Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  62


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

БАЛҒА

Аукцион! Аукцион!
Адамды саудалаған,
«Тауар» тұрған көңілім аулаға алаң.
Күңі бөлек тізілген, құлы бөлек,
Ақсүйектер алшаңдап, қаумалаған.
Аукционшы безілдеп, марапаттар,
Көңіл түбі итіңнің қара қатпар.
Мағынасыз ғұмырды кешіп жүрген,
Құл мен күңнің жанында жарақат бар.
Мойыны, иіні бәрінің салбыраған,
Үстемдігін жүргізді
Қаржы...
Ғалам...
Тек бір әйел қолында сәбиі бар,
«Айырма, – деп, – күнімнен».
Зар жылаған.
Қара құл да сөйледі қалжыраған,
Міз бақпайды сазарып Қаржы-Ғалам.
– Бөле көрме!
Әйел мен перзентімнен...
Біз үшеуміз табыссақ «қанжығадан».
Адал болам біткенше демім менің,
Қожайыным!
Өзіңсің көгімде – Күн.
Сатып алса бір ғана плантатор,
Ал әйтпесе, мен үшін өлім де – мін.
Езу тартты
Ағылшын мысқылменен,
–Жетеді екен бұл құлда
Күш, құн деген!
Сатып алып,
Қолма-қол дүре соқты,
Қала берді
Әйелі мүскінменен.
Аукционшы сөйледі жүре қыртып,
Әлем төне түседі күреңітіп.
...Тарс етті де балғасы темір төске,
Аунап түсті сәбидің жүрегі үркіп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу