Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  231


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Ғарыш... Ғарыш...

Ғарыш... Ғарыш...
Тылсым жұтқан Көк, Құдай,
Қалдырмашы қара жерде, шет бұлай.
Бақилықтың баршыны кім, баябан?!
Іл де әкетші, салмағым жоқ – тоқтыдай.
Рухтардың ортасында жебелсем,
Аруақпен аруақ боп теңелсем.
Бұ пәниден пәтуасыз, пәтшағар,
Ауып кетіп, жыламаңдар,
Мен өлсем.
Қызығы жоқ жалғаныңның аңдасам,
Ғайып болып, ғарышқа ұшып,
Самғасам.
Неге көрдім, жарық сені, жалтарғыш?
Тездеп барып тозақ отқа жанбасам...
Күл – күнәһар маңдайында
Өлшемі,
Азаптанды... періштемен теңшеді.
Күл дегенің таза нәрсе
Арылып,
Бәлекеттен,
Көтересің еңсені.
Ғарыш сені әкетеді ақталап,
Періштеге айналасың ақ қанат.
Бақилықтың босағасы –
Ақ зәулім,
Мәңгі сені
Әппақ етіп сақтамақ.
Ғарыш... Ғарыш...
Тылсым жұтқан Көк,
Құдай,
Қалдырмашы қара жерде шет бұлай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу