Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  58


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Шамдалдардың шапағына

Шамдалдардың шапағына
Шомылам,
У ішемін сезімімнің қолынан.
Шыршу шығып,
Шайқалады мына әлем,
Хауыздардың көз жасында толы қан.
«Серенада» музыкасын ойнаған,
Кім болды?» – деп, күні-түні
Ойланам.
Терезесі періштенің
Аулақта,
Қасіретті,
Көрінбейді
Ой, маған!
Қылышымның сығымдаймын
Қынабын,
Қайласызбын дәл осы сәт,
Ұғамын.
Хан сарайдың қабырғасы тұтас тас,
Екі тамшы жас боп түсті
Шыдамым.
Бейнеуі жоқ бейнемді сол
Жек көрдім,
Бағы зор ғой шатырда ұшқан кептердің.
Шындық қалай жете алмаса
Патшаға,
Мен де сондай дәрменсіздік
Өткердім.
Жер тұтқасын таба алмадым,
Қармандым,
Күйін кештім торға түскен арланның.
Жұмақ құстың қанаты бар шашында,
Біле алмадым, қайда екенін, арманның?!
Мізбақпайтын
Істемессің тасқа дым,
Көре алмадым
Мен жасайтын басқа адым.
Мұнараның ең ұшына шықтым да,
Тасқорғаннан өз-өзімді тастадым.
Қағып алдың,
Жерге бермей Аспаным,
Өзгеше өмір, өзге тірлік бастадым.
...Құлтас маған «жаз, – деп едің, – құнды өлең»,
Бұл жолы да құпиямды
Ашпадым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу