Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  95


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Мен ешкімге телефон да соқпаймын...

Мен ешкімге телефон да соқпаймын,
Барар жерге бармаймын.
Ширыққанмын…
Қылпып тұрған шоттаймын,
Қасіретті бар қайғым.
Тақымбасты
Айырылдым торыдан,
Қағып жүрмін қаңғалақ.
Қарап тұрып кез-келгеннен қорынам,
Ойға баттым сан қабат.
Жолдас болды жалғыз ғана
Адалдық,
Жыртты ағайым өңешін.
Барар жерге бара алмадық,
Бадалдық,
Шағып үміт кемесін.
Танаурап кеп тұмсығымнан шаншылдым,
Ісім бәрі шалағай.
Қаза таптым қолынан бір қаншылдың,
Еңкілдедім баладай.
Мен ешкімге бұйымтай да
Айтпаймын,
Барар жерім шалғай тым.
Бағыт алған бетімнен сол қайтпаймын,
…Ағалар көп алдайтын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу