда мені
Мақтамақ.
Оранып ап желегіне жалбыздың,
Жатармын-ау оң жақта бұл жалғыз күн.
Күйігінен зорға жүрмін құсаның,
Міне осындай жайды білсең,
Хал біздің.
Қара басты тықпаладым сорға алып,
Аштырмады
Адымымды тор, қамыт.
Ианаттан имене ме,
Жүрегім –
Бүлкілдейді кеудемде сол зорға анық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу