Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  82


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Таудай толқын ұрады

Таудай толқын ұрады
Қыспаққа алып,
Жүрегіңді суырып, ұстап қалып.
Алып кеме
Жаңқаша шырқ айналды,
Шықпайтыны белгілі,
Ұшпаққа анық.
Есі кетті капитан
Ағылшынның,
Құдай өзі алмақшы жанын сұмның.
Палубада құл-күңдер кісендеулі,
Босататын оларды
Табылсын кім?
Аттанарда порттан бір
Дандайсыған,
Бола қойсын иттікке қандай шүбәң?
Күң қолынан жұлып ап нәрестесін,
Сатты айуан,
...Айдаған ал, қайсы дәм?
Сәби кетті шырқырап,
Шарылдаған,
Сегіз айлық,
Сүттен де арылмаған.
Діннен безген сайтандар құрбан шалмақ...
Дамбалына түйеді
Арын Ғалам.
Шеше қалды
Айрылып көкірегі,
Шашын жұлып, екпеттеп өкіреді.
Айдыны асқан әбілет одан сайын,
Тепкіге сап Ананы
...Жекіреді.
Көздің жасын шыра етті –
Бар амалы,
Көңілі де, өмір де – қараң, әні.
Шерлі жанмен шерленіп дойыр мұхит,
Тулап шықты ашылып,
Бар араны.
Капитан жүр ес-тұстан адаланған,
Долы толқын долданып,
Сабаланған.
...Балықтарға жем болды байлық-ниет,
Түк те қалмай пенделік мағанаңнан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу