Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  64


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Ымырт жайлап...

Ымырт жайлап,
Көшелерді бүркеген,
Сіңіп бара жаттым соған бірте мен.
Ара-кідік
Шам жарығы шалғанда,
Көлеңкемді көріп қалам,
Тіркеген.
Зорға келем сіңіріме
Ілініп,
Маңдайымды тауға соқтым
Күбініп.
Қатарласа қанденменен қаңғырам,
Ит өмірде
Итшілігім білініп.
Көңілімді кететұғын бөліп бес,
Құйымырдың күлкісі де
Елітпес.
Ой-санамның терезесін қағып тұр,
Ақыл деген адасып қап,
Келіп кеш.
Ай туыпты көтеріліп,
Маңдайдан,
Ілді шыршу шалындырып,
Шалғайдан.
Алматыдан аулақтатып,
Әкетіп,
Тартып бара жатқан мені
Қандай дәм?
Ымырт жайлап,
Күдік жайлап көкейді,
Сан сауалдар оғын миға төпейді.
...Қапы кетсем,
Қаптап жүрген қандендер,
Қаңғыбастық борышымды
Өтейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу