Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  98


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Ғалам мені құрсағында Тербетті...

Ғалам мені құрсағында
Тербетті,
Бұлттан жасап орап қойды жөргекті.
Қоржынына салды дағы
Құнтитып,
Ақ боз атпен аралатты жер-көкті.
Көкжиектің кеңдігіне сүйіндім,
Мақпал түннің бұйымымен киіндім.
Періштелер қасына ертіп жүргенде,
Керегі жоқ алтын деген
Үйіндің.
Есейгенде пенде еліне
Әкелді,
Сонда көрдім алғашқы рет әкемді.
Тәңір Көктің қойнындағы ғұмырға,
Қайта оралар
Туар ма екен сәт енді?..
Мына жерде бәлекетпен былықтым,
Ібіліспен індін құрып,
Ылықтым.
Жадылады басымды бір жалмауыз,
Көк елінің көсемдігін ұмыттым.
Кетті қайтып періштелер,
Түңіліп,
Әзер келем сіңіріме
Ілініп.
Құрсағында
Әлдилеген сол ғалам,
Көр кеудеме зер салады
Үңіліп..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу