Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  91


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Ажарланып, ай маған сығалайды...

Ажарланып, ай маған сығалайды,
Сәуле шашып арбайды, дұғалайды.
Быжынаған кетсем-ау жұлдыздарға,
Адамдардың арасы ұнамайды.
Шәлі таққан сұлу Ай қара көктен,
Алыс еді...
Амал жоқ, ара неткен.
Мен болғанмен мүдуар сәулім, шырақ,
Сөйлескің де келмейді қарабетпен.
Ғарыш ғажап, жаһанға ұмсынамын,
Қысқа күнде бір тұрып, мың сынамын.
Быт-шыт болып күйреймін, нәшім кетіп,
Таң бозарса қайтадан құлшынамын.
Неткен сонша тірмізік, өлерменмін,
Бүгінгі күн, мен үшін – көнерген күн.
Қиялымның түбінде – таңғажайып,
Таңғажайып әлемнен өнер көрдім.
Көкке кетсем, көкжалқақ мұнарланып,
Ұшар едім биікке құмарланып.
Алла сөзі – ақиқат, ақіреттік,
Апарар ем өзіне Құранды алып.
Кешіп жатыр тірлікті көкіп-ақ көп,
Жайдақ міндім пыраққа тоқым ап кеп.
Әкет менің жанымды қойыныңа,
Құпиялы, үрейлі, Жеті Қат Көк.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу