20.06.2022
  106


Автор: Ұзақбай Доспанбетов

ТАРИХ САБАҒЫНДА

 


(Екiншi новелла)


«Лениншiл жас» газетiнiң 1978 жылғы 2-қыркүйектегi
санында менiң «Тарих сабағында» атты новеллам жарияланды.
Бiрер күн өткесiн Жазушылар Одағына кiре берiсте өзiм қатты сыйлайтын үлкенжазушылардың бiрiмен жолыға кеттiм. Ол қалың мұрты бар, əлдекiмге тiсiн басқандай ерiндерiн қатты жымқырып жүретiн адам. Ондайда қабағы да қатулы. Үнемi ойдан арылмайтын жандардың бет құбылысында жылдар қалыптастырған өзгеше

бiр өрнек бола бередi. Əрi көз алдындағыны көрiп тұрып та оның кiм, не екенiн бастағы сол ойдан бiрте-бiрте арылып барып қана ажырататын дағды жанарын, қарасын суық еткен. Əрине, алғашқы жүздескенде солай. Бұл кiсiнi жақсы танитындар оның сол кейпiнiң тасасынан көктемнiң шуағындай ақ жарқын мiнездiң де ақтарыла кететiнiн бiледi.
Ол қазiр маған бiр түрлi қатал қарады. Амандығымды да салқын алған адамша менi бастан-аяқ бiр шолып шықты.
Сəл үндемей тұрып:
– Новеллаңды көрдiм. Бiрақ оқығам жоқ!– дедi жұлып алғандай.
– Неге?
– Сол, оқығам жоқ!
Дағдарып қалған мен не дерiмдi бiлмей үнсiз тұра бердiм. Ендi ол «қайтар екен?» дегендей менi көзiнiң астымен барлай қарай бастапты. Өзiнен кейiнгiлерге алдымен зекiген болып, артынан тез жадырай салатын сол баяғы қызық мiнездерiнiң бiрi шығар дегем.
– Сонда да бiр себебi бар шығар. Дүниедегi шөп-шаламның бəрiн оқып тауысу мүмкiн емес. Ал сiздiң бұлай «оқымадым» деп кесiп айтуыңызға қарағанда, əсiресе...
– Аты нашар екен, сосын оқымадым.
– Ағасы-ау, шығарманың мəнi мен сөлi атында емес, затында жатпаушы ма едi?
– Жоқ, мынаның аты тым жаман, сосын оқымадым.
Бұл сөзiнiң де айқын түп-төркiнi қарасын шалдырмады. Қайта одан əрi құрдымға жоғалғандай. Сонда да алып-ұшпай сабыр сақтап тұра бердiм. Мұндай тоң-торыс қалпының мағынасынан бiр iлгек табуға жазушы көбiне өзi көмектесетiн. Қазiр де со- лай болды. Сəлден соң суық өңiнiң тоңы жiбiгендей бiр белгi айқындала бастады.
– «Тарих сабағында» деген атауы басқа бiр нəрсенi есiме түсiрдi. Мынау да сондай бiрдеме жайында шығар деп, iштей көңiлiм қалып оқымадым.
– Новелланың атына қарап, көңiлiңiз қаларлықтай ол не нəрсе едi сондай-ақ?
«Неғыласың» дегендей қабағын төмен салды. Байқаймын, ол ендi сондағы есiне түскен нəрсенi ойлап тұр. Жердегi қыл- қыбырға дейiн қадағалап қарағанында бiрауық сол жұмбақ жəйт- тiң тереңiн бойлап, қызығына түстi бiлем, жүзi жадыраңқы тарта бастапты.

– Айтып берсеңiзшi, мүмкiн оның мен жазған новеллаға қатысы да бар шығар.
Айтып беруге ендi өзi де қарсы емес екен. Екеумiз Жазушылар Одағына кiрмей, оның ауласында сыртта тұрып қалғанбыз. Ол сұқ саусағымен əлдененi нұсқағандай ишара жасады да əңгiмеге көштi...
Ендi жүзiнде шат-шадыман күлкi бар. Бет терiсiнiң əр жерiнде көзге əрең шалынатын кiшкене жiңiшке сызықтар жүйткiп жүр. Əр адамға тəн шабыт алдындағы көңiлдiлiк екенi айқын.
– Осы алпысыншы жылдардың басында, анық қай жылы еке- нiн ұмытып қаппын, бiр жазушы екеумiз Талдықорған облысы- ның Қоғалы ауданына бардық. Əйтеуiр ол кезде Шоқанның ескерткiшi қойылғанына көп болмаған.
Ондағы «Шоқан» атындағы колхозда сол асыл ердiң ескерткiшi орнатылған төбеден алыстаңқырап бiр көгалды сай- да қыдырыстап жүрдiк. Сонда шамасы екi жүздей-ау деймiн, ны- ғылса да одан көп емес, қой бағып жүрген бiреудi көрдiк. Мен қасымдағы жазушыға айттым: «Əй, мынау колхоздың қойы емес, колхоздың қойы десек бұл кемiнде бес жүзден асып жығылуға тиiс. Оған қоса бағылатын шопанның өз қойлары қаншаға жетiп жүр, бiлесiң ғой. Ал мынаның алдынан мен ондай нəн отарды көрiп тұрғам жоқ. Мынау сонда неғылған мал екен, бiлейiкшi» дедiм. «Бiлсек бiлейiк»,– дедi ол. Жақындап бардық. Қой бағушы бiз қатарлы аласа бойлы, төртбақтау адам екен. Жел мен күн жеген жалпақ бетi қыртыстанып түр. Киiм киiсiнде де көзге ұрып тұрған ештеме жоқ, табаны қисайған керзi етiк, брезент күртке мен шалбар. Басында трактор майы жұққандай қарайған таңбалар бар, о бастағы түсiнiң қандай екенiн айырғысыз, күнқағарының шетi мұжылған ескi кепкi. Даланың желi суырып əкеткендей көздерi де нұрсыз қарайды. Сəлемiмiзге ернiн ғана жыбырлатты. Бiздi көктен түскен адамдай көрiп, таңырқаған пiшiнiн танып тұрмыз.
– Мына баққаныңыз колхоздың малы дейiк десек, бiр отардың жартысындай да болмайды. Сонда бұл кiмнiң малы?– дедiк, бiз төтесiнен түсiп.
– Иə бұл колхоздың малы емес, осындағы мұғалiмдердiкi.– Тамағын кенеп даусы əрең шығарды.
– Сонда сiз...
– Арнайы бақташы жоқ, кезектесiп бағамыз. Бүгiн менiң кезегiм едi.– Даусы ендi ғана икемге келдi.

– Сонда сiз... мұғалiмсiз бе?
– Иə.
Бiз бiрден ештеме демедiк. Мұндайда сыр алдырмаудың көп мəнi барын екеумiз де бiлемiз.
– Қай пəннен бересiз?
– Тарихтан.
– Тарихтан ба?
– Иə.
– Ə, солай деңiз. Тарихтан деңiз.
Не сұрасақ та қой баққан мұғалiм iркiлмей жауап берiп тұр. Бет жүзiнде қаймыққан, қажыған белгi атымен жоқ. Бiз де еркiнси бастадық. Сұрағымызды да аннан-мыннан орағытып, өзiмiзше сыр тартып жатырмыз.
– Тарих деген қызық пəн ғой. Бұл пəни дүниеде не болып, не кеткенiнiң бəрiн бiлесiң. Мектебiңiзде қанша бала оқиды?
– Баршылық қой.
– Сонда да əр класта қанша баладан? Былай орта есеппен алғанда дегенiмiз ғой.
– Бiраз бар ғой.
Осылай өзi пəлендей маңызы жоқ дейтiн сұрақтарға келгенде үстiрт қана жауап беретiнi тағы бар екен. Мұндай iшi берiк, мызғымас пендеден сұрақпен ғана айла асырып, сыр тарту өте қиынға түсетiнiн мойындай бастадық. Əлден уақытта басыма қалай түскенiн бiлмеймiн:
– Анау төбенiң басындағы қарайған не өзi?– дедiм Шоқанның зиратын иегiммен нұсқап.
– Мола ғой.
– Кiмдiкi сонда?
– Жай бiреудiкi ғой!– дедi мұғалiм тағы да ол жаққа жуығысы келмегендей.
– Өзiн əдемi тастан ойып, келiстiрiп жасаған-ау деймiн. Кiм де болса тегiн адам емес, сiрə.
Мұғалiм үндемедi. Нұрсыз көздерiнiң айналасында шаруа адамының бейнетқорлығы белгiсiндей ұсақ əжiмдер сызықталып тұр. Басқаның бəрiне адал көңiлмен жауап қайырған ол тап осы тұста ғана бiздiң сөзiмiзге мəн беретiн емес. Қайта, өздерiң кiмсiңдер, қайдан жүрген жансыңдар деп, соған көшкелi тұрған пейiлiн аңғардық. Бiрақ бiз оған жiбермей ескерткiшке таңқалумен болдық. Қасымдағы жолдасым екеумiз əр қырынан келiп, əрқайсымыз өзiмiзше тамсанып жатырмыз. Тiптi аспаннан

түскендей-ақпыз. Осының алдында ғана əлдебiр тоңмойын Шоқан ескерткiшiнiң тасына қызығып, оны кесiп əкетпек болып жатқанда бiр сынығы ұшып барып, көзiне тиiп, жанарын ағызып түскесiн қоя қойғанына дейiн де естiгемiз. Бiрақ оны қалай ауызға аларсың. Бiз ештеме бiлмейтiн адамға ұқсадық қой.
Мұғалiм аузын ашатын болмағансын:
– Өзiңiз осы ауылда тұрып, ол кiмнiң бейiтi екенiн қалайша бiлмейсiз?– деп, ендi бастырмалай сұрап едiк.
Сонда ғана оның ағынан жарылардай өңi қозғалысқа келдi. Түсiне қарап iшiн тану оп-оңай, ешқандай жатып атар мысқылшыл мiнезi жоқ, өзiне құдай берген бар аққөңiлдiгiмен шын ойын, шын бiлгенiн айтып салды сонда:
– Ол осы жаққа қаңғып келiп өлген бiр арғын төресiнiң бейiтi.
Терең суға шым батып бара жатқандай болдық. Қой баққан мұғалiмнен терiс бұрылып жүре бергенде екеумiз екi жаққа лағып кетiппiз. Бiраз ұзап барып қайта түйiстiк. Ауылға кiрдiк. Көшеде он екi, он үш жасар бала ұшырасты. Оны тоқтаттық.
– Əй, кiмнiң баласысың?
– Төлепбектiң.
– Атың кiм?
– Жұқабай.
– Қай класта оқисың?
– Алтыншы.
– Математикадан кiм бередi? (Бiз сұрағымыздың мəнiсiн аңғартпау үшiн осылай алыстан бастадық).
– Кiсенбаев.
– Əдебиеттен кiм бередi?
– Ырысбаев.
– Тарихтан кiм бередi?
Осы жерде жаңағы бiз жолыққан мұғалiмнiң аты-жөнiн сап еткiздi.
– Ол сендерге сабақты қалай бередi?
– Кəдiмгiдей.
– Жоқ, кəдiмгiдей болғанда қалай, не үйретедi сендерге?
– Не үйретушi едi? Бəрi кiтапта жазулы ғой.
– Жоқ, сонда да сен анықтап айтсаңшы, былай.
Бiз ендi жаңағы мұғалiмiне ұқсатып, бұл баланы да тұс-тұс- тан шабуылдап, сыр ашпауына қоймадық. Ол бiздiң анық ненi сұрап тұрғанымызды ұқпағандай мүдiре бердi.

– Сен мынаны айт. Мысалы, мұғалiм класқа кiредi. Сосын əрі қарай не iстейдi?
– Не iстейдi? Класқа кiрген соң бiзге оқулықтың осындай бетiн аш дейдi. Бiз ашамыз. Осыдан сондай бетке дейiн оқыңдар дейдi. Бiз оқимыз. Сосын сабақ бiткенше не ұққанымызды сұрайды дедi. Мiне, сенiң «Тарих сабағында» деген новеллаң да осыған ұқсас бiрдеме шығар деп оқымадым,– деп жазушы əңгiмесiн аяқтады.
– Ағасы-ау, осыны неге жазбайсыз?
– Жазайын десем, мұғалiмдерге тиiп кете ме деймiн.
Мұғалiмнен бəрiмiз оқыдық қой.
– Атамыз қазақ ретi келгенде мұғалiм түгiл құдайын да қарғаушы едi ғой.
– Жоқ, жазбаймын,– деп қолын бiр-ақ сiлтедi.
– Ендеше, осыны маған жазуға рұқсат етесiз бе?
– Жаза ғой.
Келесi аптада осы очерктi тап осы жерiне дейiн жеткiзiп, өзiне алып келдiм. Ол бұған дейiн менiң газеттегi новелламды да оқыпты. Ал мына қолжазбаны шұқшия қарап, əрбiр əрпiне дейiн саралап шықты да сəл ойланып отырды. Кəнiгi жазушы мұның түйiнделмей тұрғанын айтты. Мен жетiлдiре түсуге уəде бердiм.
Жазушы əлi де ойланып қалды. Сөйтсем ендi ол осы тақырыптағы екi нəрсенi салыстырып отыр екен.
– Сенiң мына екi дүниең бiр-бiрiмен тiптен байланыспайды. Ортақ ештемесi жоқ. Өмiрге символика арқылы да келген дұрыс. Оның да өзiнiң өлшеусiз артықшылықтары бар. Мəселен, ана бiрiншi газеттегi новеллаңды мен пəлендей дəрiптеп тұрғам жоқ, бiрақ ол өзiнiң табиғаты жағынан соған жатады. Ал мына қолжазбаңдағы сияқты өмiрге төтесiнен де барып тұрған дұрыс. Егер қаз-қалпындағыны ара-тұра болса да қағазға түсiрiп, əрине, оны iскерлiкпен түсiре алсаң əдебиетке еш зияны тимейдi. Қайта өңiне қан жүгiргендей жараса кетерi хақ. Өмiрге философия да қажет. Бiрақ осылай оның күнделiктi қант пен шайы, ет пен майы сияқты түп тiрегiне қатысты мұқтаждарын да қозғап тұрған жөн. Көрген көз бен естiген құлақта жазық жоқ деген.
– Сiздiң осы сөзiңiз бұған түйiн болса қайтедi?


1978 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу